Accessibility links

АҚШ-тағы заңсыз иммигранттардың жағдайы қиындай түспек

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Сонымен, АҚШ-та жүздеген мың иммигранттың АҚШ елінде жүріп-тұруына, тіршілік-өміріне, жұмысына тікелей әсер ететін жаңа заң күшiрe енетін түрі бар. Ол заң бойынша АҚШ-қа туристік, білім алу, оқу, т.б. визалармен келіп, заңсыз қалып қойған шетелдік азаматтардың миграциялық құқын шектейтін жаңа, қатаңдатылған тәртіп енгізілгелі жатыр.

Мұндай хабар тарасымен-ақ, АҚШ-тағы иммигрант қауым, енді алдағы кезде қауіп төндірмек әуре-сарсаңдық жағдайын сезіп, наразылық шерулеріне шыға бастады.

29 жасқа келген украиналық азамат Виктор Чикагога осыдан 5 жыл бұрын туристік визамен келген екен. Ол алты айдан кейін еліне қайтуы керек болған. Бірақ ол Чикагода қалып жұмыс іздейді.

- Мұндағы орыс тілді газеттердегі жарнаманы оқып, бір жігітке телефон шалып, жұмыс таптым, - дейді Виктор.

Ал енді АҚШ Сенатындағы республикашылардың ұсынған жаңа заңы бойынша, Виктор секілді иммигранттар АҚШ-та 2 жыл тұрғаннан кейін азаматтық үшін арыз беруі қажет. Ал ол үшін ағылшын тілін біліп, айыппұл да төлейді.

Ал Өкілдер палатасының ұсынған заңы бойынша, Виктор сыяқтылар келген жеріне қайтарылады, тіпті заңды иммиграциялық мәртебесінен айрылады. Бұл заң 100 мыңдаған азаматтың жағдайын қиындатады. Дегенмен, Виктор заңгер адвокаттардың қолдауына үміт артады.

АҚШ-тағы Каса ав Мериланд деген бейүкіметтік ұйымның атқарушы директоры Густаво Торрес Виктор секілді иммигранттарға мүмкіндігінше көмек ұсынып келеді.

- Біз иммиграция мәселесін дұрыс жолмен шешу әрекетіндеміз. Он мыңдаған жаңа иммигранттарды тіркеуге алып, 2008-жылдардағы президенттік сайлауға дайындалу қамындамыз. Саясаткерлерге, сіздер иммигранттарға қарсы саясат жүргізбеңіздер, біздің қауымға қарсы шабуыл жасамаңыздар демекшіміз, - дейді адвокат заңгер.

Дегенмен АҚШ-тағы заңды иммигранттардың заңсыз иммигранттарға онша жаны аши бермейді екен. Мысалы, Адриана Абру есімді қыз АҚШ-қа Бразилиядан 1997-жылы туристік визамен келген. Кейін студент атанып, жолы болып, визалық лотерея ойынында Грийн-кард - азаматтыққа жол ашатын Жасыл куәлік ұтып алған. Міне енді Абрудың толық азаматтыққа қолы жетіп отыр.

- Мен иммигранттарға қарсы емеспін. АҚШ иммигранттардан құралған. Әлі де болса АҚШ оларға қарсы болмағаны дұрыс, себебі, иммигранттар керек-ақ. Бірақ қойылатын жаңа шарттар әрқашан заңмен жүретін мен секілді азаматтарға артықтау. Күндізгі бөлімде оқу үшін бірталай ақша төлеу керек. Соны да жасадым. Бірақ, әркім де ондай қиындықтан өте бермейді - дейді шыққан тегі Бразилиялық азаматша.

Дегенмен, АҚШ-та қабылданбақ жаңа заңға ондағы азаматтардың пікірі алуан түрлі. Ал Виктор болса Украинаға қайтқысы жоқ. Ол қазір Чикагодағы бір компанияда суретші болып жұмыс істейді. Екі бөлмелі пәтерде тұрады. Жеңіл автокөлігі де бар.

- Мен Украинадағы өз үйімде болмағаныма 11 жыл толды. Адамдар, әрине, өзгеріп кетті. Меніңше, енді олармен өзара түсінісу де қиын болар, - дейді бұрынғы украиналық, ал қазіргі кезде АҚШ-та жүрген Виктор.
XS
SM
MD
LG