Accessibility links

Қазақстан алқа билер сотын енгізуге дайындалып жатыр


Қыркүйек айынан бастап, Қазақстанда әкімдер алқа билердің тізімін тағайындай бастайды. Бұл туралы Астанада наурыздың 30-күні Жоғарғы соттың қылмыстық істер алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов хабарлады. Оның айтуынша, алқа билерді сотқа қатыстыру сот әділдігін жүзеге асыру үшін жасалмақ. Бірақ, кейбір заңгерлер Қазақстандағы алқа билер сотына сенімсіздікпен қарап отыр.

Жоғарғы соттың қылмыстық істер алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов айтып өткендей, алқа билер соты туралы заңға президент қол қойды. Бірінші процесс 2007 жылдың 1-қаңтарынан басталуға тиіс. Ал, қыркүйек айынан бастап, әкімдер алқа билердің тізімін тағайындай бастайды. Адвокат Ерғали Нұрғалиев дамыған елдерде алқа билердің тізімін басқаша дайындалатынын айтады.

- Оған үкімет араласпайды. Олар тағайындаса өздеріне керек кісілерді қоя ма, әлде біреуге әмірлік жасайды ма деген пікір ғой, - дейді адвокат.

Жоғарғы соттың қылмыстық істер алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов болса әлгіндей тізімді әкімдердің дайындауы орынды деп санайды:

- Атқарушы орган жасауы дұрыс, өйткені оған кандидат болуға барлық азаматтардың құқы бар. Сол себептен ашық әр территорияда әр әкімшілік қатысуы керек, заңда дұрыс жазылған, тек қана солардың қолынан келеді осындай тізім жасау.

Астана қалалық сотының судьясы Тілеулес Махметовтың айтуынша, ол тізімді дайындаған кезде әкімнен гөрі компьютерге көп көңіл бөлінбек.

- Олар тағайындағанда барлық азаматтар қатыса алады, ол күллі дүние жүзінде бар. Компьютер тізімді тергенде хаос ретінде алады, - дейді сот.

Алқа билердің құрамына кіруге көптеген адамдардың қақысы бар. Тек 25 жасқа дейінгі жастар, сотталған адамдар, заңгерлер, нашақорлар және жан дерттеріне шалдыққандар алқа билерінің мүшесі бола алмайды. Мұндай процесте алқа билер мүшелерінің саны 9 адамнан аспайды. Олар бір-бірімен келіспей дауыс беріп, бюллетеньдерін жәшікке салады. Астана қалалық сотының судьясы Тілеулес Махметовтың айтуынша алқа билер сотының тағы бір тиімді жағы бар:

- Бұл біздің 98 жылға дейін болған жағдай тарихымызда. Сол себептен олардың қатысқаны дұрыс. Мен 32 жыл судья болып істеймін. Өйткені олар халықтың өмірін жақсы біледі. Алқа билердің келуі тергеу органдарына қиын болады, өйткені олар тергеу органдарының көп кемшіліктерін өткізбейді. Олардың қолынан пара алғанда келетін түгі жоқ. Өйткені, барлығы 11 адам отыр сол жерде, олардың барлығының басын сатып алу қиын болады.

Ал, адвокат Ерғали Нұрғалиевтің айтуынша Қазақстанда судьяның әлеуеті бәрібір алқа билерден үлкен болады:

- Біздің судьялардың ерекше пікірі болады. Барлық алқа билері қарсы болып айыпталушы кінәлі емес десе судья ол пікірмен келіспей өз үкімін шығаруы мүмкін. Демек, бұл тек Еуроодаққа кіру үшін жасалып жатқан әрекет болуы мүмкін.

Алқа билерінің мүшесіне облыстың сот төрағасының еңбекақысының тең жартысы көлемінде еңбекақы төленеді, шамамен 60 мың теңге. Және кей жағдайда ол адамның өз еңбекақысы сақталады. Оның сыртында алқа билер мүшесі болған адамның барлық жол, тамақ шығындары өтеледі. Бірақ, Жоғарғы соттың қылмыстық істер алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов айтып өткендей, алқа билер қатысатын процестер шектеулі:

- Тек қана өте ауыр қылмыстары заң бойынша ату жазасы болатын істерге қатысады. Ондай істер жыл сайын орташа есеппен алғанда 700-800.

Ал, осы процестерде айыптаушы болатын Астана қалалық прокуратурасының басқарма бастығының орынбасары Тельман Аленовтың айтуынша, ол президент қол қойған заңмен толық келіседі:

- Ол прокурорлар бірден айыптамайдығой, прокурорлардың барлығы мемлекеттік айыптаушы емес. Сондықатн заң қабылданды, менің мақсатым сол заңның орындалуын қамтамасыз ету. Біз прокурор есебінде сын айтпаймыз.

Ресми мәлімет бойынша негізгі мақсат сот әділдігін жүзеге асыру және оған халық өкілдерін қатыстыру. Өйткені сотқа алқа билердің қатысуы процестегі жарыспалықты қамтамасыз етеді деп хабарланып отыр.
XS
SM
MD
LG