Accessibility links

Ермұхамбет Ертісбаев: «Парламентті тарату керек деген сөзді түсімде де айтқан емеспін»

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Сәрсенбі күні өткен Қазақстан Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысына Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамбет Ертісбаев келді. Оған Парламент Мәжілісінің депутаты, «Асар» партиясының мүшесі Сергей Кисилевтің депутаттық сауалы түрткі болған еді. Өткен наурыз айының ортасында Парижде өткен Еуропарламент пен Қазақстан парламенті арасындағы әріптестік аясындағы кеңесте «Ермұхамбет Ертісбаев саяси реформаны ілгерілету үшін алдымен Парламентті тарату керек деді» деп бұқаралық ақпарат құралдары жазған еді. Енді министр Ертісбаев «мен ондай сөзді айтқам жоқ, тіптен түсімде де айтқан емеспін» деп отыр.

Парламентті тарату керек деген сөздері үшін Мәдениет және ақпарат министрі Парламент депутаттарының алдында жауап берсін деген Мәжіліс депутаты, «Асар» партиясының мүшесі Сергей Киселевтің депутаттық сауалына оның төрайымы Дариға Назарбаева да қол қойған болатын. Бірақ, соңғы екі айдан бері Дариға Назарбаева Парламентке бірде-бір бас сұққан жоқ. Ал Мәжіліс депутаты Сергей Киселев болса Конституцияның 68-бабына сәйкес, Үкіметтің жүргізіп отырған саясатымен келіспейтін немесе оны жүргізбейтін Үкімет мүшесі орнынан түсуге өтініш береді не ол лауазымынан босатылуға тиіс, дейді.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Киселев Конституцияның 63-бабын алға тартып, Парламент Үкіметке сенімсіздік білдіргенде, Парламент Премьер-Министрді тағайындауға екі мәрте келісім бермегенде, Парламенттің палаталары арасындағы немесе Паррламент пен мемлекеттік өкіметтің басқа тармақтары арасындағы еңсерілмейтін келіспеушілік салдарынан саяси дағдарыс болғанда ғана Президент Парламентті тарата алады, дейді.

Ал Парламент депутаттарының алдына келген Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамбет Ертісбаев бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген «Парижде өткен Қазақстандағы президент сайлауы, оның нәтижесі мен салдары деген тақырыптағы конференцияда Ақпарат министрі парламентке реформа керек деп айтты» деген сөздерді жоққа шығарып отыр.

Ақпарат министрі Ермұхамбет Ертісбаев «мен шетел тұрмақ, түсімде де парламентті тарату керек деген сөз айтқан емеспін» дейді.

Бірақ, министр «Еуропарламент депутатының Қазақстанда кезектен тыс парламент сайлауы өтуі мүмкін бе деген сұрағына егер қазіргі парламент 2008 жылға дейін Конституциялық реформа жүргізетін болса, онда әбден мүмкін деп жауап бердім» дейді.

Сонымен қатар Ермұхамбет Ертісбаев депутаттардың алдында кезектен тыс парламент сайлауы өтуі керек дегенді айтпаса да, 67 депутаттың округтер арқылы 10 депутаттың саяси тізімдер арқылы сайланатын жүйесі ескіргенін айтты. Ол «біздің Парламент Ресейдегі сияқты 50 пайызы саяси партия тізіміміен 50 пайызы жергілікті округтер арқылы сайлануы керек» деген пікірін жеткізді.

Алайда Парламент депутаттарының алдына келіп тұрған Ақпарат және мәдениет министрі Ермұхамбет Ертісбаевқа сұрақ қоймайық деп депутаттардың өздері алдын ала сұрақ қойғысы келген әріптестерінің жолдарын жауып тастады. Осылайша «Отан» партиясының мүшесі Мәжіліс депутаты Уалихан Қалижанның ұсынысы басым дауыспен қолдау тауып, ал Ақпарат министрі Ермұхамбет Ертісбаев бірден Мәжіліс залын тастап кете барды.

Ал Мәжіліс депутаты Тито Сыздықов болса «Ақпарат министрі жалтарып кетті деп ойлаймын» дейді.
XS
SM
MD
LG