Accessibility links

Чернобыль апатына 20 жыл: одан қандай сабақ алуға болады?

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

1986-жылдың көктемі. Сәуірдің 26-сы, түнгі сағат 1-ден 23 минут өткенде, Украинадағы Чернобыль атом стансасында бұрын соңды кездеспеген сұмдық жарылыс болды.

Ол минуттерде жергілікті жұрт қалың ұйқыда болатын. Бірақ, бірнеше сағат ішінде ол апаттан хабардар болған халық үрейлі дүрбелеңге түсіп, тұс-тұсқа қаша бастады. Алайда, жоғарыдан келген бұйрықпен, жарылған стансаның өртін өшіріп, ол араны тазалау шараларына қатысқандар да аз емес еді. Кейінірек, компартия, комсомол жолдамасымен келген он мыңдаған адамның ол арада алған сәуле ауруынан қазіргі кезде көбі ол дүниелік болды немесе айықпас дертке ұшырады.

Алғаш ол жарылыс жөнінде сол кездегі советтік ресми басшылықтың райына қарап, кеңестік БАҚ-дары түк болмағандай ешқандай хабар таратпады. Бірақ сонау көк аспаннан байқаған американдық ғарышкерлер бір апаттың болғанына көздері жетіп, әлемге хабарлап жатты. Совет азаматтары сол Чернобыль апаты жөнінде алғаш «Азаттық», «Америка даусы» секілді радиолардан естіген болатын.

Әрине, уақыт өте келе, ол апат бүкіл әлемге әйгіленді. Атомдық сәуле ошағынан өз әрекетімен және ұйымдасқан түрде он мыңдаған адам ол аймақтан басқа жерлерге көшірілді. Кейінірек стансаға жақындау маңайда, Славутич деген жаңа қала дүниеге келіп, баспанасыз қалғандарға шаңырақ болды. Міне, сол қалашықтың әкімі, кезінде атомдық стансада жұмыс істеген Володимир Удовиченко осы кезге дейін жалғасып отырған тұрмыстық қиындық жөнінде былай дейді:

- Қазіргі негізгі проблема - Славутич қаласындағы қаржы бюджет мәселесі. Тіпті, денсаулықты айтпағанның өзінде. Славутичтегі 8 мыңдай азамат Чернобыль апатына куә болып, ол араны тазалауға қатысып, оның зардабын тартқандар. Ал Украина үкіметі болса Чернобыль атом қуаты стансасын жабарда берген уәделерін әліге дейін орындамай отыр.

Қала әкімінің айтуынша, Славутичтегі негізгі бір күрделі мәселе - жұмыссыздық.

- 1999 жылы атомдық стансада он мыңдай жұмыс орны бар еді. Ал бүгін ол 3620-ға дейін кеміді. Өте ауыр өтпелі кезең басымыздан өтті. Енді қалған жұмыс орнынан да жұрдай болсақ, онда Славутич үшін нағыз апат сонда келеді, - дейді Удовиченко.

БҰҰ демеушілігімен өткен 2005-жылғы Чернобыль форумы жүздеген зерттеуші, сарапшылардың еңбегі негізінде жазғанындай, осы кезге дейін қаза тапқандарға қоса, ядролық сәуле кесірінен алдағы кезде жүз мыңдаған адам қаза табуы мүмкін екен. Ал олардың ондаған мыңы - рак ауруына кезіккендер.

Ал енді атомдық сәуле әсері жөнінде дұрыс мәлімет алмаған жұрт арасында психологиялық үрей, әлеуметтік депрессия, өмірден түңілу секілді қауіпті жағдай қалыптасуы тағы бар. Бұл жөнінде Халықаралық атом қуаты агенттігінің сәулелі медицина бойынша зерттеу орталығынан Володимир Берковский «Азаттық» радиосына былай дейді:

- Өкінішке орай, бізде атомдық сәуле ауруы, кісі өлімімен салыстырғанда психикалық мәселелерді түгелдей талқылауға да мүмкіндік жоқ. Ал түрлі факторлардың арасында экономика жағдайы мен табиғаттың улану, ластану мәселесі үлкен проблема болып тұр.

Жарияланған баяндамада келтірілгеніндей, Чернобыль апатынан кейін өзге аймаққа көшірілген 330 мыңдай адам психологиялық рухани дертке кезіккен.

Еуропа кеңесінің өкілі, Швециядағы Карлштадт қаласының әкімі орынбасары Андерс Кнапе, Славутичте болып, жергілікті жағдаймен танысқаннан кейін, өз еліндегі тәжірибе негізінде, атомдық станса маңайындағы жұрт ықтималды қауіп жөнінде жақыннан хабардар болып, арнайы дайындықтан өтуі қажет деген кеңес айтты.

- Мұндай апат кезінде алғаш ресми үкіметтен, тіпті халықаралық қауымдастықтан үлкен көмек болады. Ал кейін жергілікті әкімшіліктің қолына қарап, кіріптар жағдайға түсесің. Ал ол ашық, демократиялық қауым болса бір сәрі. Болмаса, көрген күнің қараңғы, - дейді швециялық сарапшы.

Дегенмен, БҰҰ ұйымдастырған Чернобыль форумы, ол атомдық станса апатынан кейін 20 жыл өтсе де, сол аймақтағы уланған жерлер қайта қоныстануға және экономикалық, ауыл шаруашылығы қызметіне дайын деуге ертерек деген қорытындыға келіп отыр екен.
XS
SM
MD
LG