Accessibility links

Рахат Әлиев: Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты шешімді сот айтады


Қазақстанның Сыртқы істер вице-министрі, президенттің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты тергеу жұмысы әділ жүріп жатыр дегенді айтты, сәуірдің 5-күні Астанда өткен Қазақстан мен ЕуроОдақ өкілдерінің отырысынан кейін. Бірақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері Арат Нарманбетов Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты тергеу жұмысына күдікпен қарайды. Ал Еуропалық Кеңестің өкілдері Қазақстанның ресми билігі өздерінің саяси оппоненттеріне Бұқаралық ақпарат құралдарына шығып, еркін ойларын жеткізулеріне мүмкіндік жасау керек деп отыр.

Сәрсенбі күні кешкісін Астанада Қазақстан мен Еуропалық Кеңес арасындағы ынтымақтастық пен әріптестік туралы Келісім шеңберінде отырыс өтті. Бұл Келісімнің Қазақстан жағынан тең төрағасы Сыртқы істер вице-министрі Рахат Әлиев болып табылады. Ал Еуропалық Кеңес делегациясын Юг Мингарелли мырза бастап келді. Жабық есік жағдайда өткен отырыстан кейін сыртқы істер вице-министрі Рахат Әлиев пен Еуропалық Кеңестің өкілі Юг Мингарели мырза бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына шықты.

Президенттің күйеу баласы Рахат Әлиевтің өзі ақпарат құралдары өкілдерінің алдында тұрғаннан кейін ең алдымен журналистерді қызықтырған бір-ақ мәселе болды. Ол - қоғам қайраткері марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты. Өйткені, Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімінен кейін бірқатар тәуелсіз ақпарат құралдары мен интернет сайттарында «қанды оқиғаға президент отбасының қатысы болуы мүмкін деп», оның ішінде Рахат Әлиевтің аты-жөні бірінші күдіктілердің қатарында аталған еді. Сонымен қатар Жармахан Тұяқбай бастаған тәуелсіз комиссия да Бас прокуратурадан «Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты президенттің күйеу балалары да сұралсын» деген ашық хат жазған болатын. Ал Рахат Әлиев Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты журналистердің тосыннан қойған сұрағына:

«Бұл іске қатысты соңғы шешімді сот айтады. Қазір Ішкі істер министрлігі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл қылмыстық іс президенттің қадағалауында», - деп жауап берді.

«Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты ресми мәліметке сенесіз бе?» деген сұраққа Рахат Әлиев: «бұл іске АҚШ-тың барлау қызметінің өзі араласып отыр. Олардың айтуынша, қылмыстық іске қатысты тергеу жұмысы ашық, таза жүргізіліп жатыр» деді.

Алайда, осыдан кейін Рахат Әлиев «бұл мәселеге қатысты сұрақ қоймаңдар. Сұрақтарың тек Еуропалық Кеңес пен Қазақстан арасындағы тақырыпта болсын» деді. Ал өзінің тәуелсіз басылымдарға берген сұхбатында Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне тікелей президенттің күйеу баласы Рахат Әлиевтің қатысы бар деген болжам айтқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері, оставкадағы полковник Арат Нарманбетов «Азаттық» радиосына:

«Мен Рахат Әлиевтің соңғы шешімді сот айтады дегенімен келісем. Бірақ, соттың шешімінен бұрын Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхаммеджановтың кісі өлтірген - Рустам Ибрагимов, ал тапсырыс берген Ержан Өтембаев деп айтқанымен келіспеймін. Ол бұл іске күдікті деп айту керек еді», - деді.

Арат Нарманбетов сонымен бірге «Ішкі істер министрі қылмыстық іске Рахат Әлиевтің еш қатысы жоқ деді. Ал Жармахан Тұяқбай бастаған тәуелсіз комиссия, керісінше, Рахат Әлиевтен сұрау алуын талап етті. Ал тергеу ісі бұл талапты орындамай отыр» деп атап өтті.

Астанада өткен Қазақстан мен Еуропалық Кеңес арасындағы әріптестік жөніндегі комитеттің отырысынан кейін Еурропалық Кеңестің өкілі Юг Мингарелли Қазақстанның ресми билігі өздерінің саяси оппонеттеріне ашық ойларын жеткізу үшін сөз бостандығын қамтамасыз ету керек деп мәлімдеді. Ол сонымен бірге былтырғы жылы наурыз айының аяғында Қазақстандағы саяси жағдайға қатысты Еуропарламенттің қабылдаған резолюциясындағы мәселелер Астанада өткен отырыста ашық талқыланғандығын айтты.

«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Әміржан Қосанов «егер Еуропалық Кеңес Қазақстанда сөз бостандығы болу керек десе, онда осы мәселе Қазақстанда қысым көріп отыр дегенді білдіреді» деген өз тұжырымын айтты «Азаттық» радиосына.
XS
SM
MD
LG