Accessibility links

Еуропа Одағы Белорус елінің басшыларын «қара тізімге» енгізді

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Дүйсенбі күні Еуропа одағы Сыртқы істер министрлері Беларустық 31 ресми өкілге, оның ішінде президент Александр Лукашенко да бар, виза бермеу жөніндегі шешімді қолдады. Ол тұлғалар биылғы жылы наурыздың 19-да болған президенттік сайлаулардың қорытындысын қамтамасыз еткен, деп айыпталуда. Тиым салу тізіміне тағы басқа да есімдердің қосылатындығын Еуропа одағы ресми өкілдері айқын түрде айтып отыр.

Еуропа одағына қазіргі кезде Аустрия елі төрағалық етеді. Сонымен бұл ұйымның қабылдаған Беларус ресми өкілдеріне виза бермеу жөніндегі тиымын дүйсенбі күні Аустрия Сыртқы істер министрі Урсула Плассник жариялады.

“Бүгін біз Беларус басшылығының мүшелеріне виза бермеу жөніндегі шешімді қабылдадық. Елдегі президенттік сайлаулар кезінде, сайлауларға байланысты халықаралық ережелердің бұзылғанына олар жауапты болып отыр. Олар сонымен бірге азаматтық қоғам мен демократиялық бағыттағы оппозицияға қарсы қатаң шаралар қолданғаны үшін жауапты”, - деді Плассник ханым.

Аталған 31 адамдық тізімнің басында президент Александр Лукашенконың есімі тұр. Мұның өзі Беларус билігіне қатысты Еуропа одағы төзімінің таусылғандығын білдіріп отыр.

Шешім шығару кезінде ұйымға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің арасында пікір алшақтықтары болғаны айқын. Мысалы, Чех Сыртқы істер министрі Кирил Свобода сондай-ақ ресми Минскіге шаралар қолдану тобының да мүшесі.

“Бүгін қабылдаған шараларымызбен біз келісеміз, келістік те. Алайда, шектеу тізімінің соншалықты қысқа болғаны мені қанағаттандырмауда. Менің ойымша, ол тізімге біз тағы біраз есімдерді енгізуіміз керек”, - деді журналистерге берген сұхбатында Свобода мырза.

Нақтылай айтқанда Свобода мырза мемлекеттік теле-радионың белгілі қызметкерлерін тізімге алуды ұсынып отыр. Әзірше тізімде ұлттық теле-радио компания басшысы Александр Зимоускийдің ғана есімі бар екен. Бұл көзқарасты Польша, Литва, Словакия өкілдері де қолдап отыр.

Осы шешімге жалғас Еуропа одағының жариялаған мәлімдемесінде де бұл тізімнің одан әрі тұрақты түрде кеңейтілетіндігі айтылған. Бұл ұйым сонымен бірге сол сайлаулардан кейін шеруге шыққаны үшін қамауға түскен оппозиция белсенділері мен олардың жақтастарының тағдырына айрықша алаңдауда. Тізімнің одан әрі қалай жалғасуы ресми Минскінің бұдан кейінгі қадамдарына тікелей байланысты болмақ.

Еуропа одағына мүше талай елдер үшін Беларус оқиғаларына белсенді араласамын деп Ресеймен қарым-қатынасты бұзып алмау-аса маңызды болып отыр. Мәселенің бұл жағын жеке жағдайда ұйымның ресмилері мен дипломаттар да мойындап отыр.

Оппозиция жетекшісі Александр Милинкевичке ұйымның қаншалықты назар аударуына қарап та Лукашенко билігіне Еуропа одағының қай дәрежеде қарсы тұратындығын аңғаруға болады. Ақпан айындағыдай емес, мысалы бұл жолғы министрлер басқосуына Милинкевич шақырылған да жоқ. Лукашенко билігін заңсыз деп тану жөніндегі Еуропа Парламентінің шақыруын да дүйсенбідегі бұл басқосу қаперіне ілмеді.
XS
SM
MD
LG