Accessibility links

Ауруханадан шыққан оппозиция қайраткері Болат Әбілов қайтадан абақтыға отырды

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

«Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілов наурыздың 27-күні кешкісін ауруханадан шыққан қайтадан өз еркімен абақтыға отырды. Оның қорғаушысы Серікқали Мусин, Болат Әбіловтың емдеу орнында жатқан мерзімін абақтыда жатқан уақыт есебіне жатқызу туралы өтініш білдіріп, Алматы қалалық сотына және Жетісу аудандық прокурорына шағым түсіргенімен, сот оның өтінішін қанағаттандырмай тастағанын хабарлады. Енді Мусин мырза «Әбілов ауруханада жатқанда да екі күн полиция күзетінде болғандықтан сол екі күнді есепке алып, жалпы отыратын мерзім қысқартылуы керек» деп шағымданып отыр.

Осы айда ғана ресми тіркеуден өткен оппозициялық бағыттағы «Нағыз Ақ жол» партиясы басшыларының бірі Болат Әбілов, 26-ақпанда Алматының орталығында өзінің саяси серігі, белгісіз қаскүнемдердің қолынан қапыда қаза болған Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісін еске алу митингісін ұйымдастырушы ретінде айыпталып, сот шешімімен 15 күнге абақтыға қамалған болатын. Сонда аштық акциясын бастаған соң, арада бірнеше күн өткенде оның денсаулығы нашарлап, ауруханаға жеткізілген Б.Әбілов енді қайтадан абақтыға отырды.

«Ем алып шыққан соң бүгін ол өз еркімен абақтыға қайта келіп отырды. Осыған байланысты біз сотқа және Жетісу аудандық прокуратурасына арыз-өтініш жазып, Болаттың емдеу мекемесінде жатқан уақытын абақтыда жатқан уақыт есебіне жатқызуын өтіндік. Бірақ, сейсенбі күні сот Б.Әбілов мырзаның өтінішін қанағаттандырмай тастады. Денсаулығына байланысты оны босатпады. Бірақ, біз қазір екінші шағымды тапсырып жатырмыз. Жексенбі күні «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы жиналысын өткізді ғой. Сол күндері 4 полицей - екеуі сыртта, екеуі іште - Болатты сол жиналысқа қатысып қоймасын деп күзетіп тұрды. Сол екі күнді қамаудың есебіне алып, түрмедегі отыратын жалпы уақыттан алып тастауын өтініп, қалған алты күнді төрт күнге дейін қысқарту туралы арыз жазып отырмыз», - деді адвокат С.Мусин «Азаттық» тілшісіне наурыздың 28-күні.

28 ақпанда Алматы қаласының ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соты, қазақстандық оппозицияның белді мүшелерінің бірі - Болат Әбіловты 5 күнге соттаған болатын. Оған «26-шы ақпанда Алматыда рұқсат етілмеген митинг ұйымдастыру арқылы әкімшілік тәртіпті бұзған» деген айып тағылған еді. Келесі күні мұны азырқанған Бостандық аудандық прокуроры Қалиәкперов қарсы шағыммен Болат Әбіловке белгіленген жаза мерзімін 15 тәулікке дейін ұлғайтуды сұрап, қалалық сот прокурордың ол талабын қанағаттандырды. Алайда, бұл екі арада Әбілов мырзаның қайын енесі қайтыс болуы себепті, оны жерлеп, ырым-жоралғысын өтеу үшін, Алматы соты оны 2-ші наурыз күні 10 тәулікке қамаудан босатқан болатын. Ал, 13-наурызда абақтыға қайта оралған Әбілов мырза сот шешіміне наразылық ретінде, аштық акциясын жалғастырған еді. Бірақ, аштық акциясының жетінші күні, яғни 19-наурызда, оның денсаулығы күрт нашарлап, қан қысымы төмендеп, ағзасының әлсіреуіне байланысты оппозиция қайраткері ауруханаға жатқызылды. Бір жеті емдеу мекемесінде денсаулығын түзеген Болат Әбілов наурыздың 27-күні кешке өз еркімен абақтыға қайтадан келіп отырды.

Алматы әкімшілік соты ақпанның 26-сында Алматыдағы Республика алаңында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған жиынға қатысқан оппозиция белсенділерін «рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырды» деген айыппен әкімшілік жауапқа тартып, 7 адамды әртүрлі мерзімге (5-15 тәулікке) абақтыға қамауға және бесеуіне әкімшілік жаза ретінде әртүрлі мөлшерде айыппұл салу туралы шешім шығарған еді. Оппозиция қайраткерлерінің бәрі де абақтыдағы кесімді жазаларын өтеп, бостандыққа шыққан болатын. Әзірге қамауда қалғаны тек осы Болат Әбілов мырза ғана.
XS
SM
MD
LG