Accessibility links

Қоршаған ортаның тым бүлініп кеткен аймақтарын қалпына келтіру үшін көптеген елдер енді көршілес жатқан мемлекеттермен бірлесіп қимылдау арқылы табиғатты қорғау шараларын қолға ала бастады. Мұндай жобалар тепе-теңдігі бұзылған аймақтарды қайта гүлдендіріп, ондағы жан-жануар әлемін қайта тірілтуге өзіндік ықпал етеді деген үміт бар. «Азаттық» радиосының тілшісі Орта Азия өлкесіндегі табиғат сабақтары қандай деген тақырыпты зерттеп көрген еді.

Совет одағы тұсындағы он жылдықтар бойына Орта Азия аймағында мақтаны көптеп өсіреміз деген желеумен алқаптарды суландырудың салдарынан Арал теңізінің суы тартылып, кенересі кеуіп қалды. Химиялық улы заттардың әсерінен Әмудария мен Сырдария өзендерінің арнасы тарылды. Уланған аймақтардың суы мен ауасы адам ағзасына өзіндік ықпал етіп, табиғат-ананың тепе-теңдігінің бұзылуынан тұрғындардың денсаулығы нашарлап, жарымжан балалар дүниеге келетін болды. Десекте, Тегерандағы қоршаған орта мен зоология ғылымдарының профессоры Есмаил Каром аталған өлкедегі елдер мұндай жайттардан өзіндік сабақ алып, қорытынды шығармай отыр деп есептейді.

Ол Иран мен Ауған шекарасында жатқан Хамун көлінің ауған жағындағы Хелманд өзенінің суын тарту салдарынан қаншалықты зардап шеккенін тілге тиек етеді:

- Бір ғана елдің өзіміз ғана шешетін жеке проблемамыз деп ойлағандығынан Хамун көлінің жағдайы не болды? Оның қорытындысында бір елді қоректендіріп отырған Хамунды Ауған үкіметі пайдаланып, дамбалар тұрғызылды да, ал Хамун болса кеуіп қалды.

Тірі табиғаттың аясындағы барлық тіршілік иесі - аң-құстар, таулар мен ормандар және өзен, көлдер мен олардағы балықтардың бәрі де адамзат баласының аялы қамқорлығына зәру. Олардың көпшілігі жылдан жылға азайып, жер бетінен құрып барады.

Германиядағы «Жасылдар» тобының орман кеңесшісі Мартин Кайзер Орта Азиядағы сияқты көрші жатқан елдердің табиғат қорғау саласында бірлескен әрекеттер жасауы тиімді деген пікірін білдіреді.

- Орта Азияда үлкен экологиялық жүйе бар, ондағы пробеламалар да ұқсас және ол мәселелерді шешу де өз қолымызда. Сіз Каспийдің немесе Арал теңізінің бір аймағына ғана тән проблема таба алмайсыз, оның бәрі шекаралас жатқан аймақтың барлығына да ортақ, бір-бірімен байланысты.

Кайзер шекаралас елдердің табиғат қорғау шараларын бірлесіп қолға алуы - Орта Азиядағы аң-құстар мен жан-жануарлардың жүздеген түрін, сондай-ақ әлемнің басқа жерінде кездеспейтін сирек түрлерін сақтап қалуға көмектескен болар еді дейді.

Сөз болып отырған Ғаламдық қоршаған ортаны қорғау қоғамынан 10 миллион доллар грант бөлінген транс-шекаралық Орта Азия жобасы 2000 жылы бастау алған болатын. Жоба Өзбекстан мен Қырғызстан, Қазақстан аймақтарында жұмыс істейді, ол бойынша Қазақстандағы Ақсу-Жабағылы қорығы, Қырғызстандағы Беш-Арал, Сары Шелек және Өзбекстандағы Шатқал өлкелері қамқорлыққа алынған. Осы орайда Қырғызстандағы қоршаған орта мен ормандарды қорғау жөніндегі мемлекеттік агенттіктің қызметкері Бақтыбек Қойшыманов жоба әлі толық жүзеге асырылып болған жоқ дейді.

Орталық Азиядағы көлемі жағынан екінші орын алатын Қазақстандағы Балқаш көлінің де, оған келіп құятын İле өзенінің суы азаюынан тартылып қалу қаупі төніп тұр. Жылдар бойына Каспий теңізін пайдаланудағы ысырапшылдық пен ұқыпсыздық салдарынан бұл су көзінің де тағдырына алаңдаушылық күшейе түскен. Каспий теңізімен шектесіп жатқан бес мемлекет - Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түркменстан әлі күнге дейін аталған теңіздің заңды мәртебесі тұрғысында бір ұйғарымға келе алған емес. Әрине, Каспий мәртебесін дұрыс шешіп, оның болашағын айқындау үшін аталған елдердің бұл мәселеге саясатты неғұрлым азырақ араластырғаны тиімді болмақ.
XS
SM
MD
LG