Accessibility links

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің озбырлықпен өлтірілгендігіне екі ай толды

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің озбырлықпен өлтірілгендігіне міне екі ай өтті. Оқиға орын алғаннан кейін азғантай мерзімнің ішінде полиция қызметкерлері Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге қатысы болуы мүмкін қылмыскер ретінде сенат аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаевты тұтқынға алғанымен, оның бұл қылмысты ұйымдастырғаны қоғамда үлкен күмән туғызып келеді.

Белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі қылмыскерлердің қолынан қаза тапқаннан кейінгі екі айдың ішінде, түрлі оқиғалардың орын алғандығы белгілі. Оппозиция өкілдері Алтынбек Сәрсенбайұлын соңғы сапарға шығарып салғанда бұл қылмыстың саяси мақсатпен жасалып отырғандығын мәлімдеген болатын. Ресми орындардың рұқсат етпегеніне қарамастан, Алтынбек Сәрсенбайұлының жақтастары мен туған-туысқандары 26 ақпанда Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдында еске алу шарасын өткізіп, оған мыңдаған адамдар жиналған еді. Осы оқиғадан кейін аталмыш шараны ұйымдастыруға қатысы бар деп танылған оппозиция өкілдерінің бәрі де жауапқа тартылып, оларға әкімшілік жаза қолданылды.

Алайда Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты оқиғалар тізбегі мұнымен де аяқталмай, президенттің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев “Айна плюс газетіне берген сұхбатында осы өлімге байланысты менің атыма жалған айыптаулар айтты” деп, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің запастағы полковинигі Арат Нарманбетовтың үстінен сотқа шағым түсірді.

Сәрсенбі күні “Азаттық” радиосына берген түсініктемесінде президенттің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтың адвокаты Любовь Балмағамбетова 7-сәуірде өткен сот отырысында Арат Нарманбетовтың адвокатының жоқтығына байланысты жасаған өтінішіне орай, бұл істі қарау мерзімінің 18 сәуірге қалдырылғандығын айтты.

Сондай-ақ Любовь Юрьевна Балмағамбетова осы іске қатысты барлық шағымның жазбаша түрде сотқа берілетіндігін хабарлады. Ал, сотта ісі қаралып жатқан, Ұлттық Қауіпсіздік комиететінің запастағы полковнигі Арат Нарманбетовтың тергеу жұмысының қарқынына көңілі толмайды екен.

Белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің өлімінен кейін, алғашқы уақытта ресми орындар бұл оқиғаға қатысты белгілі болған мәліметтерді жиі хабарлап отырды. Алайда соңғы уақытта ресми орындар тарапынан осы өлімге байланысты берілетін ақпараттар азайғаннан кейін, көп жайттар жұмбақ күйінде қалды. Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, мұның өзіндік себептері бар.

“Қазіргі уақытта Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиев тобының билікке ықпалын әлсіретудің процесі жүріп жатыр. Бұл Мемлекет басшысының осы өлімге элиталық топтардың қатысы болуы мүмкін деген ойға келгендігін аңғартады. Менің ойымша белгілі саясаткердің өліміне қатысты істердің жартылай жұмбақ күйде жатуының себебі де осында жатыр” – деді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

“Жас Алаш” газеті бас редакторының орынбасары Айдос Сарым «Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімінен кейінгі өткен екі ай, қоғамдық ойдың үлкен дағдарысқа ұшырағандығын әйгілеп берді» деген пікір айтады.
XS
SM
MD
LG