Accessibility links

Түркменстан Қытайға жылына 30 миллиард текше метр газ тасымалдамақшы


Түркменстан президентінің Бейжинге сапары барысында, Қытай президенті Ху Джинтао мен Cапармұрат Ниязов бірқатар келісімдерге қол қойды. Соның ішінде, екі ел президенттері Түркмен газын энергия көзіне өте зәру Қытайға жеткізетін газ құбырын салу келісіміне келді. Ал жақында ғана Ресейде Қытай үшін газ құбырын салу мәселесі мақұлданған болатын, және өткен жылы Қытайға Қазақстан мұнайын тасымалдау үшін мұнай құбырының бірінші секторы ашылған еді. Орталық Азия елдерінің жетекшілері Батыстан гөрі Шығысқа көбірек қайрылып, саяси және сауда байланыстарын қарастырып жатқан көрінеді.

Осы аптадағы келісімге сәйкес, 2009-шы жылдан бастап Түркменстан Қытайға жылына 30 миллиард текше метр табиғи газ тасымалдайтын болады. 30-жылдық келісімге қол қойылғандығы Азияның дамып жатқан экономикасының жаңа энергия бұлақтарына мұқтаж екендігін білдіреді. Қытай, Үндістан, тіпті Жапония мен Оңтүстік Корея елдері де жанар-жағармайға деген шөлін қандыру үшін өздеріне жақын болған елдерді қарастырып жатыр. Бұл кең Қытай саясатының бөлігі, дейді “Джэйн Ақпарат Тобында” жұмыс істейтін Алекс Ватанка.

“Энергия қытайлықтар үшін өте маңызды мәселе. Қытайдың дамуы мұнай, газ және көмір тасымалдануына байланысты болғандықтан энергия олар үшін маңызды. Мысалы Қытайдың Африка мен Латын Америкасымен байланысын қарастырайық. Олар энергия ресурстарын елге алып келу үшін алыс жерлерге барып жүр. Мұндай жағдайда олар әрине өздеріне жақын орналасқан Орталық Азияны қарастыратын болады”, - деді А.Ватанка.

Ватанканың айтуынша, теңізге шығу мүмкіндігі жоқ болғандықтан Орта Азия экономикасы мықты дамып отырған Азиялық мемлекеттермен ынтымақтасқысы келеді. Сонымен қатар, олар бір-біріне жақын орналасқандықтан, Азия елдерімен ынтымақтастықты нығайту Орталық Азия үкіметтері үшін өте ыңғайлы.

Еуропа елдері де Орта Азияның газы мен мұнайын сатып алғысы келеді. Бірақ ол келісімдерге басқа елдерді де араластыру керек болады. Бұған қоса, Еуропа – Орталық Азия үшін жаңа серіктес боп есептелсе, ал Қытай мен Үндістан сияқты көршілес елдерін олар мыңдаған жылдар бойы біледі.

Өткен жылы Қытайға Қазақстан мұнайын тасымалдау үшін мұнай құбырының бірінші секторы ашылған болатын. Және аймақта осыған ұқсаған құбырларды салу ұсыныстары да жылдар бойы қарастырылуда. Бұған қоса, Ресей де Сібірдегі кендерінен Қытайға мұнай және газ тасымалдау туралы келісімге қол жеткізген еді.

Қазір Орталық Азияның табиғи ресурстарына көп үміт арттырылуда. Түрменстан запас газ ресурстарымыз көп дейді. Бірақ Лондонда орналасқан Соғыс және Бейбітшілік Институтының бас редакторы Джон МакЛаудтың айтуынша, осы аптада Түркменстан мен Қытай арасында қол қойылған газ келісімінде бір проблема бар. Өйткені Түрменстан Ресей мен Украинаға уәде берген газ мөлшерін Қытайға да жеткізе аламыз деп отыр. Сонымен қатар, аймақта Түрменстан газын Ауғанстан арқылы Пәкістанға, одан әрі қарай Үндістанға жеткізу үшін газ құбырын салу мәселесі де қарастырылып жатыр. Бірақ Түрменстан шынында да уәделерінің барлығын орындай ала ма жоқ па бұл белгісіз, дейді МакЛауд.

Оның айтуынша, аймақтан тыс жерде кез келген құбырды салу үшін шетел инвестициялары керек, бірақ газ және мұнай запастары туралы нақты мәлімет болмаса, инвесторларды табу қиын.

Әлем қазір Орталық Азия газ бен мұнайды қандай мөлшерде өндіре алады екен деп тұрғанда, оның көршілес Азия мемлекеттері энергия көздерін мүмкіндігінше көбірек алуға тырысуда.
XS
SM
MD
LG