Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.31.2006 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Жұма күнгі жарық көрген кейбір апталық мерзімді басылымдар мен интернет парақшалардың барлығы дерлік Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысын қортындылап, Қазақстанда саяси реформалардың қажеттігі мен оны қалай жүзеге асыру туралы бірқатар сараптамалық материалдар басылыпты. Сондай-ақ, бір басылымдарда соңғы кезде батыста орын алған студент жастардың толқуын демократияның салдары деп, «бұл мәселеде тоталитарлық жүйе бекемдігін танытқан болар еді» дегендей Олжас Сүлейменовтың ойына тойтарыс беруге тырысыпты. Ал енді бір басылымдарда ҰҚК-не деген сын айтылса, тағы бірі олардың соңғы уақытта оппозиционер Алтынбек Сәрсенбаевтың өліміне байланысты шайқалып кеткен келбетін арашалағандай, ерліктерін жазыпты.

«Жас қазақ» апталығы демократиялық реформаларды нақтылау және әзірлеу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысын қортындылаған мақаласында, «президенттің негізгі ойы осы» деп, «Адамдар емес, заңдар үстем болуы керек» деген айдармен бастапты. Бірақ, ол комиссия отырысына оппозиция өкілдерінің қатыспауы себепті, мақала авторы «билік пен оппозицияның таразы басы тең болмағандықтан ба, диалог дегеніміз монологтардан басталды» деп атап өтеді. Сондай-ақ, автор жиыннан соң, қоғам қайраткерлерінен «Диалогқа барар бірінші қадам көңіліңізден шықты ма?» деген сауалнама да жүргізген екен, оған ресми билік өкілдері ризашылығын білдірсе, «Ақ жолдық» Әлихан Байменов «Әліптің артын бағамыз» деп екі ұшты жауап беріпті. Ал Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілі Олжас Сүлейменов «Әлемде демократия үлкен дағдарысқа ұшырап отыр. Өркениеттің өріндегі ел деп саналатын Францияның өзінде соңғы кездері не болып жатқанын көріп отырсыздар. Демократияның дардай институттарының өзі дағдарып қалды. Ал біз ондайға жол бермеуіміз керек... Сондықтан мемлекеттік комиссия құрылуы – болашаққа деген маңызды қадам» депті. Олжастың бұл айтқандарын салмақтаған «Куб», «Навигатор» сынды интернет парақшалардағы мақалалар «мемлекеттік комиссия сияқты сондай салиқалы-салмақты жиынды жарқын да есте қаларлық ток-шоуға айналдырды» деп бағалапты.

«Франциядағы студент жастардың ереуілі – ондағы демократия дағдарысының көрінісі емес, қайта демократияның жарқын көрінісі!» деп ой қорытады «Республика» газетіне берген сұхбатында, белгілі қоғам қайраткері Рашид Нұғманов.

«Новое поколение» газеті осыны дамытқандай болып «Қазақстанға «француз ереуілі» қауіпі бар ма?» деген сауалнамалық-зерттеу мақаласында «оған әлеуметтік негіз жоқ» деген қортындыға келгенін жазыпты.

Ал «Айқын» газеті «Саяси реформа нәтижелі болу үшін, саяси элитада кадр жаңарту керек»-тігін айқындапты. Бірқатар оппозициялық басылымдар мен интернет парақшалар, бірнеше редакторлар мен журналистердің Мемлекеттік комиссия атына жазған ашық хатын жариялапты. Онда олар, кейбір тәуелсіз басылым тілшілерінің аталған жиынға жіберілмегеніне және жаңадан тағайындалған Ақпарат және мәдениет министрі - Ермұхамет Ертісбаевтың «басылымдарды тіркеу ережесін қатайтпақ» ниеті барлығына қарап, «биліктің шынымен демократиялық реформа жүргізуге деген құштарлығына күмәнмен қарайтындығын» айтып, алаңдаушылық білдіріпті. Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысын қортындылаған «Панорама» «бұл отырыс көпшілік күткендей аптаның ең маңызды саяси оқиғасына айнала алмады. Қазақстан саяси кеңістігіне қандай да бір тың идеялар ұсынылмады. Керісінше, бұл отырыс, саяси пікірталассыз, билікке бүйрек бұратын қандай да бір саяси партияның жиыны іспеттес болды» деп қорытыпты.

«Караван» газеті «ҰҚК-нің темір торының ар жағында» деген атпен, Қазақстандық Марат Нұртазиннің екі ай бойы жаламен осы мекеменің түрмесінде отырған кездегі көрген азабын жазып, қоғамда біраздан бері айтылып жүрген «бұл мекемені реформалау қажеттігіне» тоқталса, «Новое поколение» газеті ҰҚК қызметкерлері «Атаба» қылмыстық тобына желтоқсаннан бері екінші рет елеулі соққы беріп, бірқатар өкілдерін тұтқындағанын жазыпты. Бұл қылмыстық топ «Қорғас» кеденінде, тағы басқа да кедендерге «иелік еткен», жоғары лауазымды «көкелері» бар деп жазады басылым.
XS
SM
MD
LG