Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.05.2006 жыл

  • Гүлмира ХАМЗА

Сәуірдің 5-күні жарық көрген қазақстандық басылымдар республика президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейге жасаған сапары жайында жазған. Егер газеттердің бір бөлігі Ресей астанасы Мәскеуде Абай ескерткішінің ашылғаны жайында атап өтсе, басылымдардың екінші бір бөлігі екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа қарқыны туралы сөз қозғаған.

Сәуірдің 5-күні “Егемен Қазақстан” газеті “Ұлттарды ұлылары арқылы ұлықтайды” атты мақаланы жариялапты. Онда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейге жасаған сапары жайында, бұл сапар барысында Кремльде болған кездесулер мен келіссөздер туралы жазылған. Екі ел президенттерінің өзара әңгімесі айтарлықтай ұзаққа созылды деп жазады мақала авторы Жақсыбай Самрат. Жеке кездесуден кейін келіссөз кеңейтілген тұрғыда жалғасқан. Оның жұмысына қазақстандық делегация толық құрамында қатысқан. Соңынан талқыланған мәселелерге қатысты құжаттарға қол қойылған. Алдымен республиканың қаржы министрі Наталья Коржова мен Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Сергей Иванов Қазақстан аумағында орналасқан полигондарды қолдану тәртібі жөніндегі келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаларға қол қойылған. Бұл рәсімдерден кейін екі ел шенеуніктері екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында бірнеше құжатқа қол қойған. Соңынан екі ел президенттерінің баспасөз мәслихатын өткізіп, Мәскеудегі “Чистопрудный бульвар” саябағында орнатылған Абай ескерткішін салтанатты жағдайда ашқан. «Мемлекет басшысының ұлылыққа тағзым етіп, оның құдіретіне бас игенін айғақтайтын бұл кездесудің мәні зор» деп жазады мақала авторы Жасыбай Самрат “Егемен Қазақстан” газетінің соңғы санында.

Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың алуандылығы жайында “Казахстанская права “ газеті жазып отыр. Себебі, қазіргі таңда басылымның мәліметі бойынша, Қазақстанның 16 мыңнан астам баласы Ресейде білім алып жатыр. Оның екі мыңға жуығы тек Мәскеудің жоғарғы оқу орындарында білім нәрімен сусындап жатыр екен. Өткен жылы президент бағдарламасы бойынша, Ресейде білім аламын деген қазақстандық жастарға квота көбейтілген. «Сондай жоғарғы оқу орындарының бірінде кеше Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев болды» деп жазады “Казахстанская правда” газеті.

Мәскеудің Құрыш және қорытпалар мемлекеттік институтының профессорлар және оқытушылар құрамымен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев кездескені жайында сәрсенбі күні “Айқын” басылымы жазыпты. Бұл кездесуде аталмыш жоғарғы оқу орнында білім алып жүрген қазақстандық студенттер де болған. Мәскеудің Құрыш және қорытпалар мемлекеттік институтында болған кездесу барысында институт ректоры Юрий Карабасов Қазақстан жетекшісіне осы институттың құрметті профессор атағы берілгендігін ресми түрде мәлім еткен. «Марапаттау рәсімінен соң мантия және институттың төс белгісі табыс етілді, жалпы осы институттың профессор атағы 25 адамға ғана берілген екен» деп жазады “Айқын” басылымы.

«Ресей мен “Қазақстан арасында шешімін таппаған мәселе жоқ» деп айтқан Қазақстан президентінің сөзін “Экспресс К” газеті жариялапты. Сонымен қатар, басылымның хабарлауынша, ресми сапар барысында республика президенті Ресей Федерациясының мемлекеттік думасында болғаны жайында және Ресейдің алдыңғы қатарлы бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілерімен кездекен.

“Аргументы и Факты Казахстан” басылымы сәрсенбі күнгі санында Қазақстан президентінің Ресейде болғаны туралы жазбаса да, Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға жасаған сапары сәтті аяқталғаны туралы сөз қозғапты. Бұл басылымның тұжырымы бойынша, осы сапар Орталық Азиядағы жағдайдың өзгергеніне өз септігін тигізген.
XS
SM
MD
LG