Accessibility links

Жер дауын бейбіт реттеуге қоғамдық ұйым өкілдері ат салыспақ

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Наурыздың 10-ы күні Алматыда “Жер Ана”, “Ұлт тағдыры” “Жалпы патриоттар” және т.б. қоғамдық ұйым өкілдері бірігіп Алматының іргесіндегі елді-мекендерде баспанасы қиратылуға жатқызылған халықтың құқығын қорғау мақсатында қоғамдық комиссия құрды. Құрылған комиссия аталмыш елді-мекендерде өз штабтарын құрып жұмыс істемек. Мәселені шешу үшін парламент депутаттарына үндеу жарияламақшы.

Көктем шыққалы бері баспаналарына шынайы қауіп төнген Алматы іргесіндегі Шаңырақ, Әйгерім, Көкқайнар сынды елді-мекен тұрғындары бүгінде не істерлерін білмей бастары қатуда. Қолдарынан келгені - анда-санда наразылық шарасын ұйымдастыру. Бүгінде қайда екені белгісіз алаяқтарға жем болдық деген тұрғындар кімнен, қайдан жәрдем сұрарларын білмейді.

“2000 жылы осы үйім тұрған 6 сотых жерді “Тамсан” деген ұйымнан бастығы Нұрлан Зияханов дегеннен сатып алдық. Соның берген решениесі бар қолымызда. Табан ақы, маңдай теріммен алдым ғой. Үйді салып болғанша ешкім ештеңе айтқан жоқ. Мына жерге үй салуға болмайды деп. Бүкіл қаражатымды жұмсап салып болғаннан кейін газ деген пәле шықты. Әнеукүні халықты тоз-тоз қылып 18 үйді тас-талқан етіп бұзып тастады. Неге бұзып жатырсыңдар? – десе, шаруаң болмасын дейді. Содан біз ешнәрсені түсінбей отырмыз. Міне, алты жыл болды мемлекеттік акт жоқ отырмын”, дейді баспанасы заңсыз деп танылған Әйгерім елді-мекенінің тұрғыны Сағындық Қошаманұлы.

Мұндай жағдайды жоғарыда аталған елді-мекендердегі мыңдаған халық басынан кешіріп отыр. “Осыдан бір жұма бұрын келіп жолдың ана бетін қиратып кетті. Әкімшіліктенбіз деген біреулер ескертусіз келеміз деді. Тұрып жатқан үйді де, тұрмай жатқан үйді де дүниесін лақтырып тұрып бұзамыз деп кетті. Бір жапырақ жер үшін халықты ит қылып жатыр. Бұл деген сұмдық қой”, дейді Қарлығаш Әуелбаева есімді тұрғын.

Бойларын баспанамыз бұзылып далада қаламыз-ау деген үрей билеген халықтың бар амалы тек қарсылып бағу. Алайда, халықтың қарсылығына қарап жатқан сот орындаушылары жоқ. Жер-жерде өз наразылықтарын білдіріп жатқан халықтың талабына құлақ қояйық деген ресми орын басшылары тағы көрінбейді.

Ал көкектің 10-ы күні осы мәселені билікпен бірлесіп шешу мақсатында бірқатар қоғамдық ұйым өкілдері бірігіп қоғамдық комиссия құрды. Комиссияның төрағасы ретінде саясаткер Болатхан Тайжан тағайындалды. Бұл туралы “Азаттық” радиосына дүйсенбі күні “Жер Ана” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Сәлім Оразалинов мәлімдеді.

“Қоғамдық комиссия мүшелері Қазақстан үкіметіне, парламент депутаттарына, Алматы қаласының әкіміне үндеу хат дайындап жатыр. Және қала әкімінің қабылдауын талап етіп отыр. 2003 жылы қабылданған жер туралы заңда көрсетілгеніндей кез-келген Қазақстан азаматы 10 сотых жерге ие ие бола алады. Сондай-ақ әрбір азаматтың баспанасы болуы керек. Алайда. қала әкімі осы заңды белден басып халықтың жерін тартып алып, тұрғызған үйін бұзып тастап отыр. Бұл заңсыздық болып саналады”, - дейді Сәлім Оразалинов.

Оның айтуынша, қоғамдық ұйымдардың бұл бастамалары оппозиция тарапынан да қолдау тауыпты. Әлі ресми тіркеуден өте алмаған “Алға” халықтық партиясының өкілдері жоғарыда құрылған комиссияға екі қазақ үй беретін болған. Оны комиссия мүшелері Шаңырақ елді-мекеніне апарып тігіп, жұмыстарын жүргізбекші екен.

Ал қатардағы қарапайым халықтың әр жерде наразлық білдіргеніне біраз уақыт болды. Бірақ олардың үн жоғарыға жетер емес.

“Өстіп наразылық білдіргенімізге бір апта болды. Әкімшілікке барайық десек полиция қызметкерлері онда жеткізбейді. Бір-бір бөтелке бензинді құйып алып дайындалып отырмыз”, - дейді Шаңырақ ауылының тұрғыны Хадиша Сәлменова.

Келесі бір тұрғын: ”Бұл жағдай желтоқсан оқиғасынан кем емес. Баспанамызды әбден тұрғызып болған соң жылатып жатыр. Біздікі заңсыз болса үйді сала бастағанда бұл ауылдың әкімшілігі, полиция қызметкерлері қайда қарап қалған? Солар көрді ғой. Сонда неге қаланған іргетасты бұзып тастамайды?” дейді.
XS
SM
MD
LG