Accessibility links

Рахат Әлиев өзіне жала жапты деп, ұлттық қауіпсіздік қызметінің отставкадағы офицерін сотқа берді

  • Гүлмира ХАМЗА

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен күйеу баласы, Қазақстанның сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рахат Әлиев, өзіне Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің запастағы полковнигі Арат Нарманбетов «аса ауыр қылмыс жасаған деген жала жапты» деп, оны сотқа берді. Әлиевтің атынан тиісті шағым-арызды Алматы қаласы Медеу аудандық сотына тапсырғанын наурыздың 28-күні Әлиев мырзаның сенімді өкілі «Азаттық» тілшісімен болған әңгімеде растады. Бұл даулы іске Қазақстанда жарық көретін “Айна плюс” апталық газетінде жарыққа шыққан екі бірдей мақалада ҰҚК запастағы офицерінің айтқан сөздері түрткі болып отыр.

Бұл мақалада қастандық құрбаны болған оппозиция қайраткерінің өліміне қатысы бар адам ретінде аты-жөні аталғанын өзіне тағылған жала деп қабылдаған Рахат Әлиев мырза өзіне жала жапқан азаматтарды сот арқылы жауапқа тартпақшы.

«Осы мақсатта біз Алматы қаласы Медеу аудандық сотына шағым түсірдік, енді сот қашан шақыратынын күтіп отырмыз, ал бұл шақыру қашан болатынын білмейміз», - деді Р.Әлиевтың адвокаты әрі сенімді өкілі Любовь Балмағамбетова наурыздың 28-күні «Азаттық» тілшісіне.

Рахат Әлиев сот алында жауапқа тартып отырған Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің запастағы полковнигі Арат Нарманбетов, үстіміздігі жылдың ақпан айының 23-інде “Айна плюс” газетінде және “Нағыз Ақ жол” партиясының Интернеттегі сайтында жарияланған сұхбатында, қазақстандық оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне Рахат Әлиевтің қатысы бар деген ақпараттың тарап отырғанын айтқан.

«Сөйтіп, Нарманбетов маған аса ауыр қылмыс жасады деп, жала жапты» делінген Рахат Әлиевтың сотқа түсірген арызында. Өз кезігінде Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің запастағы полковнигі Арат Нарманбетов, Рахат Әлиевті кінәлі деп айтпағанын, тек өз жорамалын жеткізгенін айтады.

«Мен кінәсіздік презумпциясын бұзған жоқпын. Ең алдымен бұл ережені Қазақстанның Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов бұзды десек болады. Себебі, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серігінің өлімін зерттеу барысында өткізген баспасөз мәслихатында Б.Мұхамеджанов «адам өлтірген - Ибрагимов, ал ондай тапсырыс берген - Өтембаев деген» болатын. Бұл уақытта министр олар «күдікті» деп айтпады. Ал негізінен кім кінәлі екенін тек сот қана анықтайды ғой?! Сол себептен мен республиканың ресми орган өкілдері осындай ақпарат таратып отырғаннан кейін, бұл өлімге Рахат Әлиевтің қатысы жоқ деп мәлімдегеннен кейін, осындай ойымды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізгім келді», - деді Арат Нарманбетов «Азаттық» радиосына.

Егер Арат Нарманбетов сот арқылы жауапқа тартылса, онда оппозициялық “Айна плюс” басылымының да жағдайы қиындай түседі, дейді журналист әрі саясаткер Ермұрат Бапи.

«Менің пікірімше, полковник Арат Нарманбетовтың “Айна плюс” газетіне берілген сұхбатында Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктестерін кім өлтіргені жайында тек болжам жасалған. Осы болжам бойынша, полиция сақшылары, тергеу орындары арнайы тексеріс жүргізсе, осының нәтижесінде айтылған болжам анықталмаса сол кезде барып, сотта дәлелденбесе ғана Рахат Әлиевтің азаматтық тұрғыда Арат Нарманбетовпен соттасуға құқы бар. Ал негізінен Рахат Әлиевтың жазған арызында «жалпыға белгілі деректерге қарсы мені жазғырып отыр» деген сөздер бар. Ал жалпыға белгілі қандай деректер бар? Мен, мәселен, ондай «жалпыға белгілі деректерді» білмеймін. Менде тек өзімнің болжауым бар. «Жалпыға белгілі деректі» тек Рахат Әлиевтың өзі ғана біледі», - дейді Е.Бапи.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы, Бельгия Корольдігінің Сыртқы істер министрі Карл Де Гюхт, дүйсенбі күні Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен және Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевпен кездесуі кезінде саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өлімі туралы әңгіме қозғағаны жайында айтты. Әңгіме барысында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Қазақстан тарабына бұл қылмыс толыққанды зерттелгені және оның нәтижесі ашық болғаны жөн дегенді айтқан.

Биылғы жылғы ақпанның 13-інде Алматы маңында республикадағы оппозиция қайраткерлерінің бірі, Қазақстанның бұрынғы ақпарат министрі, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның оққағары мен көлік жүргізушісінің қолдары артқа байланған күйі атып өлтірілгені мәйттері табылған болатын. Тергеу ісі бойынша бұларды, А.Сәрсенбайұлын жеккөргендіктен Сенат аппаратының жоғары лауазымды шенеунігі арнайы кісі жалдап, атуға тапсырыс берген деген ресми ақпарат таратылды. Бұл байламды парламент алдында сөйлеген сөзінде президент Н.Назарбаев та қуаттады. Бірақ, қазақстандық оппозиция бұл мәліметтерге сенімсіздікпен қарап, қаза болған саясаткерлердің өліміне шынайы кінәлі адамдарды тауып, оларды жазалауды талап етумен келеді.
XS
SM
MD
LG