Accessibility links

Өзбекстан президенті ресми сапармен Оңтүстік Корея еліне жолға шықты

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Бұл сапар бағдарламасы негізінде, президент Ислам Кәрімов Оңтүстік Кореялық басшылықпен жоғары дәрежелі кездесулер өткізіп, келіссөздер жүргізетін болар. Жалпы алғанда, Оңтүстік Корея Өзбекстанға инвестициялық қаржысын молынан енгізіп келе жатқан елдердің бірі екендігі белгілі.

Жалпы бұл Өзбекстан елбасы И.Кәрімовтың Оңтүстік Кореяға осымен 4-ші реткі сапары. Талдаушалардың болжамына қарағанда, Ислам Кәрімов бұл сапары кезінде өзінің экономикасы күрделі еліне Оңтүстік Кореядан барынша мол инвестиция тартуды мақсат етіп отырған көрінеді. Сонымен қатар, әрине, әсіресе былтырғы Әндіжан қырғынынан кейін батыстағы беделі нашарлап, жалғызсырай бастаған Өзбекстанға Азиялық тағы бір елдің саяси қолдауы да өте қажеттігі белгілі. Әндіжан қырғынынан кейін Кәрімов қолдау сұрап алдымен Қытайға, кейін Ресей мен Қазақстанға да барды. Тәуелсіз экономист Әлішер Тақсанов сапар жөнінде былай дейді:

«Президент Кәрімов саяси қолдау табу үшін бара жатқандығы аян. Себебі, оның Әндіжандағы мейрімсіздік әрекеті үшін кезінде Еуропа да, АҚШ та сынады, айыптады. Ендігі үміт осы Оңтүстік-шығыс Азиялық кей елдерден ғана болып отыр. Оның үстіне, Оңтүстік Корея, Қытай және Өзбекстанға экономикалық көмек ұсынғанда демократия, адам құқықтары жөнінде бірер шарт қойған емес».

Халықаралық қаржы орталықтарының Өзбекстанға деген көзқарасына келсек, Әлем банкі наурыздың 16-сында Өзбекстанға жаңа несие беруді тоқтатамыз десе, Еуропа даму және қайта құру банкі сонау 2004 жылдан бері, адам құқының өрескел бұзылуына байланысты Өзбекстанға несие беруді доғарған.

Сонымен, президент Кәрімовтың бұл сапарындағы негізгі мақсат – шетелден саяси қолдау және инвестиция тарту болып тұр. Мұны өз есімін атауды қаламаған Тәшкендегі бір шетелдік банк қызметкері де растайды.

«Өзбекстандық делегация Корей еліне барынша молырақ инвестиция тартпақ мақсатта бара жатыр. Ал шындығына келсек, өзара байланысты нығайту оңайға түсе қоймас», - дейді банкир ханым.

Жалпы алғанда, Кореялық Когурио династиясы сонау 7-ші ғасырдың өзінде-ақ Самарқан хандығына өз эмиссарын жіберген екен. Ал Тәшкент пен Сеул арасындағы жаңа дипломатиялық байланыс 1992-жылдан басталып отыр. Бұл арада Оңтүстік Корея Өзбекстан экономикасына 1 млрд доллар енгізіп үлгерген. Сондықтан президент Кәрімов «Оңтүстік Корея - біздің ең жақын серік» дегенді жиі айтады.

И.Кәрімов заңды айналып өтіп, Кореялық азамат Ким Тае Боңды 2003 жылдан бері өнеркәсіп министрінің орынбасары қызметінде ұстап отыр. Оңтүстік Кореялық DAEWO компаниясының Өзбекстанда, жалпы Орта Азия аймағындағы құрған 1-ші автозауыт қазір жұмыс істеп жатыр. Телебайланыс базарын дамытып, мақта өңдейтін фабрика салды. Дегенмен DAEWO корпорациясы 1998-жылдан бері қаржылық дағдарысқа ұшырап отыр екен. Сондай-ақ, текстиль компаниясы да кері қайтып бара жатқан көрінеді. Оған себеп - өзбекстандық ресми басшылық олардың шаруасына жиі араласып, жұмыс істетпейді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық жоғары деңгейде екен. Экономист Тақсановтың айтуынша, Оңтүстік Кореяның Өзбекстанмен өзара байланысына Өзбекстанды мекендейтін 230 мыңдай кореялық та тікелей себепші көрінеді. Тіпті, Оңтүстік Корея президенті сол отандастарының жағдайы, оларды қолдау жөнінде президент Кәрімовқа тікелей өтініш те жасапты.

Сондай-ақ, Оңтүстік Корея Өзбекстаннан жыл сайын 15 мыңдай жұмысшы мигранттар қабылдайды екен. Ал заңсыз жолмен баратын өзбектердің бейресми саны тіпті жүз мыңдап есептеледі екен.

Дегенмен, Өзбекстандағы нарықтық экономика реформасының нашарлығынан, Оңтүстік Кореядан аса мол инвестиция тартуға мүмкіндік бола қоймас деген күдігін айтады экономист Әлішер Тақсанов.
XS
SM
MD
LG