Accessibility links

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілге құқығымыз тапталды деген азаматтардан түсетін өтініш-шағымдар жыл сайын көбейіп барады


2005 жылы және осы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілге құқығымыз тапталды деген азаматтардан екі жарым мыңға жуық өтініш түсті. Және бұл көрсеткіш жыл сайын ұлғайып келеді. Салыстыратын болсақ 2003 жылы шағымдар саны мыңнан әзер асатын. Бұл туралы Астанада көкектің 20 күні Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілі Болат Байқадамов хабарлады. Бірақ, оның айтуынша шағымдар санының өсуін, құқық бұзу фактілерімен емес, уәкілдің құзіретінің кеңейгендігімен түсіндіруге болады.

Моңғолиядан келген оралман Қатираш Файзоллақызы 14 баланың анасы. Бірақ, Қазақстанға келгенде үй береміз не қаражат береміз деген көші-қон органдары мені алдап кетті, дейді ол. Соның кесірінен қазір бірнеше баламен шағын бөлмені жалдап тұруға мәжбүрмін, дейді ол. Енді әділдікке жету үшін адам құқықтары жөніндегі уәкілге келіп отырмын, сосын сотқа барамын, дейді алтын алқа таққан ана Қатираш Файзоллақызы:

- Моңғолиядан келген адаммын. Өзі 14 балам бар. Алтын алқаңды ал төлқұжатыңды ал, сосын квотаңды үйіңді береміз деді. Сол қалпы жоқ. Қазір президент айтып жатыр теледидардан баламен анаға қараңдар деп, аяқ жағындағылар қарамайды. Ал, жоғары өрлеп кіре алмаймыз. Осымен қаңғып қалған адамдармыз. Бір мен емес, 5-6 кемпір сенделіп жүрміз. Қазір мен адам құқығын қорғау органының бастығына келіп тұрмын.

Осыған ұқсас шағымдар жыл сайын көбейіп барады деп хабарланып отыр. Бірақ, шағымдардың көбі сот шешімдеріне келіспейтіндерден түсті. Мұндай шағымдар барлық өтініштердің 27 пайызын құрайды. Бірақ, уәкілдің айтуынша орталық құзіреті кеңейгеніне қарамастан мұндай шағымдардың барлығын қанағаттандыру мүмкін емес. Ол үшін, заңдарға өзгеріс енгізу қажет, дейді ол. Жалпы, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілі Болат Байқадамовтың пікірінше, шағым көбеюінің себебі бар:

- Сот жұмысына байланысты өтініштердің көбеюі, біздің азаматтардың өз құқықтарын қорғауға байланысты мәселені көтеретін қазір мүмкіншілігі болғанынан шығар.

Ал, қайсібір сарапшылардың пікірінше сот шешіміне наразы болғандар тергеушілердің жұмысына көңілдері томайды, әсіресе азаптау болған кезде. Естеріңізге сала кетсек, Біріккен Ұлттар ұйымының азаптауға қарсы комитеті Қазақстанға адам құқықтарының сақталу деңгейін көтеруге 16 ұсыныс жасаған. Бірақ, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан бірқатар мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері айтып отырғандай бұл ұсыныстардың көбі орындалмаған. Бұрын тергеуші болып істеген, Қазақстандағы халықаралық құқық академиясының президенті Марат Сәрсембаевтің пікірінше, істі болғандарды азаптау оқиғаларының болғаны рас және бұған екі себеп бар:

- Кейбір тергеушілердің кәсіби біліктілігі төмен. Екінші жағынан асығады. Тергеу мәселесін шешкенше, куәларды тапқанша, сараптама жүргізгенше, оның қорытындысын күткенше, адамды қинап жіберіп, тездетіп жіберейік деген жайттар болады.

Ал, адам құқығы жөніндегі ұлттық орталық жетекшісі Вячеслав Калюжныйдың айтуынша қылмыстық кодекске азаптау ұғымы кіргізілген бұрын ол болмаған. Бірақ, адам құқықтарын бұзған тергеушілердің әрекетін азаптау ұғымына кіргізу қиын. Әдетте оларға лауазымын шектен тыс пайдаланды деген айып тағылады, дейді Вячеслав Калюжный.

Заңгерлердің пікірінше осы жағдайды ретке келтіру үшін халықаралық пактілердегі талаптардың барлығын бұлжытпай орындау керек. Ал, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілі Болат Байқадамовтың айтуынша Қазақстан адам құқы жөніндегі халықаралық конвенциялардың көбісіне қол қойған. Алайда, наурыз айында Астанаға келген Еуропалық комиссияның өкілі Режин Руаның айтуынша Қазақстан адам құқықтары жөніндегі көптеген халықаралық пактілерге қосылып жатқаны өте жақсы, бірақ, маңыздысы Қазақстан құжаттарға қол қойып қана қоймай, оларды енгізіп сақтаса жақсы болар еді, дейді ол.

Ал, Қазақстандағы Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Башимовтың пікірінше, Қазақстан заңдары қағаз жүзінде халықаралық стандарттарға жақындастырылған:

- Көп заңдар халықаралық стандарттарға сәйкес, ал тәжірибеде бұзылады.

Ал, Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішевтің пайымдауынша, Қазақстан қосылған халықаралық конвенциялардың барлығы да адам құқықтарын сақтауға жұмыс істейді:

- Қазақстанда адам құқықтарын сақтау деңгейі халықаралық стандарттарға жақындастырылған.

Ал, адам құқығы жөніндегі ұлттық орталық мәліметі бойынша тұрғындардан түскен барлық шағымдардың 26 пайызы қанағаттандырылған. Бұл орайда адам құқықтарын бұзған лауазым иелері жауапқа тартылды, дейді уәкіл Байқадамов. Жазаланғандардың ішінде қалалық прокуратурамен ішкі істер басқармаларының өкілдері, тергеушілер, сот орындаушылары, қаржы полициясының қызметкерлері және қалалық әкімшілік өкілдері бар. Бірақ, олардың қандай жауапқа тартылғандығы жайлы хабарланбайды.
XS
SM
MD
LG