Accessibility links

Беларуссия: А.Лукашенко – экономикалық дағдарыстың қарсаңында үшінші президенттік мерзіміне кірісті


Александр Лукашенко – тағы бір мерзімге Беларуссия президенті болып отыру мүмкіндігіне ие болды. Алайда ендігі жерде оны алда “тар жол, тайғақ кешу” күтіп тұруы мүмкін. Оның ішінде сырттан импортталатын табиғи газ бағасының күрт қымбаттау мүмкіндігі, әсіресе зор қатер болатын тәрізді. Беларуссия – Ресей газына кіріптар болып отыр. Таяуда Ресейдің ГазПром компаниясы 2007-інші жылдан бастап Беларуссияға экспортталатын газдың бағасы жаңа келісім-шарт бойынша 3 есе қымбаттайтынын мәлімдеді. Бұл – Беларуссияның “жоспарлы экономикасына” кері әсер етпей қоймайды.

Дәл қазір Беларуссия экономикасы тұрақты түрде өсіп келеді. Бірақ беларусь экономикасы Ресейдің арзан энергоресурстарына қатты байланған. Штаб-пәтері Лондонда орналасқан экономикалық сараптау мекемесінің өкілі Стюарт Хэнсэлдің пікірінше, Беларуссия экономикасы “құмға құрылған”.

“лександр Лукашенконың келесі бірнеше жылдан кейін байқалатын біршама экономкалық дағдарыстың алдында тұрғаны анық. Менің ойымша, ең басты проблема – соңғы жылдары Беларуссия экономикасының тұрақты өсуіне түрткі болған көп нәрсе – алдағы уақытта да осылай жалғаса бермейді”, - дейді С.ХЭНСЭЛ.

Беларусь экономикасы Ресейден импортталатын арзан мұнай мен газға қатты байланған. Осы күні орыс газы үшін Беларуссия ТМД елдерінің ішінен ең аз төлейді – 1 мың текше метр көгілдір отынға ол шамамен 47 доллар. Ал Батыс Еуропа елдері 1 мың текше метр орыс газына шамамен 240 доллардай төлейді. Ал енді ГазПром компаниясының Беларуссияға да газды осы еуропалық бағамен сатуға ұмтылуы – беларусь елін қатты дүрліктірді. С.Хэнсэлдің айтуынша, қуат көздерінің бағасын сәл ғана көтергеннің өзінде де ол Беларуссия экономикасы айтарлықтай кері әсер етер еді. Бірақ, 2007-нші жылға қарай газдың бағасын 3 есе көтерген күнде де, одан қандай өзгеріс болатынын А.Лукашенконың сезе қоятынына Хэнсэл күмәнмен қарайды. Оның пікірінше, А.Лукашенко, бұрынғыдай, газ бағасының күрт өсуіне жол бермеуге ұмтылады.

Украина, Молдова және Грузия сынды бұрынғы совет республикалары өткен қыста газ бағасына байланысты Ресеймен талас-тартысқа баруға мәжбүр болып, ақыр аяғында оның бағасын айтарлықтай көтеруге келісті. Осы аптада ГазПром компаниясы Армениямен жаңа келісімге келгенін хабарлады. Оған сәйкес, Ресей компаниясы Ираннан газ тасымалдау үшін салынған газ құбырын өз бақылауына алады. Беларуссияның Ресеймен арадағы газ жанжалы – оның ішкі газ құбырларын басқаратын БелТрансГаз компаниясын өзінің бақылауынан шығарып алғанын және онымен бірге өзінің экономикалық тәуелсіздігінен де біршама айрылғанын аңғартады. Ресейдің көздегені де осы болса керек – Беларуссияның газ құбырларына бақылау орнату.

Алайда кеңсесі Минск қаласында орналасқан “Беларуссия және нарық” апталығының экономикалық сарапшысы Татьяна Манионоктің пікірінше, А.Лукашенконың оған әлі жол бермеуі де мүмкін. Өйткені, деп түсіндіреді Манионок, өзге елдерге қарағанда Ресей Беларуссияға саяси себептермен өзгешеу қарайды. .

“Ол (яғни - Ресей) өзінің жалғыз одақтасы болып табылатын және оның ішінде А.Лукашенконы қандай да бір тығырыққа қуып тығады дегенге мен онша сенбеймін. Дәл бүгін бұл Ресейге тиімді ғой деп ойламаймын. Сол себепті де мен мұнайдың және газдың бағасына байланысты әзірше екі жаққа да қолайлы шешім табылады деп болжаймын”, - деді Татьяна Манионок.

Татьяна Манионоктің айтуынша, Беларуссия – Мәскеу үшін әскери сала жағынан да, Ресей тауарлары өтетін транзиттік ел есебінде де өте маңызды. Сонымен қатар, деп ескертеді беларусь сарапшысы, Беларуссия – кешегі совет республикаларының ішінен Ресеймен ашықтан-ашық бірігуге ұмтылған жалғыз ел.

Беларуссия экономикасының ахуалы – оның арзан мұнай мен газға тәуелді болып отыруыменбайланысы жоқ. Өзінің билік басында отырған жылдарында А.Лукашенко Беларуссияны бүкіл осы аймақта жүзеге асып жатқан экономикалық реформалардан аластатты. Мұндай іс-әрекет елді шын мәнісінде іс атқаратын нарықтық экономикасыз қалдырды және беларусь өнеркәсібінің шамамен 80 пайызы мемлекет меншігінде қалды. Соған қарамастан, деп атап көрсетеді Стюарт Хэнсэл, Лондондағы экономикалық сараптау мекемесінің өкілі, өзіңнің халық ішіндегі абырой-беделінің деңгейін биік ұстап тұру мақсатында А.Лукашенко зейнатақы мен айлық жалақыны үнемі көтеріп келеді.

“А.Лукашенконың тұсында айлық жалақы тым тез көтерілді. Бұл – онша өміршең емес нәрсе болса керек. Бұл, сонымен бірге, Беларуссия компанияларының бәсекелестік қабылетіне де ауыр сын болды”, - дейді С.ХЭНСЭЛ.

Осы күні Беларуссиядағы фабриктердің 60 пайызға жуығы әзер жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпорындар экономикаға айтарлықтай салмақ салып отыр. Ал елдегі әлеуметтік бағдарламалар тиімді жұмыс істеп жатқан санаулы компанияның есебінен игерілуде. Бірақ мұндай экономика ұзаққа бармайды. С.Хэнсэлдің пікірінше, А.Лукашенко қазір өзі жүргізген экономикалық саясатының құлы болып отыр.

“Оның экономикалық саясаты – экономикаға қажетті инфестицияның көлемін ұлғайтуды және экономиканың өміршеңдігі мен дамуын ынталандыру үшін оның құрылымын өзгертуді көздемеді. Оның (яғни - Лукашенконың) проблемасы – оның ұстанған саясаты – оның толық саяси моделі, экономиканы толық саяси қадағалауда ұстау болып отыр. Ол дегенің – қатаң мемелкеттік бақылау”, - деді С.ХЭНСЭЛ.

Нарық реформаларын жүзеге асыру - фабрик-зауыттардың көбісі жабылып, жұмыссыздар қатарының күрт өсуіне соқтырады. Бұл, өз кезегінде, А.Лукашенконың бұқара арасындағы абыройына нұқсан келтіреді. Жеке кәсіпкерлік өркендеп, орташа тап қалыптасатын болса, А.Лукашенконың билігіне қатер төндіруі мүмкін. С.Хэнсэлдің қортындылауынша, қазір А.Лукашенко – бұрынғы саясатын жалғастыра да алмайтын және алға да жылжи алмайтын халге тап болды.
XS
SM
MD
LG