Accessibility links

Алматыда алғаш рет интернет-ресторан жұмыс істей бастады


Алматыда алғаш рет тұтынушыға интернет жүйесі арқылы қызмет көрсететін интернет-ресторан жұмыс істей бастады. Бұл рестораннан дәм татқысы келген азамат үйінде немесе жұмыс орнында отырып интернет арқылы сайттағы ас мәзірін таңдаса болғаны. Қалған қызметті интернет-ресторанның қызметкерлері өздері атқарады.

Алғашқы қазақстандық интернет–ресторан “Вistro.kz” деп аталады.

“Жұмыс істей бастағанына 10 күнге жуық уақыт болған ресторан өз тұтынушыларына “Еріншектерге қызмет” деген жеңіл ұран астында қызмет көрсеткенімен, бұл ресторан нағыз жұмыстан бас алмай әр уақытын бағалай білетін іскер адамдарға арналған”, - дейді аталмыш ресторанның техникалық директоры Бақытжан Асанов.

Оның айтуынша, өркениетті елдерде әлдеқашан жолға қойылған қызметтің мұндай түрі қазақстандықтарға да жат емес.

“Бистро дегеннің өзі “жылдам қимылда, тез алып кел” дегенді білдіреді. Бізде өз ресторанымызға сол атауды таңдап алдық. Мақсатымыз – халыққа жедел әрі тиімді қызмет көрсету”, - дейді Б.Асанов.

Сондай-ақ ресторан ішінде шағын дүкендер де жұмыс істейді. Онда тұтынушы өзіне қажетті азық-түлікке тапсырыс бере алады.

“ХХІ ғасырдың жетістігі саналған интернет қазақстандықтар өміріне де дендеп ене бастады. Ашылғанымызға 10 күн ғана болса да біздердің сайтымызға кірушілер саны күннен күнге көбейіп, тапсырыс берушілер қатары артып отыр”, - дейді интернет-ресторанның басқарушы-менеджері Жомарт Сүлейменов.

Қазақстандық тұтынушылар қызметтің жаңа түрін заман ағымына сай заңды құбылыс деп қабылдайды.

“Қазір Қазақстанда интернет арқылы тауар сатып алу, интернет арқылы төлемдер төлеу сияқты қызметтің түрі өте көп. Интернет арқылы тамаққа тапсырыс беруді де сол жүйедегі қызметтің түрі ретінде түсінуге болды. Мұндай қызмет түрі Алматыда ашылса - демек оны қолданушылар бар. Және оны қолданушылар ақшасы бар адамдар. Өйткені, интернет арқылы тапсырыс беру арзан емес. Бұл халықтың белгілі бір бөлігінің әл-ауқатының өскендігін білдіреді деп ойлаймын”, - дейді Алматы қаласының тұрғыны Ғабит Рахметов.

Интернет арқылы тапсырыс алып, оны жеткізіп беретін “Вistro.kz” ресторанының қызметкерлері негізінен ер-жігіттер екен. Шағын ғана “мопед” көлігін мінген жігіттер уақытпен санаспай қызмет көрсетуге әзір. Олар «тұтынушыға көрсететін қызмет сапасын көтеру үшін бізге қар да, жаңбыр да бөгет бола алмайды», дейді.

“Вistro.kz” интернет-рестораны өз тұтынушыларына Еуропалық және Орта Азия елдерінің ұлттық тағамдарымен қатар астың пицца сынды жеңіл түрлерін ұсынып, оны тапсырыс берушіге жедел жеткізіп беруді өз мақсаты етіп алып, жұмыс істеп жатыр.
XS
SM
MD
LG