Accessibility links

Адам құқығын қорғау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро: “Өткен президент сайлауы еркін әрі әділ сайлау шарттарына сәйкес болған жоқ”


Наурыздың 27-сі күні Алматыда Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюро 2005 жылы желтоқсанның 4-күні өткен президент сайлауының нәтижелеріне байланысты қортынды есебін жария етті. Аталмыш бюроның жетекшісі Евгений Жовтис: “Сайлауда қазіргі президент шынайы жеңіске жеткенімен сайлау халықаралық талаптарға сай болған жоқ” деп мәлімдеді.

“Сайлауға берілетін баға әртүрлі болуы мүмкін, ал сайлауды халықаралық талаптарға сай етіп өткізу үшін қойылатын талап біреу”, - дейді Адам құқығын қорғау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюроның жетекшісі Евгений Жовтис.

Адам құқығын қорғаушының айтуынша, сайлау кезінде саяси құқықтар мен бостандықтардың бұзылуы орын алған.

“Өткен сайлауда Қазақстан халқының басым бөлігі қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап дауыс берді. Біз бұл нәтижелерге күмән келтірмейміз. Алайда, сайлау процесі сайлауаралық кезең, сайлау алдындағы науқан мен дауыс беру кезеңдерінен тұратынын ескерсек осы кезеңдердің әрқайсысында қамтамасыз етілуге тиісті негізгі саяси құқықтар мен азаматтық бостандықтар, атап айтқанда, сөз бостандығы, ақпарат алу мен тарату еркіндігі, бейбіт жиналыс, шерулер өткізу үшін заң алдында азаматтардың теңдігі қамтамасыз етілмей қалды. Осы құқықтар мен бостандықтар заң құжаттарда кепілденіп, іс жүзінде қамтамасыз етілсе халықтың басым бөлігі қазіргі президенттің негізгі бақталасы болған оппозиция кандидатының бағдарламасымен танысқан болар еді. Мұндай жағдайда сайлау қорытындысы да басқаша болуы мүмкін еді”, - деді Жовтис мырза.

Сондай-ақ, ол бұған сайлау процесіне қоғамның бақылау жасай алмағанын да атап өтті.

«Осы аталған критерийлер өткен сайлаудың БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитетінің Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің 25-бабына жасаған жалпы ескертулерінің парламентаралық Одағының Кеңесі қабылдаған еркін және және әділ сайлаудың шарттары туралы Декларациясының міндеттемелеріне сәйкес келмегендігін көрсетеді. Осы халықаралық үлгілер мен ҚР міндеттемелерін басшылыққа алып, сайлау процесінің барлық кезеңдерін бағалап, біз өткен президент сайлауын еркін әрі әділ сайлау шарттарына сәйкес болған жоқ деп санаймыз», - деді Е.Жовтис.

Ал сайлауда тәуелсіз бақылаушы болған «Түркістан» басылымының тілшісі Нәзия Жоямергенқызы сайлау әділ болған жоқ деген пікірмен мүлдем келіспейді.

«Қазақстандағы президент сайлауы, ұйымдастырушылық деңгейі өте жоғары болғандықтан, өте жоғары деңгейде ашық әрі әділ өтті. Оны халықаралық бақылаушылар да мойындады. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Заң бұзушылықтардың кейбірі, әрине, сайлау кезінде орын алды. Мысалы, дауыс беретін кабиналардың жабық болуы деген сияқты. Бірақ, дауыс санау кезінде сайлау қорытындысына әсер ететіндей заң бұзушылықтар орын алған жоқ. Мен Қазақстанның азаматы ретінде бұл сайлауды әділ өтті деп айтар едім”, - дейді журналист.

Алайда, сайлауда өз таңдауын жасап дауыс бергендердің кейбірі бақылаудың болмағанын айтып, кімнің жеңіп шығатыны алдын-ала белгілі болды деген пікір білдіреді.

“Біз қарапайым халық сайлауға бақылау жасай алған жоқпыз. Сондықтан оның қорытындысы туралы айту қиын. Қазіргі елбасының жеңіп шығатынына ешкімнің күмәні болған жоқ. Түрлі отандық және шетелдік бақылаушылар жұмыс істеді. Солардың келтіріп жүрген деректері дұрыс шығар”, - дейді дәрігер Қазбек Төлебаев.

Былтыр желтоқсанның 4-күні Қазақстанда өткен президент сайлауының ресми қортындысы бойынша Қазақстанды соңғы 16 жылдан бері үздіксіз басқарып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаев кезекті 7 жыл мерзім қайтадан республика президенті қызметіне сайланғаны туралы жарияланды. Орталық сайлау комиссиясының ресми мәліметінде Н.Назарбаев дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 91 процентінің қолдауына ие болғаны, ал оппозициядан оған қарсы түскен Ж.Тұяқбайға сайлаушылардың 6 проценттен астамы дауыс бергені айтылған болатын.
XS
SM
MD
LG