Accessibility links

Өз елінде қуғын көрген түркмен жазушысының кітабы АҚШ-та Барбара Голдсмис Бостандық қаламы сыйлығына ие болды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Түркмен жазушысы Рахым Есенов - “Байрам хан” деген романы үшін 1997-ші жылдан бері Түркмен өкіметі тарапынан қуғын көрген адам. Ол кітапты президент Ниязовтың өзі тарихи деректерді жаңсақ қолданған деп бағалаған болатын. Содан кейін-ақ бұл кітаптың авторы сандаған кедергілерге тап болды. Түрмеге жатып шықты. Енді міне 79 жасар жазушы Нью-Йоркте Барбара Голдсмис Бостандық қаламы сыйлығына ие болмақшы. Ол - Азаттық радиосының жергілікті тілшісі ретінде де белсенді журналист.

“Байрам хан” романын президент Сапармұрат Ниязов “тарихи мәліметтерде жаңсақтықтар жіберілген” деп сынаған еді. Автор кітапты президентке жағатындай етіп қайта өңдеуден бас тартқаннан кейін-ақ 1997-ші жылы оның таратылуына тиым салынған болатын. Ал, 2004-ші жылы осы кітабын заңсыз түрде таратуға тырысты деген айыппен жазушы Есенов қамауға алынған еді. Келер жылы елден сыртқа шықпауға уәде қағазына қол қойып, сондай-ақ жергілікті полиция бекетіне апта сайын тіркеліп отыратын болғаннан кейін ғана ол үйіне шығарылған болатын. Есенов мырза Совет үкіметі кезінде “Правда” газетінің Түркменстандағы тілшісі болған. Сондай-ақ совет кезіндегі Түркмен Мәдениет министрі қызметін де атқарған. Ол - 20 шақты кітап авторы.

“Менің өмірдегі ең басты мақсаттарым журналистика мен жазушылыққа байланысты”, - деді Есенов мырза.

Түркмен елі тәуелсіздік алғалы бері де ол қаламын қолынан түсіріп көрген емес. Атап айтқанда Азаттық радиосының Түркмен қызметі үшін де белсенді түрде жазып келеді.

“Байрам хан” романының оқиғасы 16-шы ғасырды қамтиды. Басты кейіпкер Байрам хан - ортағасырлық ақын, ойшыл, армия генералы. Ол сыртқы күштердің Түркмен жерін бөлшектеуіне қарсы тұрады. Елді біртұтас күйінде сақтап қалуға бар күш-жігерін жұмсайды.

“Байрам хан кім еді? Ол - діни төзімділікті басты мақсат ретінде таңдаған жан. Ол үшін христиан шіркеуі де, мұсылман мешіті де, еврей синагогы да бірдей еді. Байрам ханның көзқарасынша, барлық адам баласы бір Құдайға ғана сыйынып, сенуі тиіс. Ол өзі сондай адам еді”, - деді жазушы Есенов Азаттық радиосы тілшісіне берген сұхбатында.

2004-ші жылы сал боп ауырған кезінде ел билігі оны күштеп, аурухана төсегінен түрмеге ауыстырған болатын. Тек халықаралық қауымдастықтың талабынан кейін ғана ол бостандыққа шықты. Одан бұрын аталған романның 800 данасы жойылды. Есенов мырза сондай-ақ бұрынғы Сыртқы істер министрі, қуғындағы саясаткер Абды Кулиевпен телефон әңгімесі жөнінде билікке хабарлаудан да бас тартты. Сондай-ақ Азаттық радиосындағы тілшілік қызметін тоқтатуға да көнбеді.

Барбара Голдсмис Бостандық қаламы - ой-пікір еркіндігін қорғау жолында қалам тартып, сол үшін қуғынға ұшыраған, түрмеге жабылған қаламгерлерге берілетін сыйлық. Биылғы жылғы сыйлық жазушы Есеновпен бірге Алжир жазушысы Мұхамед Бенчисоуге берілмекші. Бұл екі қаламегр де өз елдерінің тарихы жайлы жазғанда үкімет бақылауына бас имегендері үшін осындай құрметке ие болып отыр.
XS
SM
MD
LG