Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.11.2006 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Қазақстанда бүгін жарық көрген баспасөз беттеріндегі басты тақырыптар ретінде Бельгия Корольдігі Федеральды Парламенті Өкілдер палатасы Төрағасының Қазақстанға сапарының барысы; «Шымбұлақ» тау шаңғы базасындағы қар көшкінінің салдарынан орын алған қайғылы оқиға; Қазақстан президентінің Ресейге ресми сапарының қортындысы және басқа да бірқатар мәселелер қозғалыпты.

2009 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалыққа ұмтылып отырған Қазақстан Бельгия тарапынан қолдау тапқанға ұқсайды деп жазып отыр ресми газеттер. Бельгиялық депутаттарды Қазақстанға сапары барысында қызықтырған мәселе - Қазақстанда 130-дан астам ұлттардың, әр түрлі тіл, әр түрлі мәдениет, әр түрлі дін өкілдерінің бейбіт өмір сүруі - терең танысарлық тәжрибе деп атап көрсетеді Бельгия Корольдігі Федеральды Парламенті Өкілдер палатасының Төрағасы Херман де Кроомен «Казахстансакая правда» газетіне берген сұхбатында.

«Егемен Қазақстан» басылмының Қарағандылық меншікті тілшісі Айқын Несіпбай Карметкомбинаттың қазіргі қожайыны «Миттал Стил» неге металлургтердің еңбекақысын өсіруге құлықсыз» деген сараптамалық-сын мақаласында 2006 жылғы 1-ші қаңтардағы көрсеткіш бойынша жұмысшылардың орташа жалақысы 40 мың теңге шамасында болып, одан барлық әртүрлі салық-төлемдерді алып тастағанда 15 мың теңге ғана қалатынын жазады. Сондай-ақ бұл газет Қазақстан президентінің Ресейге ресми сапарын «Ынтымақтастықтың жаңа белестері» деп қортындылаған президенттің баспасөз хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің брифингін жариялапты.

«Жас алаш» газеті осы сапар барысында қол қойылған келісімдердің бірі – «Қазақстанның төрт полигонын Ресей қорғаныс күштерінің сынақ алаңы ретінде жалға беру туралы» келісімнен Қазақстанға тиесілі 25 миллион долларды ешкім көрмейді, осы пайдадан гөрі сынақ алаңдарының қоршаған ортаға тигізетін зияны көп деген ой қортындылайды. Сонымен қатар 11-ші көкекте өзінің 85 жылдығын атап отырған «Жас алаш» бірінші бетінде Қазақстан президентіне арналған екі ашық хат жариялапты. «Министірліктің жағдайы көңілге қобалжу салады» деген бірінші ашық хатта Қазақстанның бірқатар мәдениет және білім қайраткерлері Мәдениет және ақпарат министірі Ермұхамед Ертісбаевқа қатты сын айта отырып, бұл саланың басшысы - қазақ тілін, мәдениет саласын жетік білетін білікті, тәжірибелі адам болуға тиіс деген қортынды жасапты. «Иә, мен Алтынбекті білуші едім» деген екінші ашық хатта Шығыс Қазақстан облысының Қатынқарағай ауданының зейнеткері, соғыс ардагері, Социалистік Еңбек Ері –Боштай Кітапбаев деген ақсақал өзінің осыншама лауазымына қарамай, алып отырған зейнетақысы тек өзіне жетер-жетпес екеніне шағымдана отырып, ойын «Бәлекет елде көбейер, жігітті жігіт қорласа» деп жалғастырады. Боштай ақсақал одан әрі «Рахат Әлиевке генералдық шен неге ғана керек болды екен? Өзі дәрігер, медицина ғылымының докторы, сол кәсібімен шындап айналысса болмай ма?» дей келіп, «бізге дәл қазіргі таңда Конституцияны қайта қарап, бір кісінің қолына топталған билікті бөлісу керек. Өйткені, халықта «бір кісінің қолындағы билік – жас баланың қолындағы ұстара» деген сөз бар» деп жалғастырады. Одан әрі ол - Алтынбектің өлімі туралы ресми билік айтып жүрген жорамалына халық сенбейтіндігін айта келіп, «Билік ешкімге жоғарыдан мәңгілікке берілген емес. Ол да бір күні өтеді де кетеді... Халық білмейтіндей құпия болмаса екен деймін» деп қортындылайды.

«Литер», «Айқын» газеттері «Шымбұлақтағы» қар көшкіні апатынан қанша адам қаза тапқаны әлі белгісіз болып отырғанын жазады. «Айқын»-да «Азаматтық» партиясының көсемі - Азат Перуашев «диалогқа делдал ретінде біреулерді шақырып отырған азаматтар өз елін сыйламайды» деп Мемлекеттік комиссия жұмысына ЕО не ЕҚЫҰ өкілдерін шақырып отырған оппозицияға сын айтыпты. Газет одан әрі, Алматыдағы Ғалымдар үйінің Қаржы министрлігінің қарамағына өткеніне, наразы бірқатар ғалымдардың пікірін жариялапты. Өздеріне «Қалталы депутат» деп тағылған айдарға келіскісі келмейтін депутаттардың бірі түркістандық Нұрбах Рүстемов «Литерде» «ас үйде батылымыз баратын әңгімені неге парламентте талқыламасқа?» деп үкіметке, күш құрылымдарына сын айтып оқырманмен ой бөліседі. «Шетелдік жаңалықтар» айдарында барлық газеттер Лукашенко мен Белоруссияның бірқатар ресми тұлғаларына ЕО-тың 25 еліне кіруге тыйым салынғаны туралы жазыпты.
XS
SM
MD
LG