Accessibility links

АӨСШК-нің ІІ саммиті ағымдағы жылдың жазында өтеді

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Наурыздың 31-і күні Алматыда Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің аға лауазымды тұлғалары комитетінің кезекті мәжілісі өтті. Кеңеске қатысушылар жиын барысында АӨСШК хатшылығы туралы келісім мен АӨСШК-нің ағымдағы жылдың жаз айларында өткелі отырған Азия кеңесінің екінші саммитіне дайындық жұмыстарын талқылады.

Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңестің аға лауазымды тұлғалары комитетінің кезекті мәжілісіне 16 елден келген өкілдер қатысты. БАҚ үшін арнайы брифинг өткізген ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Әбдірахманов:

“Бүгінгі мәжілістің күн тәртібінде 2006 жылдың жазына жоспарланып отырған Азия кеңесінің саммитіне дайындық жұмыстарын қарадық. Ең маңызды мәселелердің бірі - Алматы қаласында Азия кеңесінің хатшылығын құру. Ол хатшылықты Қазақстанның өкілі басқаратындығы жөнінде мүше елдермен келісімге келіп отырмыз“, - деді.

Өз сөзінде вице-министр Азиядағы ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының хатшылығын құру аса маңызды мәселелердің бірі екендігіне тоқталды.

“Биылғы жылдың жазында Алматыда өтетін мемлекет басшыларының саммитінде саяси сипаттағы қорытынды құжатты қабылдау межеленіп отыр. Біз әзірге құжаттың қалай аталатыны туралы ортақ пікірге келген жоқпыз. Бірақ қандай жағдайда да ол Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымына мүше елдердің қалауы көрініс табатын саяси декларация болмақ”, - дейді Қайрат Әбдірахманов.

Оның айтуынша, аталмыш құжатта халықаралық қарым-қатынасқа қатысты мәселелермен бірге ұйымның 2002-жылғы саммитінен бері форум жүріп өткен жолға баға беріледі. Содай-ақ Қайрат Әбдірахманов осы мәселелерді талқылауға қатысып отырған делегацияларға жұмыс барысындағы ілгерілеушіліктер үшін ризашылығын білдірді.

“Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының хатшылығы туралы келісімнің жобасы бойынша принциптік қайшылықтар жоқ. Менің өз ойым бойынша, біз өз еліміздің сыртқы істер министрлеріне келісім жобасының дайын екендігін мәлімдей аламыз. Және ол мемлекет басшыларының алдағы саммитінде қабылданады”, - деді вице-министр Қайрат Әбдірахманов.

Алдын-ала болжауларға қарағанда, алдағы саммит жұмысы барысында аймақтағы қауіпсіздік пен өзара ықпалдастық шараларын орнату, қақтығыстар жиі орын алатын Таяу шығыс пен Ирақ төңірегінде де әңгіме болуы мүмкін.

“Біз Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңесті қауіпсіздік пен келісімді нығайтуға бағытталған пікір алмасудың ашық алаңына айналды деп білеміз. Қытай өз тарапынан мұндай тиімді шараларды қолдайды”, - деді Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі Сунь Хунчжи.

Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру туралы идеяны Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында ұсынды. Бұл кеңестің бірінші саммиті 2002 жылы Алматыда өткізілген болатын. Ал Азия кеңеске мүше мемлекеттер басшыларының кезекті саммиті 2006 жылдың жазында Алматыда өтеді деп межеленіп отыр.
XS
SM
MD
LG