Accessibility links

Сот шешімімен Кришна қоғамы өздері пайдаланып келген жерден айырылды


Сәуірдің 13 күні Қазақстандағы Кришна қоғамының өкілдері халықаралық қауымдастықтан көмек сұрады. Себебі, наурыз айының соңында сот шешімімен олар өздеріне тиесілі жерден айрылып қалған. Енді Кришнаға табынушы азаматтар облыстық сотқа, соңынан республиканың Жоғарғы сотына баруды көздеп отыр, бірақ алдын ала жерден айырылып қаламыз деп, алаңдайды.

“Біз сенетін дін Қазақстанда бұрын болмағандықтан, бізге бөгет жасаушылар көп”, - дейді Кришнаға табынушы азаматтар.

Ал ресми тұлғалар жоғарыда аталған қоғамға ешкім қысым көрсетіп отырған жоқ дегенді айтады. Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдер және Орта Азия мемлекеттері аймағындағы ең ірі Кришнаға табынушы қоғам өкілдері өздерінің жерінен айрылып отыр. Кришнаға табынушы азаматтардың 47,7 гектар жері Алматы облысы Қарасай ауданында орналасқан. Қарасай ауданының әкімшілігі Кришнаға табынушы азаматтарды жерді сатып алғанда, заңды бұзған деп айыптаған болатын. Бұл мәселені қараған аудандық сот істі әкімшіліктің пайдасына шешіп беріп, наурыздың 29 күні Кришна қоғамының өкілдерін жерсіз қалдырған.

“Алғашында бізге сендер жерді дұрыс пайдаланып жатқан жоқсыңдар деп айып тақты, соңынан біз жерді дұрыс пайдаланып жатқанымызды арнайы мамандардың зертеуі арқылы дәлелдеп бергенде, бұл жерді сатып алғанда құжаттар дұрыс толтырылмаған деп, екінші мәрте айып тақты. Енді облыстық және Жоғарғы сот қалды, егер осы жолы біз жеңіліп қалсақ, онда біз жерсіз қаламыз”,- дейді Кришна қоғамының баспасөз қызметкері Максим Ворфоломеев.

Қазақстандағы Кришна қоғамының өкілдері алып отырған 47,7 гектар жерде 50 шақты отбасы тұрады. Егер олардың жері алынып қойса, онда Кришнаға табынушылардың Алматы облысындағы қоғамы жойылады деген қауіп бар, дейді қоғам мүшелері. Орын алып отырған жағдайға байланысты біз Алматы облысындағы Қарасай ауданының әкімі Болатби Қутпановқа хабарласқанымызбен, одан жауап алуға мүмкіндік болмады.

Ал Кришнаға табынушы азаматтар өздерінің қоғамдары алғашқылардың бірі болып, Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған діндер құрылтайына қатысқанын айтып отыр. Енді үстіміздегі жылы ұйымдастырғаны отырған екінші құрылтайда олар жерсіз қаламыз ба, деп алаңдап отыр.

“Қазақстан әлемде бірінші болып, бұл елде барлық діндер бейбіт өмір сүре алады деп, мәлімдеді. Бірақ, жергілікті жерлерді шенеуніктер бұл ойды қолдамай отырғандай көрінеді», - дейді Кришна қоғамының баспасөз қызметкері Максим Ворфоломеев.

Республикадағы Кришна қоғамы өкілдерінің білдіріп отырған наразылығын қазақстандық дінтанушы маман Мұртаза Бұлытай білмейді, бірақ маманның пікірінше, олардың ондай пікір білдіруге құқысы жоқ.

- Олардың не айтып жатқанын біз білеміз. Әдетте олар, Қазақстандағы жағдайды айтып, жамандайды. Республикада діни-сенім еркіндігі жоқ дегенді, айтады. Ал негізінен ол дінді біз Қазақстанға шақырған жоқпыз, Қазақстан діні жоқ ел емес, оның өз діні, өз заңдары бар. Сол себептен олар мұны өздеріне қысым көрсетіліп жатыр деп айтқаны дұрыс емес. Біз республика қауіпсіздігі үшін өз әрекетімізді жасауымыз керек.

Кришна дініне табынушы азамат Қарабаджан өзі жұмыс жүрген қоғамның жергілікті билікпен күресіп жатқан оқиғаларға араласқысы келмейді.

“Ең бастысы мен өмірде іздеген құндылығымды тауып, бақытты өмір сүріп жатырмын”, - дейді ол.

Кришнайттар қоғамы Қазақстанда 1996 жылы тіркелген. Бұл жоғарыда атап өткеніміздей Кеңес Одағына мүше болған елдердің аймағында ең ірі қоғам болып есептеледі. 2004 жылдың соңында Кришна қоғамы мен Алматы облысы Қарасай ауданының әкімшілігі арасында дау басталып, бүгінгі таңда жер мәселесі бойынша аудан әкімшілігі бірнеше мәрте сотқа шағымданған болатын. Соңғы іс бойынша, әкімшіліктің талабын қанағаттандыру туралы сот шешімі наурыздың 29-шықты.
XS
SM
MD
LG