Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.04.2006 жыл

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

4 сәуір күні жарық көрген басылымдарда Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың Ресейге жасаған ресми сапары турасында және де Қазақстанның сыртқы саясаты жайында мақалалар топтамалары жарияланыпты.

Сейсенбі күні жарық көрген санында «Егемен Қазақстан» газеті Қазақстан президенті Н.Назарбаев үстіміздегі жылы Ресей мемлекетіне осымен екінші рет сапар жасап отырғандығын жазыпты. Алғашқы сапарында ол қаңтар айының аяғында Санкт-Петербург қаласында болған ЕурАзЭҚ-тың кезекті саммитіне қатысқан болатын дейді аталған басылым. Сондай-ақ бұл жолғы сапардың басты шарасының бірі Мәскеуде тұңғыш рет орын тепкелі отырған қазақ халқының ұлы перзенті Абай Құнанбайұлына ескерткіш ашылуы болғалы отыр.

Ал 4 сәуір күнгі санында «Жас алаш» газеті, Ресей ақпарат құралдарына сүйеніп, бұл тақырыпты басқа қырынан қаузайды. Бұл реттегі мақала түйінін аталған басылым былайша тарқатады: « 3-5 сәуір аралығындағы сәуірге жоспарланған президент Н.Назарбаевтың Ресейге сапарында көршіміз бізге «ТМД елдеріне төмен бағамен мұнай өнімдерін сатушы болма?» дегенге саятын талап қоятын көрінеді». Демек, енді біз негізгі өніміміздің өзін Ресейдің рұқсатымен сататын боламыз деген қорытынды жасайды «Жас алаш» газеті бұл сапардың саяси-экономикалық астарына үңіле отырып. Сондай-ақ осы санында Қазақстанның сыртқы саясатына сараптама жүргізген аталған басылым елдің сыртқы қарыздары алаңдатарлықтай екенін айтады. Бұл ретте нақты дерекке жүгінген басылым 2005 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның сыртқы қарызы 29,9 пайызға өсіп, 41 516,2 миллион долларға жеткенін, ал 2004 жылы 31 940 миллион доллар болғандығын тілге тиек еткен. Сонымен қатар «Жас алаш» газеті ұлттық банктің есебі бойынша, жалпы сыртқы қарыз Қазақстанның әр тұғынына шаққанда 1506,5 доллардан келетіндігін атап көрсеткен.

Дегенменде сейсенбі күні жарық көрген санында «Казахстанская правда» газеті Қазақстан президентінің Ресейге сапарының экономикалық маңыздылығымен қатар саяси-мәдени салмағы зор екендігіне тоқталған. Екі жақты кездесу барысында мәдени ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсумен қатар, саяси қол жеткен уағдаластықтарды дамыта беру мәселесінде бірқатар құжаттарға қол қойылатындығына маңыз берілген. Сондай-ақ осы санында «Казахстанская правда» газеті соңғы кездері Қазақстанның сыртқы саясатында едәуір жетістіктердің бой көрсеткендігіне баса назар аударған. Айталық ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаевтың Ауғанстан Ислам Республикасына жасаған сапары сәтті өтіп, Қазақстанның аймақтағы рөлі жоғары бағаланғандығын атап көрсеткен. Осы сапар кезінде Кабулде өткен «Үлкен Орталық Азиядағы әріптестік, сауда және даму» атты халықаралық конференцияда негізгі баяндаманы жасаған ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаевтың Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы уәкілі Ян Кубишпен және АҚШ Мемлекеттік хатшысының Орталық және Оңтүстік Азия бойынша көмекшісі Ричард Баучермен кездесулері Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдық бағыттарының салиқалы екендігін көрсетіп берді деп жазады басылым. Және де Қазақстанның сыртқы істер министрінің Ауғанстан Ислам Республикасының президенті Хамит Карзаймен болған кездесуде тараптар екі мемлекеттің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын жоғары бағалаған.

Ал бұл тақырыпқа 4 сәуір күнгі санында «Экспресс К» газеті кеңірек сараптама жүргізген. Бұл Кабул конференциясы Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы барлық саяси-экономикалық реформалардың бастамашысы әрі көшбасшысы екендігін әлемге паш етті дейді аталған басылым. Және де Ауғанстанға экономикалық тұрғыдан ғана емес, саяси-әлеуметтік жағынан да көмек қолын созған мемлекеттердің ішінде Қазақстанның да болуы аталған елдің аймақтағы өз ұстанымын нығайта түскендігінің жарқын көрінісі екендігі атап көрсетілген.
XS
SM
MD
LG