Accessibility links

Лоббизм туралы заң жобасын осы жылдың соңына дейін парламентке енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Астанада көкектің 4-күні Әділет министрлігінде хабарланды. Министрлік өкілдерінің айтуынша, экономикалық көрсеткіштері тез көтеріліп келе жатқан Қазақстан үшін мұндай заң қажет. Бірақ, кейбір заңгерлер бұл пікірмен келіспей отыр.

Қазақстанда лоббизм туралы заң қажет дейтін заңгерлердің айтуынша қазір бәрібір бірнеше компанияның қызығушылығын ойлайтын лоббистер бар. «Олар пара арқылы, таныс-тамыр арқылы өз дегендеріне жетіп келеді. Ал, егер олардың жұмысын заңдастыратын құжат болса мемлекетке одан тек табыс түседі», дейді мамандар. Өйткені бұған дейін көлеңкеде істеп келген адамдар енді ашық жұмыс істеп, салық төлейтін болады. Оның үстіне бұған дейін жасырынып келген ақпарат заң шыққан соң нақты, түсінікті жазылады деген пікір және бар.

Парламент мәжілісінің депутаты Амангелді Таспихов жаңа заң жобасының тиімді тұстары басым дейді:

- Ең тиімдісі - кімдердің кімнің мүддесіне жұмыс істейтінін бүкіл халық білетін болады. Солар мемлекеттің алдында өздерінің есебін беретін болады. Парламентке кез келген адам келіп, кез келген адамға өз мүддесін өңгеріп алып үгіттемейді. Лобби мен құжатым бар, осындай мәселемен келдім дейді. Оны өзі де, өзгелер де, мемлекеттік органдар да білетін болады.

Әйтсе де, депутат Амангелді Таспихов заңның өрісін кеңейту керек деп санайды.

- Лобби бар екені рас, әр түрлі деңгейде. Бірақ, бұл заңда тек парламенттегі лобби туралы айтылған. Ал, негізінде үкіметте қабылданатын шешімдерде де лобби бар. Меніңше, заңның өрісін кеңейтіп, тек парламент шешімдеріне ғана емес, үкіметте қабылданатын шешімдерге де әсерін тигізетіндей етіп қарастыру керек, - дейді Парламент мүшесі.

Ал, лоббизм туралы заң қажет емес дейтіндер болса, «лоббизм мен жемқорлық сөзінің арасындағы айырмашылық үлкен емес» деген уәж айтады. Егер бұл заңдастырылатын болса, онда байлар ақшасының арқасында өздеріне қолайлы жағдай жасау үшін лобби заңын кең қолданады, ал, кедейлер ол түгілі, салық заңдарына өзгеріс енгізе алмай қинала береді деген пікірлер айтылып жатыр. Өзін лоббист санайтын Орталық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Талғат Доскенов мұндай қауіп бар екенін растайды. Ол қазірде елдегі ірі капитал мен шағын және орта бизнес арасында қайшылық барын, біреулері өз монополиясын кеңейткісі келсе, келесілері бәсекелестік жағдайында жұмыс істеуге ықыласты екенін айтады.

Президенттің жанындағы адам құқы жөніндегі комиссия мүшесі, заңгер Марат Башимовтың пікіріне салсақ, лоббизмді заңдастырған жақсы болғанымен, ең әуелі ол заң шикі болмауы керектігін ойластырған дұрыс.

- Бір жағынан, ретіне келтіретіндігі, заңгер ретінде маған ұнап тұр. Бірақ, түсінбей тұрғаным - бай лоббистер - мұнайшылар, құрылысшылар өз лоббиін өткізіп жіберуі мүмкін. Ал, әлеуметтік жағына барғанда олардың ақшалары жоқ қой? Олардың лоббистеріне ақшаны кім төлейді?..

Лоббизм туралы заң қажет дейтіндер, керісінше, бұл құбылыс бәрібір бар, ал егер оны өркениетті елдердегідей Қазақстан да заңдастыратын болса, тек көпшілікке қолайлы шешімдер қабылданатын болады дегенді алға тартады.

ҚР Әділет министрлігінің өкілі Тамарахан Сафарованың айтуынша, егер ондай заң болса, онда лоббистер тіркеледі, олардың жұмысына лицензия беріледі, лоббистер кәсіби заңгерлер болады, бастысы - олардың жұмысы ашық болмақ.

Бұған дейін өткізілген әлеуметтік сауалнама мәліметіне сүйенсек тұрғындардың 62 пайызы лоббистер үкіметте көп, ал, 35 пайызы парламентте көп деп жауап берген. Бірақ, ондағы лоббистер көбінесе қалталы азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс істейді деген пікір бар. Өзін лоббист санайтын Орталық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Талғат Доскенов болса, парламентте шағын және орта бизнестің қызығушылығын ойлайтын бірде бір лоббист жоқ деп санайды.

Қазақстанда бұған дейін лоббизм туралы заңды енгізу ұсыныстары бірнеше рет жасалғанымен, әзірге өзгерген ештеме жоқ, дейді бақылаушылар. Кейбір сарапшылар ірі компаниялардың басшылары қазіргі жағдайдың сақталуын қалайды деген пікір білдіреді.
XS
SM
MD
LG