Accessibility links

«Human Rights Watch» ұйымы Қазақстан үкіметінен өзбек босқындары төңірігінде қалыптасып отырған жағдайдың зерттелуі талап етіп отыр


Халықаралық ұйымның тұжырымы бойынша, Қазақстанның полиция сақшылары Өзбекстаннан келген босқындарды зорлықпен елдеріне қайтарып жатыр. Осыған байланысты «Human Rights Watch» ұйымы республика президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да арнайы хат жолдаған. Бірақ қазақстандық үкіметтік емес ұйым өкілдері алдағы күндері бұл құжаттың нәтижесі боларына сенімсіздікпен қарайды.

Адам құқығын қорғау жұмыстарымен шұғылданатын халықаралық «Human Rights Watch» ұйымы республика президенті мен үкіметінен Өзбекстанның Қазақстанға келіп саяси баспана іздеген 9 босқыны қалайша өз еліне қайта оралғанын білгісі келіп отыр. Себебі, өткен жылы Қазақстанға келген 9 өзбек азаматы жоқ болып кеткен, соңынан олардың өзбекстандық полиция сақшыларының қолына түскені анықталды. Құқық қорғаушы мамандардың айтуынша, бұл азаматтар Қазақстанда қауіпсіз жағдайда боламыз деп баспана іздеп келген. Ал енді олардің ісі бойынша, наурыздың 30 күні Ташкентте сот отырысы басталды. Тұтқында олар азапталуы мүмкін дейді адам құқығын қорғаушылар.

Алайда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің өкілдері бұл ақпаратқа қарама-қайшы ақпарат беріп отыр. Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мұхтар Кәрібай бұл жөнінде былай деді:

- Қазақстанның бұл оқиғаға қатысы жоқ. Арнайы сұрастыру жүргізгенде анықтағанымыз - бұл оқиға Өзбекстан жерінде, өзбекстандық полиция сақшылары мен мемлекет азаматтары арасында болған оқиға, біз көрші елдің ішкі саясатына араласпайтын болғандықтан, біздің бұл оқиғаға қатысымыз жоқ деп мәлімдейміз.

Алайда Қазақстандағы адам құқығын қорғау және заңдылықтың сақталуын бақылау жөніндегі бюро мамандары ресми Астана әрдайым осындай ақпарат береді дегенді жеткізді. Ал «Human Rights Watch» ұйымының мамандары өздерінің сейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа 6 парақты хат жолдағанын, бұл хатта өзбекстандық босқындардың Ташкентке оралуына тікелей Қазақстанның полиция сақшыларының және ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің қатысы бары көрсетілген. Осыған байланысты халықаралық ұйым ресми Астана бұл мәселені зерттеп, кінәлі адамдардың жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Сонымен қатар «Human Rights Watch» ұйымының мамандары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев болашақта мұндай оқиғалар қайталанбайды деп, бұқараға жарияласа дегенді айтып отыр. Қазақстандағы адам құқығын қорғау және заңдылықтың сақталуын бақылау жөніндегі бюро қызметкері Андрей Гришин бұл ұсыныстардан айтарлықтай нәтиже болмайды деген ойда.

“Егер мұндай мәлімдемелер жиі жасалып тұрса, онда ол құжаттың нәтижесі болады. Себебі, кезінде Қазақстанға Қытайдан келген босқындарды ешкімге білдірмей қайтарып жіберетін, бірақ соңынан халықаралық ұйымдар мәселе көтергеннен кейін бұл жағдай біртіндеп өзгерді”, - дейді адам құқығын қорғаушы Андрей Гришин.

Өзбекстандық босқындардың қайта оралып жатқанын саясаткер Қаһарман Қожамберді екі ел арасындағы қарым-қатынаспен түсіндіреді.

«Қазіргі таңда Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жақсы болып отыр, өзара тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Негізінен Қазақстанға Өзбекстаннан жұмыс іздеп келетін азаматтар көп, олар мұнда жұмыс іздеп келеді, көп жағдайда олар көші-қон заңдарын бұзады. Әрине, олардың босқын деген құжаты болса, оларды полиция сақшыларының қайтарып жіберуге қақысы жоқ. Бірақ, көп жағдайда Қазақстан үкіметі бұл шарттарды бұзбайды, оны мен Ұйғырстаннан келіп жатқан қандастарымның жағдайынан білемін. Олардың қолында Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар жөніндегі жоғарғы комиссариатының құжаты болса, оларға ешкім тиіспейді», - дейді саясаткер Қаһарман Қожамберді.

«Human Rights Watch» ұйымының Қазақстан президентіне жолдаған хатында 2005 жылдың қараша айының 27-күні 4 өзбек азаматын Қазақстандық полиция сақшылары және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандарының ұстағаны жайындағы екі куәгердің мәліметтері жазылған. Бұл екі азамат қашып үлгерген. Мамандардың айтуынша, полиция сақшылары Біріккен Ұлттар ұйымының босқын құжатын алған азаматтарды ұстаған, яғни Қазақстан өзі мақұлдаған құжат талаптарын бұзып отыр. Осы ақпаратқа байланысты біз республика президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз қызметімен хабарласқанымызбен ол жақтан жауап алудың сәті түспеді.
XS
SM
MD
LG