Accessibility links

“Алға” партиясы неге тіркелмей жатыр?


Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің тіркеу комитеті “Алға” партиясын тіркемей қойғандығына байланысты сәуірдің 3-і мен 4-інде Астана қалалық сотында тыңдау өтіп жатыр. Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің тіркеу комитеті тексеру жүргізгенде тізімде көрсетілген “Алға” париясының 30 мың мүшесі болмай шыққан деп отыр. Ал, 5-сәуір күні “Алға” партиясын ұйымдастыру комитеті сот кезінде дәйексіз деректердің келтірілгенін, бұл мәліметтердің шындыққа үйлеспейтіндігін айтып, мәлімдеме жасады.

Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің тіркеу қызметі “Алға” партиясын 2005 жылдың күзінен бері тіркемей келеді.Сәуірдің 3-4 күндері Астана қалалық сотында өткен тыңдауға разы еместігін білдірген “Алға” партиясын ұйымдастыру комитетінің мүшесі Бақытлы Түменова Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің тіркеу қызметінің бұл іс-әрекеттерінің астарында саяси мақсат жатыр дейді.

“Азаттық” радиосына берген сұхбатында Түменова ханым тексеру барысында анықталмаған 30 мың адамға қатысты Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің тіркеу комитеті нақты мәлімет бергісі келмей отырғандығын айтты. Осы мәселеге байланысты түсініктеме алу үшін Әділет Министрлігінің тіркеу комитеті төрағасының орынбасары Азамат Әмірғалиевқа телефон шалғанымызда, ол сот аяқталғанша ешқандай мәлімет бере алмайтындығынан хабардар етті.

Ал, заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің тіркеу қызметі тізім бойынша тексеру жүргізгенде көптеген келеңсіздіктерге жол берген.

“Тексеруді осы тіркеу қызметінің 30 адамы жүргізген. Және осы 30 адамның әрқайсысы өзі ғана түсінетін жазбалар жасаған. Онда көбінесе қысқартылған бір сөйлемдер ғана бар. Онда не деп жазылғандығын ажырату оңай емес”, - дейді заңгер Уткин.

Заңгердің айтуынша, егер Қазақстан Республикасының соты Әділет Министрлігінің тіркеу қызметінің пайдасына шешім шығарса, халықаралық ұйымдардың көмегі арқылы бұл мәселені шешудің мүмкіншілігі жоқ.

“Өкінішке қарай, Қазақстан көптеген халықаралық конвенцияларға қол қоймағандықтан, Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқығы комитетіне немесе Еуропа сотына шағымдана алмайтын мемлекеттердің бірі болып табылады. Мұндай тәжірибе Орта Азия елдерінің ішіндегі көптеген мемлекеттерде бар болғанымен, бізде жоқ. Сол себептен де Қазақстан мемлекетінде көптеген саяси мәселелерді халықаралық жолмен әділетті тұрғыдан шешуге мүмкіндік жоқ”, - дейді заңгер Сергей Уткин.

Ал, “Алға” партиясын ұйымдастыру комитетінің мүшелері партияларын тіркемей қойса да саяси күрестен бас тартпай, жұмыстарын әрі қарай жалғастыра беретіндігін айтып отыр.
XS
SM
MD
LG