Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.14.2006 жыл

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Жұма күні жарыққа шыққан мерзімді басылымдар негізінен әлеуметтік мәселелерге назар аударған екен. Соңғы уақытта халық пен билік арасында бітпес дауға айналған Шаңырақтағы жер мәселесі басылымдардың басты тақырыбына айналыпты.

Оппозициялық бағыттағы “Апта kz” басылымының соңғы санындағы “Шаңырақты шайқалтпа Тасмағанбетов” атты мақалада автор Назарбек Қанафияұлы: “қазіргі биліктің Шаңырақтағы тұрғындарды қан жылатып, наурыз мейрамы кезінде жоқ- жітіктердің басына қамшы үйіріп, шаңырағын ортасына түсіргені 1937 жылдарды еске түсіреді”, деп жазыпты. “Қала әкімі Иманғали Тасмағанбетовтің қияндағы ауылдардан Алматыға жосылып, қала шетіндегі бос жерлерге баспана тұрғызып, өлместің күнін кешіп жатқан қазақтардың баспаналарын бұздыртуға қалай дәті барды? Олардың құжаттарын дұрыстау соншалықты қиын ба?” деп сауал тастап өз ойын: “сол жалған құжаттарды таратып халықты әуре сарсаңға салып отырған әкімшіліктегілердің өздері емес пе? Олар жалған құжат таратқаны үшін неге жауапқа тартылмайды? Биліктегілер кісі өлтірсе де жауап бермейтін заман орнатқанымызда не ұтамыз? Алаяқтар жазаланбайды керісінше, қалың бұқара зардап шегеді. Бұл не деген сұмдық?” деп ойын түйіндепті.

Ал жер мәселесі “Жас Алаш” басылымының соңғы санында “Тәуелсіздік желтоқсаны шаңырақта жалғасты” атты мақалада көтеріліпті. Мақалада баспаналарын қорғаймыз деп көшеге шыққан шаңырақтықтар жазалауға ұшырап 9 адамның тұтқындалып, әкімшілік жауапқа тартылғандығы айтылыпты. Басылымның жазуына қарағанда, Алматы қаласының Әуезов ауданының әкімшілігі Шаңырақтағы жүзден астам үйді бұздырам деген райынан қайтпай отыр. Ал баспанасыз қалған бейбақтарға қандай жағдай жасалатынын түсіндіруге құлықтары жоқ.

Қай уақытта болмасын шешілуі қиын болған жер дауы тақырыбына “Свобода слова” басылымы да арнайы мақала беріпті. Басылымның тілшісі Болат Рысқожа Алматыда бірқатар аудандардың жобалаушы авторларының бірі болған архитектор Марат Мыңбаевпен сұхбат жүргізіп бүгінде дауға айналған “Шаңырақ” елді-мекенінің қалай пайда болғаны жөнінде әңгіме қозғапты. “Шаңырақтың жағдайы тек бүінгі күннің ғана проблемасы емес екендігін тілге тиек еткен архитектор Марат Мыңбаев: “Кеңес өкіметінің қайта құру кезеңі басталғанда “Тұрғын үй-91” бағдарламасы аясында мыңдаған алматылықтардың баспана мәселесін шешу мақсатында түрлі бірлестіктер құрылып сол уақыттарда Алматы қаласының әкімі болған марқұм Заманбек Нұрқаділовтің шешімімен баспансыздарға жер телімдері берілді. Қазіргі қала әкімі Иманғали Тасмағанбетовте сол кезде баспанасыздар бірлестігінің біріне жетекшілік еткен болатын”, дейді.

Ал “Республика” басылымы соңғы санында қиратылуға жатқызылған баспаналарды қорғау мақсатында қоғамдық бірлестіктер мен саяси партия өкілдері “Жер және баспана” атты қоғамдық комитет құрғандығын хабарлапты. Аталмыш комитет төрағасының орынбасары Арон Атабек газет тілшісіне: “Қазақстан Конституциясында әрбір Қазақстан азаматы 10 сотых жерге тегін ие бола алады, деп жазылғандығын айта келіп, қалалық әкімшіліктің тұрғындарды далада қалдырып, олардың баспаналарын трактормен күреп тастағаны барып тұрған заңсыздық” дейді. Сондай-ақ басылым “Шаңырақтағы заңсыз үйлерді қирату кезінде 90 жастағы қарт ана қан қысымы көтеріліп, жүрегі ұстап өлім аузынан қалған. Екі жүкті әйел түсік тастаған. Ал ашық аспан астында баспанасыз қалған тұрғындар бүгінде көршілерін паналауға мәжбүр болып отырғандығын жазыпты. Басылым қала әкімі Иманғали Тасмағанбетовті 2005 жылдың тамызының 23-і күні халық алдында берген уәдесін орындап, халыққа араша түсуге шақырыпты.
XS
SM
MD
LG