Accessibility links

Наурыздың 28-і күні Қазақстан мен Қытай арасында «Майқапшағай-Жеменей» шекаралық сауда орталығы ашылды. Бұл Қазақстан тұрғындарына рұқсат қағаздарын рәсімдемей-ақ Қытайдағы Шәуешек қаласы аумағында бір күн ішінде Қытай тауарларын сатып алу үшін еркін ену мүмкіндігін береді. Бұл туралы «Азаттық» радиосына Шығыс Қазақстан облысы әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ал бұл шараны құп көріп отырған Қазақстандағы Қытай елшілігінің өкілдері жыл сайын екі ел арасында сауда қарым-қатынасы жедел дамып, былтырғы жылы жалпы сауда айналымы 5 миллиард АҚШ долларынан асқандығын хабарлады. Дегенмен, сарапшылар Қазақстан өз өндірісін дамытпаса, қытай тауарлары тасқыны астында қалу қаупі бар екендігін де айтады.

Шығыс Қазақстанның «Майқапшағай» кеден бекетінен бірнеше шақырым жерде орналасқан Қытайдың Шәуешек қаласы маңында бір күндік визасыз сауда-саттық жасауға мүмкіндік беретін орталық ашылды. Бұл орталық туралы наурыздың 29-ы күні «Азаттық» радиосына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекші маманы Айдар ЫБЫРАЕВ былай деп хабарлады:

- Бұл шара «Майқапшағай-Жеменей» шекара аралық сауда орталығындағы сауда қызметін дамыту мақсатында ҚХР Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданы Алтай округінің администрациясы мен Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінің қаңтардың 26-сындағы келісіміне сәйкес жүзеге асты. Бұл орталыққа Қазақстан азаматы күәлігін көрсеткен адам кіре бере алады. Бұл орталықтың ашылуына Алтай округінің губернаторы және осы іске қызығушылық танытқан Ресей Федерациясының ресми өкілдері қатысты.

Айдар Ыбыраевтың сөзіне қарағанда, мұндай орталықтардың ашылуы көрші мемлекетпен сауда қарым-қатынасын нығайтып қана қоймайды, қатардағы кәсіпкерлер үшін де тиімді болмақ.

- Бұл орталықтан 50 киләға дейін және АҚШ-тың 1 мың долларынан төмен тауарды баж салығын төлемей-ақ алып шығуға болады. Тауар ортылығының аумағына 50 мың теңгеге дейін тауарды баж салығын төлемей, 80 мыңға дейінгі тауарды жеңілдетілген салық түрі бойынша енгізуге болады. Ал егер тауар бағасы 80 мыңнан жоғары болса, онда ҚХР салық заңдылықтарына сәйкес ақысын төлейді, - деді ШҚО әкімдігінің өкілі.

Ал Шәуешек қаласында туып-өскен журналист әрі кәсіпкер Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ мұндай сауда орталығының ашылуы мәденеи жағынан да оңды құбылыс деп есептейді.

- Шәуешек қаласы – бұл ежелден қазақ сахарасындағы екінші тармағындағы үлкен қалалардың бірі. Ол - Семейге жалғасатын, Семей арқылы Батыс Еуропаға солтүстік бағытпен кететін Жібек Жолындағы ірі тарихи қала. Бұл қалаға бір күндік саяхат ретінде өткелдің ашылып жатқаны - ежелгі сауда желісінің қайта қалпына келуі, - деген пікір айтады А.Ахметбекұлы.

Өз тараптарынан мұндай еркін сауда аймағының ашылуын құптайтындықтарын Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілік қызметкері Айджі ЧЕН де айтып отыр.

- Әрине, біз екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың динамикалық дамуын қоштаймыз! Меніңше, бұл қазақтандықтар үшін де, қытайлықтар үшін де қолайлы. Мысалы, былтыр біз сауда айналымы көлемі бойынша екі ел басшылары алдындағы міндеттерімізді мерзімінен бұрын орындап, жалпы сауда айналымы 5 миллиард АҚШ долларынан асып кетті, - дейді Қытайдың Қазақстандағы елшілік қызметкері.

Алайда, статистикалық деректерге сүйенсек, мұндай сауда айналымы негізінен импорт есебінен жүзеге асып отырғаны байқалады. Мәселен, былтырғы жылы Қытайдан әкелінетін тауар көлемі сол елге Қазақстаннан әкетілетін тауар мөлшерінен 8 есеге артық шықса, 2005-ші жылдың алғашқы жартысында-ақ Қытайдан тауар әкелу 46 пайызға артқан. Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы ресми көрсеткіштен әлдеқайда көлемді деп есептейді кәсіпкер Алмас Ахметбекұлы. Оның айтуынша, Қазақстан көрші ел үшін тұтыну базарын қалыптастырып қана қоймай, белсенді түрде Қытайға тауар шығарумен айналысқаны тиімді болмақ.

- Егер қазір қолға алынып жатқан технопарктер дұрыс жұмыс істеп, кластерлік жүйелер өз нәтижесін бере бастайтын болса, біздің елімізге үлкен базар керек болады. Ол үшін Қытайда өндіруі шамалы, бірақ олар қажет ететін шикізаттың бір немесе екінші мәрте өңделген түрлерін Қытайға экспорт жасауға болады. Қытай - әлемдегі ең үлкен базарлардың бірі. Сондықтан, өзіміздің елдегі ғылымды, мәдениетті, өндірісті, халықтың ғылыми-техникалық өнідірістік қабілетін дамыту арқылы біз бұны өзімізге икемді түрде пайдалануға мүмкіндіктеріміз өте көп. Егер біз өзіміздегі ғылымды, технопарктерді, ғылымды дамытпасақ, онда біз Қытай тауарларының астында қалып, Батысқа қарай жүретін транзиттік жолға айналуымыз мүмкін, - дейді қазақстандық кәсіпкер.

Алайда, Қазақстанның жуық арада Қытайға экспортқа тауар шығара қоятынына халықаралық экомикалық қарым-қатынас маманы Болатхан ТАЙЖАН күмән келтіреді. Оның пікірінше, бұл ретте Қазақстанда дұрыс саясат жүргізіліп отырған жоқ.

- Ең алдымен сіздер өкіметтен жергілікті экономиканы дамытуды талап етуілеріңіз керек. Мысалы, құрылыс материалдарын алайық. Қазақстанның өзінде оларды шығаруға болады. Бірақ, қазір соның бәрін Қытайдан тасиды. Ол үшін Қытай емес, өзіміздің үкіметіміз кінәлі! – дейді Б.Тайжан мырза.

Бүгінде «Майқапшағай - Жеменей» сияқты Қытай мен Қазақстан арасындағы еркін сауда аймағының ашылуына Ресей тарапы да қызығушылық танытып отыр. Сондықтан, бұл сауда дәлізін Ресейдің Алтай өлкесінің тұрғындары да жуық арада пайдаланады деп жоспарланған. Қазақстанның ресми орындары мұндай еркін сауда жасау формасы үш елдің экомикасының дамуына ықпалын тигізеді дейді.
XS
SM
MD
LG