Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.30.2006 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген мерзімді басылымдар мен кейбір интернет парақтарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің запастағы полковнигі Арат Нарманбетовты сотқа бергендігіне байланысты мақалалар жарық көріпті. Сондай-ақ кейбір басылымдар үкіметтегі болған соңғы өзгерістерге баса назар аударыпты.

“Куб” интернет-парақшасында жарық көрген ақпараттар ағымында Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтың Ұлттық қауіпсіздік комитетінің запастағы полковнигі Арат Нарманбетовты сотқа бергендігі хабарланыпты. Осы интернет парақшада жарық көрген Арат Нарманбетовтың қысқаша сұхбатында бұл істің Медеу аудандық сотында қаралатындығы айтылыпты. Арат Нарманбетовтың айтуынша, президенттің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтің бұл істі сотқа беруіне оның “Айна плюс” газетінде жарық көрген мақаласы себепші болған. Сондай-ақ ол заң орындары қызметкерлерінің оның ауруханада жатқанына қарамастан қайта-қайта мазалай бергендігін де әңгіме қылыпты.

“Свобода слова” газетінде жарық көрген “Рахат шабуылды бастады” деген мақалада да осы тақырып сөз болыпты. Газет тілшісіне берген сұхбатында Арат Нарманбетов өзінің сотқа үлкен дайындықпен баратындығын айтыпты. Атап айтқанда, Арат Нарманбетов бұл сотқа халықаралық қауымдастықтын назарын аударуды көздеп отыр. «Егер осы сотқа Рахат Әлиевтің өзі қатысса мен қатты қуанар едім. Біреулердің айтуынша, Рахат Әлиев осы оқиғадан кейін шетелге кетіп қалған көрінеді. Мен сот кезінде Рахат Әлиевтің көзіне тура қарағым келеді. Қалай болған күнде де біздің екеуміз де Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің бұрынғы офицерлеріміз ғой», дейді А.Нарманбетов “Свобода слова” газетіне берген сұхбатында. Сондай-ақ ол Қазақстанда көптеген мәселелердің сот процесінен басталып, оның ақырының қайғылы жағдайға ұласып жататындығын айтып, осы сөздеріне дәлел ретінде Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұылы сынды саясаткерлердің жұмбақ өлімдерін мысалға келтіріпті.

Осы дау-дамайдың пайда болуына себепші болған “Айна плюс” газеті де бұл тақырыпқа баса назар аударыпты. Газеттің бірінші бетінде Арат Нарманбетовтың ауруханадан шыға салысымен “Айна плюс” газетіне бас сұғып, біраз жайттарды айтқандығы баяндалыпты. Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімінің қоғамда үлкен дау туғызып жатқандығын тілге тиек еткен А.Нарманбетов бұл іске байланысты аты айтылған Мемлекет басшысының туған-туысқандарын да тексеруден өткізу қажеттілігіне айрықша тоқталыпты. Сонымен қатар А.Нарманбетов Мемлекет басшысының үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтің шағым-арызы бойынша өтуге тиіс сот мерзімінің 7 сәуірге белгіленгендігін айтып, денсаулығына байланысты оны кейінге қалдыру туралы өтініш жасауы мүмкін екендігін хабарлапты.

“Время”, “Жас Алаш” және “Түркістан” газеттерінде үкіметтегі болған соңғы өзгерістерге байланысты талдау мақалалар жарық көріпті. “Время” апталығы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің қайтадан өзгеріске ұшырағандығына айрықша назар аударып, 2,5 ай уақыт осы министрлікті басқарған уақытта Ермұхамет Ертісбаевтың халыққа үйіп-төгіп уәде бергендігіне тоқталыпты. Атап айтқанда Ертісбаев мырза Мәдениет, ақпарат және спорт министрі қызметін атқарған уақытта алдағы өтетін Пекин Олимпиадасында Қазақстан он алтын және күміс медаль алып келеді деп уәде берген екен.

“Жас Алаш” газетіндегі ақпараттар ағымында үкіметтегі ауыс-түйістерден кейін бұған дейін спорт саласына жетекшілік етіп келген Дәулет Тұрлыхановтың жұмыстан босатылғандығы айтылыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, әзірше Дәулет Тұрлыхановтың қандай жұмысқа баратындығы белгісіз көрінеді.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Түркістан” газетінде жарық көрген Гүлнар Мұқанованың сараптамалық мақаласында Спорт және туризм министрі қызметіне тағайындалған Темірхан Досмұханбетовтың бұл саланы осымен екінші рет басқаруға келгендігі баяндалыпты. Өйткені ол кезінде Жастар ісі мен спорт министрлігінің тізгінін ұстаған шенеунік екен. Ал, Қоршаған ортаны қорғау министрлігін екі ай ғана басқарған Камалтин Мұхамеджановқа байланысты жасаған талдауында журналист Гүлнар Мұқанова бұл қызметтің К.Мұхамеджанов үшін уақытша кезеңнен өту үшін белгіленген орын болғанын жазған. Мақала авторының сарапатамасына сүйенсек, Қарағанды облысын жеті жыл басқарған К.Мұхамеджановқа ол қызметтен кету аса оңай тимепті.
XS
SM
MD
LG