Accessibility links

Ресейдің «Газпром» компаниясының басшылығы үшін қиын кезеңдер туындап келе жатқан болуы мүмкін. Олар алдағы онжылдықтарда Европа елдерін газбен қамтамасыз етеміз деген үлкен міндеттеме алды, ал бірақ «Газпром» компаниясының жаңа газ орындарына қаржы жұмсап, оны дамытуға инвестиция салудан бас тартуы, олардың бұл келісім үдесінен шығуын қиындатары сөзсіз. Бұл ретте «Газпром» компаниясы Орта Азияға, оның ішінде Түркменстанға үлкен үміт артып отырғаны байқалады. Ал Вашингтондағы бірқатар сарапшылардың ой-тұжырымдарына қарағанда, Орта Азияның газ саласында өзіндік – басқа жоспары болуы да ғажап емес.

2008-2009 жылдары «Газпром» Орталық Азиядан 100 миллиард текше метрден астам газ сатып алуды жоспарлап отыр. Оның 80 миллиард текше метрін Түркменстан қамтамасыз етеді деп болжалған. Алайда, ресми деректерге сүйенер болсақ, өткен, 2005 жылы Түркменстан газ өндірісінің барлық өндірген газ көлемі 63 миллиард текше метр болған еді, сөйтіп, оның 45 миллиард текше метрі ғана сыртқа шығарылған екен.

Міне, осы айтылғандардың нәтижесіндей, «Азаттық» радиосының талдаушысы Даниел Киммэж «Газпромның» Орталық Азиядағы бағыты айқын деген пікірін білдіреді.

«Газпром» егер Түркменстанды осы бағытта, демек алдағы бірнеше жылда оның алған міндеттемелерін орындатқысы келсе, онда Ресей компаниясы Түркменстанның газ өндірісін ұлғайтуға көмек көрсетуі керек. Және «Газпром» олардан мейлінше өз қажетіне керек газды ала алатынынан сенімді болғысы келеді.

Түркменстанның газы үшін оған көз тігіп отырған жалғыз Ресей ғана емес. Мұнда ұсынылған бірқатар газ құбыры жобалары бар, оның бірі Түркменстаннан бастау алып, Ауғанстан арқылы өтіп, Пәкістанға барады, ал енді бірі - Каспий теңізі арқылы өтеді делінген болатын. Және бұл құбыр жобалары туралы талқылаулар көптен бері жалғасып келеді. «Азаттық» радиосының талдаушысы Даниел Киммэж дегенмен де, бұл аталған газ құбырларының дәл қазіргі таңда «Газпром» үшін бәлендей бәсекелестік қабілеті жоқ дегенді айтады. Сондай-ақ Иран арқылы өтуге тиіс құбырдың салынуы Батыс тарапынан Иранның ядролық қару бағдарламасына байланысты қарсылықтарға тап болуда.

Киммэждің сөзіне қарағанда, Қытай да қазіргі уақытта «Газпромға» өзіндік үлкен қауіп төндіріп тұрғанға ұқсайды. Сәуір айының бас кезінде Түркменстан президенті Сапармұрат Ниязов 2009 жылға қарай Түркменстанды Қазақстан мен Өзбесктан арқылы Қытаймен жалғайтын жалпы ұзындығы 4 мың шақырым болатын құбыр салу туралы келісім жобасына қол қойған болатын. Сөйтіп, 2009 жылдан бастап жылына 30 миллиард текше метр газды экспортқа шығармақшы болып келіскен.

Талдаушы Киммэж Түркменстанның газ саласында алдыңғы шепте болу жоспары - Евроазияның энергетикалық қауіпсіздігіндегі маңызды факторға айнала береді дейді.

«Мұнда біз жауабын таба алмайтын Түркменстанға қатысты ең негізгі деген сұрақтар бар. Және олар басты сұрақтар, мәселен, онда қаншалықты көлемде газ бар деген сияқты. Шындығында өндіріс көлемі қанша болады? Егер Түркменбашы әрқайсысына газ беремін деп уәде етсе, газ өндіру мен қамтамасыз ету көлемі шектелуі болса, іс жүзінде ол газ кімге беріледі деген сияқты сауалдар туындайды», - дейді Киммэж.

«Газпром» 2003 жылдың сәуір айында Ашхабатты алдағы 25 жыл бойына газбен қамтамасыз етуге міндеттейтін келісімге қол қойған болатын. Десек те, энергия саласындағы келісімдер әрдайымда жүзеге аса бермейді.

Бұл тұрғыда АҚШ-тың мұнай алыбы Шеврон компаниясының бұрынғы атқарушы директоры Эд Чоу Ресейдің өзі кей ретте іскерлік сенімді әріптес бола алмай қалады дегенді айтып, оған өз тәжірибесінен мысал келтіреді. Бұған қоса тәуелсіз сарапшы Ричард Джирагосиян бұл мәселеде ең басты сұрақтың Иранға қатысты екендігіне тоқталады.

Мәселе, жаңа Иран қашан болады дегенге келіп тіреледі, бұл дамудағы басты фактор.Евразия энергия қауіпсіздігінің дамуындағы жаңа бейнесіне әсер етер екінші бір мәселе- ол АҚШ Пәкістанды қашан жоғалтады және оның президенті Первез Мүшаррафтың биліктен қашан кететіні жаңа басшылықтың қандай саясат ұстанарына байланысты, - дейді сарапшы Ричард Джирагосиян.

Міне, осы айтылғандардан шығар қорытынды - Ниязовтың түсініксіздеу көрінетін кейбір іс-әрекеттері Евразия энергия қауіпсіздігіне қатер төндіретін жалғыз ғана фактор болып қалмайды.
XS
SM
MD
LG