Accessibility links

Мәдени және тарихи құндылығы бар ескі кітаптар мен қолжазбалалар табылды

  • Досан БАЙМОЛДА

Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін бір кездері жоғалтып алған мәдени мұраларын қайта іздестіріп, табылғанын жинай бастағаны белгілі. Бұл үшін осыдан 3 жыл бұрын «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жасалып, қазақ халқының мәдени мұраларына қатысты дүниелерді Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Мысыр, Түркия, тіпті сонау Италиядан іздестіру жұмыстарын жүргізді. Бұған үкіметтен арнайы қаржы бөлінді.

Ал, осыдан оншақты күн бұрын Алматыдағы Төле би көшесі бойындағы 3 қабат ескі ғимаратты жөндеп, соған жаңадан қоныс аударған «Көшпенділердің мәдени мұрасын зерттеу» атты жаңадан құрылған ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары күтпеген жерден тарихи мұраға кезікті. Ғимаратта ешкімге керексіз болып ұзақ жылдардан бері тұрған, кілті жоқ бір ескі сейфті күшпен ашқанда оның ішінен көне ескірген, кейбір беттерінің шеттері мүжіліп, жыртылған екі кітап пен бірқатар қолжазбаларды тауып алыпты. Тарихшы ғалымдар бұл кездойсоқ табылған кітап, қолжазбалардың мәдени мұра үшін аса маңызды заттар екендігін айтып отыр.

Сүлейменов атындағы Шығыстану Институты директорының орынбасары, тарих ғылымының докторы Әшірбек Муминовтың айтуынша, бұл кітаптар мен қолжазбалар өте құнды жәдігерлер екен. Табылған екі кітаптің біреуі - 1886 жылы Қазан қаласында басылған шариғат заңына арналған «Шархли-Бухайа» атты араб тілінде жазылған кітап. Ал екіншісі араб елдерінің бірінде тасбаспа жолымен басылған «Шархи-Аурат» деген кітап екен. Сонымен бірге, тарихшылардың қызығушылығын тудырып отырған бір мәселе - қазақ топырағында жазылған қолжазбалар.

«Онда екі діни имам ислам дінінің қазақ жеріне қалай тарағаны туралы хатқа әдейілеп түсіріпті. Сондай-ақ олар діни уағыздау туралы, дұғалар жайында жазып қалдырыпты», - дейді осы қолжазбалармен танысқан тарихшы ғалым Ә.Муминов.

Көшпенділердің мәдени мұрасын зерттеу жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары бұл табылған ескі кітап пен қолжазбаларды Алматыдағы Ұлттық кітапханаға тапсырды.

Ұлттық кітапхананың бас директоры Мұрат Әуезов бұл тарихи құндылығы бар ескі кітаптар мен қолжазбалардың сарапшылар тарапынан терең зерттелетінін және кейінгі ұрпаққа таныстыру мақсатында ұлттық кітапхана қорына сақтауға алынатындығын айтты.
XS
SM
MD
LG