Accessibility links

Еуропаны Астана арқылы 65 мың теңгеге аралап қайтуға болады


Сейсенбі күні Астанада Германияның Lufthansa халықаралық әуе компаниясының Франкфурт-Астана әуе бағытындағы жаңа рейсі ашылды. Жаңа бағыттағы ұшақпен Германияның бір топ депутаттары, өнер қайраткерлері, журналистері дүйсенбі күні кешкісін Астанаға ұшып келді. Бұған дейін Қазақстан үкіметі халықаралық әуе компаниялар Астанаға көшуі тиіс деген мәселе қойған кезде, Lufthansa әуе компаниясы бірінші болып қарсылық білдірген еді. Енді міне алғашқылардың бірі болып Астанадан жаңа рейсін ашып отыр.

Еуропа қалаларына саяхат жасағысы келетін Астана жолаушылары енді Lufthansa халықаралық әуе компаниясының Астана-Франкфурт әуе бағытындағы ұшағы арқылы бар болғаны 65 мың теңгеге ұшып келе алады. Қазірнгі уақытта бұл шамамен 500 АҚШ доллары. Осылай деп Lufthansa әуе компаниясының Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттері бойынша бас менеджері Дирк Гроссмани айтып отыр. Әрине, бұл акция тек бір айға ғана жалғаспақ. Дирк Гроссманидың айтуынша, бұдан былай аптасына екі рет - дүйсенбі және бейсенбі күндері Астанадан Франкфуртке әуе рейсі қатынайтын болады.

2004 жылдың аяғында президенттің тапсырмасымен Қазақстан Үкіметі Алматыға келіп қонатын барлық халықаралық әуе компаниялардың рейстерін Астанаға көшіру жөнінде арнайы қаулы қабылдаған болатын. Сол кезде халықаралық әуе компаниялардың дені бұл қаулыға қарсы болып, өз наразылықтарын білдірген-тұғын. Солардың алғашқысы болып, Германияның Lufthansa әуе компаниясының өкілдері өз наразылық танытқан еді.

«Сол кезде біз Германияның басшыларымен бірге Қазақстан Үкіметімен келіссөздер жүргізе бастадық. Нәтижесінде ымыраға келдік. Германия Үкіметі, егер компанияға экономикалық табыс әкелетін жағдайда ғана Астанадан әуе бағыттарын ашуға келісім берді», - дейді Lufthansa халықаралық әуе компаниясының Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан бойынша менеджері Дирк Гроссмани мырза.

Ал Астана халықаралық әуежайының президенті Әбділ Қыпшақпаев үстіміздегі жылдың жазында Lufthansa компаниясынан басқа Германияның Люфтганза-Карго жүк тасымалдайтын әуе компаниясы да өздерінің әуе бағыттарын Астанадан ашқалы отыр деп хабарлады.

Ә.Қыпшақпаев мырза Алматыдағы халықаралық әуе компаниялардың Астанаға қоныс аударуына ешқандай техникалық себептер кедергі келтірмейді, керісінше, Астана әуежайының техникалық жағынан болсын, барлық жағынан қызмет көрсету деңгейі жоғары деп отыр.
XS
SM
MD
LG