Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.29.2006 жыл


Наурыздың 29-күні жарық көрген қазақстандық басылымдар республика президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Қазақстандағы демократия мен азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы жайында жазған. Кейбір басылымдарда бұл отырысқа оппозиция өкілдерінің келмегені сынға алынса, екінші бір басылымдарда мемлекеттік комиссия отырысына барлық саяси партия өкілдері қатысуы керек, сонымен қатар отырыста айтылған ойлар толыққанды бұқараға жеткізілуі керектігі жайында жазған.

Наурыздың 29-күні жарық көрген “Егемен Қазақстан”, “Аргументы и факты Казахстан”, “Айқын” және “Литер” басылымдары өз бетінде өткен жұма күні Астанада болған Қазақстандағы демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысына назар аударыпты.

“Егемен Қазақстан” газеті Семей қаласындағы үкіметтік емес ұйымдардың қалалық қауымдастығының жетекшісі Сұлтан Қартоевтың мақаласын жариялаған. Мақала авторы олардың қауымдастығы «республиканың сыртқы және ішкі саясатын насихаттап, ел президентінің қазіргі ұстанып отырған сара бағытына қолдау білдіргенді өздерінің абзал борышы деп санайтындығы» жайында жазған. Қауымдастық жетекшісінің айтуынша, «республика президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде халықаралық тұрғыда қабылданған стандарттарға сәйкес үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс істеу жағдайларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шараларды дәйектілікпен іске асыру қажет екендігін атап өткен. Осы мәселені айта келе, Семей қаласындағы үкіметтік емес ұйымдардың қалалық қауымдастығының жетекшісі президент айтқан ұсыныстар арқылы “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білгенге не жетсін!” деп жазған.

Мемлекеттік комиссия отырысында республика президентінің Сыртқы істер министрлігіне арнайы тапсырма бергені туралы “Аргументы и Факты Казахстан” газеті де жазыпты. Енді Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің мамандары демократиясы дамыған елдердегі жалпы жағдайды сараптайтын болады. Сонымен қатар, “Аргументы и Факты Казахстан” басылымының хабарлауынша, президент парламент ролінің, саяси партиялардың белсенділігі арттыру керектігі жайында айтқан, үкіметтік емес ұйымдарға және Қазақстан халықтары Ассамблеясына қолдау көрсету қажеттігі туралы айтқан.

Мемлекеттік комиссияның бюджеттік администраторы болып Ермұхамет Ертісбаев басқарып отырған Мәдениет және ақпарат министрілігі тағайындалғаны жайында «Айқын» басылымы жазып отыр. Газеттің соңғы санында Ермұхамет Ертісбаевтың республикадағы қоғамдық ұйымдардың басын біріктіріп отырған “Азаматтық Альянстың” мүшелерімен болған кездесуі жайында жазған. Республикадағы оппозициялық күштердің Қазақстандағы демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысына келмегенін “Отан” партиясының төраға орынбасары қызметін атқарушы Бахытжан Жұмағұловтың сынға алғаны жайында “Литер” басылымы жариялап отыр. Б.Жұмағұловтың айтуынша, «соңғы жылдары оппозиция өкілдері республикадағы азаматтық қоғамды дамыту мен демократияны жандандыра түсу үшін ұйымдастырылған тұрақты комиссияның отырысына қатыспады, себебі олар бұл отырысқа республика президенті келуі керектігі жайында айтты. Енді мемлекеттік комиссия отырысын президент өзі басқарғанда, нақты ұсыныстар жасалғанда оппозиция өкілдері тағы да келмеді. Оппозиция өкілдерінің бұл әрекетін мен негізсіз деп санаймын» деген өз сөзінде Бахытжан Жұмағұлов. Бірақ, сөз соңында “Отан” партиясының төраға орынбасары қызметін атқарушы Бахытжан Жұмағұлов оппозициялық партия жетекшілері мемлекет болашағын ойласа, олар конструктивті диалогка бару керектігі жайында айтқан, бұл қадам арқылы Бахытжан Жұмағұловтың ойынша, оппозиция өкілдері Қазақстан болашағына, демократияның дамуына үлес қосады.

Ресми Астана мемлекеттік комиссияның отырысы барысында жіберген қателері туралы Қазақстандағы Адам құқығын қорғау және заңдылықтың сақталуын бақылау жөніндегі бюро жетекшісі Евгений Жовтистің пікірін “Навигатор” интернет басылымы жазып отыр. Бұл пікір Қазақстан оппозициясының жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың пікірімен сай келіп отыр. Біріншіден, оппозиция өкілдерінің айтуынша, бұл отырысқа саяси партиялардың барлығы қатысуы керек. Екіншіден, бұл отырыста айтылған оппозициялық бағыттағы немесе ресми Астана саясатын қолдап отырған саясаткерлердің пікірі тең дәрежеде бұқараға жеткізіліп отырылуы керек.
XS
SM
MD
LG