Accessibility links

Қазақстан президентінің Ресейге ресми сапары басталды

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

3 көкек күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей Федерациясына ресми сапары басталды. Қазақстанның Сыртқы Істер Министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сапар барысында екі елдің басшылары бірнеше маңызды құжатқа қол қоймақшы. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы екі жылдың ішінде Ресей Федерациясына Орта Азия елдерінің ішіндегі мемлекет басшыларының арасында ең көп сапар шеккен президент болып саналады. Мемлекет басшысының Ресейге жиі сапар шегуі Қазақстанда түрлі пікір туғыза бастады.

Бұл – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қайтадан жеті жылға сайланғаннан кейінгі ұлықтау рәсімінен соңғы Ресейге алғашқы ресми сапары болып табылады. Алайда, соған қарамастан, кейбір сарапшылар соңғы жылдары Қазақстандағы жағдайға Ресей ықпалының күшейіп бара жатқандығын ашық айта бастады. Әсіресе, олар экономикалық саладағы мұнай мен газды тасымалдау мәселесінде Қазақстанның Ресеймен өз қарым-қатынасын жақсартуға мүдделі болып отырғандығына айрықша назар аударып жүр. Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, Қазақстанның Ресейге қайта-қайта мойын бұруының саяси себептері де бар.

“Қазіргі уақытта Қазақстан мен Ресей Батыстың, әсіресе сайлаудың алдында елдің ішкі саясатына араласып кететін халықаралық ұйымдардың осы аймаққа белсенді еніп бара жатқандығына қарсы топ құруды көздеп отыр. Сол себептен де, менің ойымша, Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаевтың өзара келісіп талқылайтын мәселелері өте көп болуға тиіс” - дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтың айтуынша, екі ел басшыларының жиі кездесуі Ресей мемлекетінің Қазақстанға байланысты өз ықпалын күшейтуді көздеп отырған саясатын аңғартады. Саясаткер Сейдахмет Құттықадамның пікірінше, қандай жағдайда да Қазақстан Ресеймен жақсы қарым-қатынаста болуы тиіс.

“Жас Алаш” газеті бас редакторының орынбасары Айдос Сарым болса Мемлекет басшысының Ресейге жиі сапар шегуі оның халықаралық сахнадағы саяси беделінің төмендеп кеткендігін аңғартады деп санайды. Қазақстанның ресми орындары таратқан ақпаратқа сүйенсек, Мемлекет басшысының осы сапары барысында Мәскеудегі Абай ескерткішінің ашылуы болады. Сапар бағдарламасы шеңберінде Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік Думада сөз сөйлейді. Сапардың ең маңызды мазмұндық бөлігі ретінде Кремльде келіссөздер өтеді. Дәлірек айтсақ, ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей президенті Владимир Путинмен екеуара кездесуі, кеңейтілген құрамдағы екіжақты кездесулер мен баспасөз мәслихаты болып табылады.

Аталған кездесулердің қорытындысы бойынша бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылады деп күтілуде. Бұл құжаттар әскери-техникалық ынтымақтастық, ғарышты игеру саласындағы әріптестік, қаржы және сауда саласындағы біріккен іс-қимылдарды үдетуге бағытталады.
XS
SM
MD
LG