Accessibility links

АҚШ: Әл-Қаида мүшесі 11-қыркүйек шабуылын ұйымдастыруға Осама бин Ладеннің тапсырыс бергенін мойындаған


АҚШ-та түрмеде отырған және ісі сотта қаралып жатқан Әл-Қаиданың мүшесі Закария Моссауи 2001 жылғы 11-қыркүйек шабуылы жайында білгендігін және өзінің Ақ үйді көздеп ұшқан ұшақтың ішінде болуы тиіс болғанын бірінші рет осы дүйсенбі күні мойындады. Моссауи 11-қыркүйек күні ұшақты Ақ үйге қарай бағыттап айдап әкету жөнінде Әл-Қаиданың жетекшісі Осама бин Ладеннің өзі тікелей бұйрық бергендігін айтқан. Осылайша, ол террорлық шабуылдың қай күні жүзеге асырылатындығы жөнінде алдын-ала білгендігін алғаш рет мойындап отыр.

Сол жылдың тамыз айында тұтқынға алынған, шыққан тегі мароккалық француз Закария Моссауи бұған дейін өзінің сотта берген жауаптарында Нью-Йорк пен Вашингтонға жасалған террорлық шабуылға ешқандай қатысым болған жоқ деп мәлімдеп келген болатын. Сөйтіп, АҚШ-тың Нью-Йорк пен Вашингтон қалаларында 3 мыңдай адамның ажалына себеп болған террорлық шабуылдармен мүлде байланысым болмады деген жауаптан танбаған.

АҚШ прокурорларының оған тағылып отырған айыптарды дәлелдеу үшін көп күш-жігер жұмсауына тура келді. Швециядағы ұлттық қорғаныс институтының терроризм сарапшысы Магнус Рансторп бұл тұрғыда былай дейді:

- Мұнда кейбір жаттығудан өткен немесе өтуі мүмкін үкіметтік куәгерлер болса керек. Судья мұны қатты назарға алып, не болмаса санкциялаудың ұсынылуға тиіс сыни бөлігін мүлде алып тастаған болуы керек.

Алайда дүйсенбі күнгі жауап беру барысында Моссауи айқын және aнық түрде сөйлей келе, өзінің террорлық шабуыл турасында білгенін ғана емес, оны дайындау барысына да қатысқандығын жасырған жоқ. Моссауи егер өзі ұсталып, тұтқындалмаған жағдайда 2001 жылғы 11-қыркүйек күні өзінің Ақ үйді нысанаға алған бесінші ұшақтың ішіндегі жанкештінің бірі боларын да айтқан. Моссауи осылай деп айта келе, Ақ үйдің ғимаратын қирату жөнінде арманының барлығын Осама бин Ладенмен ақылдасып, талқылағанын және бұны орындау үшін Бин Ладеннен бата алған едім деген.

Моссауидің бұл мойындау жауаптары оған өлім жазасын кесуге себеп болуы әбден мүмкін. Бұған қоса бұл АҚШ прокурорларының 11-қыркүйек шабуылы бойынша жүргізген тергеу-тексерулері барысында үлкен табысқа жеткенін және ол операцияның Осама бин Ладенмен тікелей байланысы болғандығының айғағын тапқандарын көрсетеді.

Дегенмен де бұл тұрғыдағы жалғыз ғана ыңғайсыз бір сұрақ Моссауи қаншалықты дәрежеде сенімді куәгер дегенге келіп тіреледі. Британиядағы университет сарапшысы Крис Беллами мынандай түсініктеме береді:

- Бұл үлкен алға жылжушылық, өйткені Бин Ладеннің қатысы және оның қайда екендігі әр уақытта да күңгірт, белгісіз болып келген-ді. Ал енді болса, сотта бір адам болса да, иә, мен одан тікелей тапсырма алдым деп айтты, мұның өзі ерекше жайт. Бірақ мен бұл мойындау шындық па, болмаса жалған ба, ол жөнінде сенімді түрде ешнәрсе айта алмаймын.

Міне, дәл осындай пікір көзқарасты Магнус Ранстроп та аңғартып, ол Моссауидың мойындау жауаптарының кенеттен пайда болғандығына назар аударады.

- Бұл мойындаулардың құны қандай боларын анық айта алмаймын, мүмкін тіпті ондай іс мүлде болмаған да шығар. Сіз бұл арада ықтимал өлім жазасын қысқарту жағдайын қарастырған істі де байқауыңыз мүмкін. Әйтпесе, неге біреу мұндайды мойындаған болар еді? - дейді талдаушы.

Дегенмен де қандай ой-пікірлер айтылғанына қарамастан, Крис Беллами Моссауи соты терроризм жағдайымен байланысты сот ісінің ашық жүргізілгені пайдалы, тиімді екендігін көрсетеді және мұның өзі Американың Гуантанамодағы абақтысын жауып, ондағы тұтқындарды азаматтық сотқа тарту қажет дейтіндердің пікірлерін біршама жанданырып, ақтай түседі деген ойын келтіреді.

Өз кезегінде Моссауи болса, тағдырының тек бір Алланың қолында екендігіне сенімділігін айтқан.
XS
SM
MD
LG