Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.06.2006 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген мерзімді басылымдарда белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты түрлі сұхбаттар жарияланыпты. Кейбір сарапшылар егер де тергеу жұмыстары теріс жолмен кетсе, халықтың арасында Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне Президенттің өзінің қатысы болуы мүмкіндігі туралы күдіктің пайда болатындығын айтыпты.

“Жас Алаш” газетінің бейсенбі күнгі санында марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының осыдан бір жыл 3 ай бұрын бұрын берген сұхбаты жарық көріпті. Сұхбатқа қатысты берілген қысқаша түсініктемеде бұл дүниенің тұңғыш рет жарияланып отырғандығы айтылып, газет бетіне шыққалы жатқанда Алтынбек Сәрсенбайұлының өз пікірлерінің Ғалымжан Жақияновтың босатылуына кері ықпалын тигізе ме деп сескеніп тоқтатуға мәжбүр болғандығының тарихы баяндалыпты. Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы “Жас Алаш” газетінің тілшісіне берген сұхбатында Парламент сайлауынан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың демократияға бет бұруға, коррупциямен күресуге ниетінің жоқ екендігінің анық аңғарылғандығы туралы өз ойын айтыпты.

“Айна плюс” тәуелсіз басылымында зұлымдықпен өлтірілген Алтынбек Сәрсенбайұлының етжақын туыстарын Еуроодақтың Қазақстандағы елшісі Ван дер Меер мырзаның қабылдағандығы хабарланып, осыған байланысты марқұмның ағасы Рысбек Сәрсенбайұлымен жүргізілген сұхбат жарияланыпты. Газет тілшісіне берген сұхбатында Рысбек Сәрсенбайұлы осы кездесуге сонымен қатар Ұлыбритания елшісінің орынбасары Катерина Инглехерн, Еуроодақ өкілдігінің саяси мәселе бойынша маманы Алессандро Лиамине мырзалардың қатысқандығын сөз қылыпты. Рысбек Сәрсенбайұлының айтуынша, Назарбаевтың күйеу баласы Рахат Әлиев 2001 жылы қарашада өзінің бауыры Алтынбекке телефон арқылы қатты қысым көрсеткен. Сондай-ақ ол өз сөзінде тергеу кезінде осындай күдікті деген адамдардың бәрінен жауап алынуы керектігімен, тергеушілердің мұндай әрекетке бармағандығынының, тергеудің әділ жүріп жатқандығына байланысты қоғамда үлкен күдік туғызып отырғандығына айрықша тоқталыпты.

“Саясаттанушы Андрей Чеботарев “Айна плюс” газетіне берген сұхбатында егер де тергеу жұмыстары теріс жолмен кетсе, халықтың арасында Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне Президенттің өзінің қатысы болуы мүмкіндігі туралы күдіктің пайда болатындығын атап өтіпті. Он бес күн абақтыда отырып шыққан Болат Әбілов “Время” газетіне берген сұхбатында мәжіліс депутаты Серік Әбдірахмановтың “Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты тергеу жұмыстары теріс жолға бет бұрғандығы” туралы жасаған мәлімдемесіне байланысты өз ойын білдіріпті. Газет тілшісіне берген сұхбатында Болат Әбілов 2001 жылдың қарашасында депутат Серік Әбдірахмановтың мәжілісте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірінші орынбасары Рахат Әлиевтен Қазақстанды жайлаған коррупция жөнінде сұрау қажеттілігі туралы көтергенімен, кейіннен аяқ астынан өзгеріп, “Лаврентий Павлович Берия” деп, белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлына шүйлігіп шыққандығын мысалға келтіріпті.

“Свобода слова” басылымының соңғы санында депутат Серік Әбдірахманов пен журналист Гүлжан Ерғалиеваның жүргізген көлемді сұхбаты жарияланыпты. Өз сөзінде депутат Серік Әбдірахманов белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты жасаған аты-шулы мәлімдемесінен кейін, оған президенттің хабарласқандығын тілге тиек етіпті.

Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты тақырып интернеттік ақпарат көздерінің де назарынан тыс қалмапты. Атап айтқанда, “Мизинов нет” интернет басылымы мен “Куб” интернет парақшасында президенттің күйеу баласы, Сыртқы істер вице-министрі Рахат Әлиевтың журналистерге берген сұхбатында бұл өлімге байланысты барлық нүктені соттың қоятындығы туралы пікір білдіргендігі хабарланыпты.
XS
SM
MD
LG