Accessibility links

Қазақстандағы ұшақтарды жаңарту көзделіп отыр

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

2006 жылдың 1 сәуірінде жүргізілген тексеру барысында Қазақстан ұшақтарының 60 проценті ұшуға жарамды деп танылды. Осыған орай қазіргі уақытта 206 ұшақ пен 46 тікұшақтың қызмет көрсетуі тоқтатылды. Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2007 жылдан бастап Қазақстан азаматтары жаңа ұшақтардың қызметін пайдалана бастайды. Өйткені 2007 жылдан бастап осы уақытқа шейін қызмет көрсетіп келген АН-24, ЯК-40, ТУ-134 ұшақтарын пайдаланудан алып тастау көзделініп отыр.

Көлік және коммуникация министрлігінің, ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау басқармасы бастығының орынбасары Көпболсын Тоқпақбаев дүйсенбі күні “Азаттық” радиосына берген сұхбатында бұл ақпаратты растады. Алайда ол өз сөзінде алаңдаушылық танытудың қажеті жоқтығын айтып, пайдаланылып жатқан ұшақтардың әуе қызметін пайдаланатын жолаушылардың өміріне ешқандай да қауіп төніп тұрғызбағандығын айтты. Алайда әзірше таяу арада қанша жаңа ұшақтың пайдалануға берілетіндігі де белгісіз екен.

- Дәл қанша ұшақ алатындығы туралы мәселе қойылған жоқ. Өйткені, бір ұшақтың бағасы 5 миллион доллардан 40 миллион долларға шейін барады, - деді Көпболсын Тоқпақбаев.

Қазақстандағы ұшақтардың сапасының төмендігі туралы осы уақытқа шейін де түрлі әңгімелердің айтылып келген-ді. Қазіргі уақытта қазақстандық жолаушыларға әуе қызметін көрсететін “Эйр Астана” атты бір-ақ монополист компания бар. Бүгінгі уақытта осы компаниямен соттасып жатқан мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов жаңа ұшақтардың соңғы уақыттары ғана пайда бола бастағандығын айтып, алайда әуе қызметінің сапасы жақсаруы үшін Қазақстанда бір-бірімен бәсекеге түсетен бірнеше әуе компаниялары болуы керек деген ойын білдірді.

Біз осы мәселеге байланысты түсініктеме алу үшін “Эйр Астана” әуекомпаниясына телефон шалғанымызбен, олармен байланыса алмадық. Тіпті, компанияның автожауапбергіші мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейді екен. Жиі-жиі іссапарда болатын жазушы Сәбит Досановтың айтуынша, Қазақстанда қызмет көрсетіп жатқан ұшақтардың сапасы сын көтермейді.

- Бізде оңған ұшақ жоқ қой, бәрі ескі. Президенттің ұшағынан басқа ұшақтардың бәрі де қауіпті бізде. Жол жүру керек, ал, жол жүрсең - шыбын жаныңды шүберекке түйіп отырасың, - дейді жазушы Сәбит Досанов.

«Ұлт тағдыры» қозғалысының басшысы Дос Көшім Қазақстандағы ұшақтардың көп жағдайда әуе қызметін пайдаланатын жолаушылардың өміріне қауіп туғызатындығын жоққа шығаруға болмайтындығын тілге тиек етті. Оның айтуынша, соңғы екі-үш жылдың ішінде Қазақстанның басқа елдерден ескі ұшақтарды сатып алып жатқандығы туралы да мәлімет бар екен.
XS
SM
MD
LG