Accessibility links

Қазақстанда жарық көретін апталық басылым, оппозциялық бағыттағы «Айна плюс» газетіне сот шешімімен 206 мың теңге айыппұл салынып, газеттің жұмысы 3 айға уақытша тоқтатылды.

Жұма күні оппозициялық бағыттағы «Айна плюс» газетінің ұжымы «Время принт» баспаханасынан газетті тоқтату туралы соттың шешімі шыққандығын естіп, аң-таң болды. Бұл туралы газетте «бас оқырман» деген атпен шығатын Ермұрат БАПИ «Азаттық» радиосына былай деді:

- Әлгінде ғана баспаханадан телефон шалып, Алматы қалалық әкімшілік сотының «Айна плюс» газетін шығаруды уақытша тоқтату туралы шешімін алып келгендерін хабарлады. Оның үстіне газетке 200 мың теңге айыппұл салынды дегені және бар. Баспахана қызметкерлерінің айтуынша, сот наурыздың 16-сы күні болған, ал шешімін бүгін, сәуірдің 7-күні ғана әкелген. Ал ондай соттың болғаны, қалай өткені, нендей жағдай қаралғандығы жайынан редакция қызметкерлері мақұрым. Ешкім ешнәрсе білмейді!

Алматы ауданаралық әкімшілік соты «Айна плюс» газетіне қатысты Алматы қалалық әкімдігінің шағымымен наурыздың 16-сында сырттай сот процесін өткізіп, газетті уақытша 3 айға тоқтатып, 200 айлық көрсеткіш, яғни, 206 мың теңге көлемде айыппұл салғандарын істі жүргізген судья Ақмарал Исабекованың хатшысы сәуірдің 7-інде «Азаттық» тілшісіне растады:

- Ия, қазір бұл іс мұрағатта жатыр.

Журналист Ермұрат Бапи газеттің уақытша тоқтатылуы саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасымен байланысты соңғы кезде газетте жарияланған мақалаларға қатысы бар деп есептейді:

- Қазақстан халқына балама, тәуелсіз ақпаратты жеткізбеудің амалынан туып отырған әрекет. «Айна плюс» газеті А.Сәрсенбайұлының қазасы бойынша қоғамдағы түрлі пікірлерді, тергеу жұмысынан сыртқа шығып кеткен ақпараттарды жазды. Бұл – мемлекеттік тапсырмамен жүріп жатқан тергеудің жоралғысынан тыс басқа ой айтып отырған бірден бір газетті жабу.

Ал «Журналистер апатта» қорының президенті Розлана ТАУКИНА бұл тек қазіргі биліктің саяси мақсаттарымен байланысты деген пікірін білдірді.

- Газетте көтерілген өткір тақырыптар билік орындарының көңілінен шықпады. Ал бұл газетті жабуға жеткілікті уәж. Оған қоса Сыртқы істер министрінің орынбасары Рахат Әлиев те қылмыстық істердің қозғалуы мүмкін екендігін алдын-ала қоқан-лоққы түрінде ескерткен, - дейді «Журналистер апатта» қорының президенті Розалана Таукина.

Бірақ, сотқа арыз берген Алматы қалалық әкімдігінің ішкі саясат басқармасының заңгері Алпамыс БАҒДАТҰЛЫ бұл істе ешқандай саяси астар жоқ екендігін алға тартады.

- Ия, бұл таза заңдық тұрғыдағы іс. Сот күшіне енді, сондықтан, олар 3 ай көлемінде газет шығармай, 206 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс. Олар Әкімшілік заңбұзушылықтар туралы кодекстің 342-ші бабының 4-ші тармағы бойынша жауапқа тартылды. Яғни, олар Ақпарат министрлігінен тіркеуден өткенде негізгі тақырыптық бағыттарын «ақпараттық-анықтамалық материалдарды басу» деп көрсеткен. Алайда, олар өздерінің басты жұмыстарынан ауытқып, ақпараттық-анықтамалық материалдар басудың орнына қоғамдық-саяси қызмет көрсете бастаған. Бұл үшін олар Әділет министрлігінен қайта тіркеуден өтіп, жаңа куәлік алулары тиіс болатын, - дейді Алматы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының заңгері.

Ал «Айна плюс» газетінің басшылығы болса, сот шешімімен келіспейді. Соттан әділеттік күтпесек те, жоғарғы инстанцияларға әрі қарай шағымданымыз деп отыр.

Бұл соңғы аптада Қазақстанда жарық көретін тәуелсіз газеттерге қатысты екінші жағдай. Бұған дейін Алматы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Алма-Ата инфо» газетіне қатысты берген дәл осындай негізі бойынша ол басылымның жұмысы тоқтауға мәжбүр екені жайлы «Алма-Ата инфо» бас редакторы мәлімдеме жасаған болатын.
XS
SM
MD
LG