Accessibility links

Мұнай бағасының өсуі тоқтайтын емес


Сонымен шикі мұнайдың бүгінгі бағасы рекордтық деңгей - бір баррелі 74 долларға жетті. 2004-жылдан бері тоқтамай өсіп келе жатқан мұнай бағасының өсуіне қандай факторлар себепші?

Бұл жөнінде Қатарда өтетін Халықаралық форумда арнайы әнгіме болмақ. Ал бұл арада «Азаттық» радиосының арнаулы тілшісі Лондондағы әлемдік энергетика зерттеу орталығы директорының орынбасары, бас экономист Лео Дроласспен кездесіп әнгімелескен болатын.

Жалпы, мұнай бағасының тынымсыз өсуін кейбір талдаушылар Ирандағы ядролық бағдарлама дағдарысымен байланыстырады. Ал сәуірдің 19-ы күні, мұнай бағасы өзінің қажетті деңгейінен әлі де болса төмен деп, Иран президенті Махмуд Ахмединежат кейбір жұрттың қорқыныш, күдігін одан әрі тереңдетіп жібергендей болды.

- Бұл орайда алдымен назар аударатын нәрсе - бұл жоғары бағалар шын мәнінде қағаздағы бағалар. Мұны нағыз базар бағасы деуге келмейді. Мұндай бағалар жаңалықтарда өріп жүреді. Оған Ирандағы текетірес, Нигериядағы кикілжің және өзге базар жағдайлары себепші болып тұр, - дейді Дроллас.

Сондай-ақ, Дролластың пікірінше, соңғы жылдары мұнай базарына күтпеген деңгейде орасан көп ақша құйылып келген. Ол ақша көлемі 2001-жылда 8 млрд доллар болса, қазіргі кезде ол базарда шамамен 70 млрд доллар айланып жүр екен. Оның өзі көбеюін тоқтататын емес.

Сарапшының пікірінше, мұнай бағасының жоғарлауына АҚШ-та өткен жазда соққан Катрина дауылының да әсері болғандай. Себебі, ол апатты аймақтардағы мұнай айыру зауыттары істен шығып, жанар-жағармай өндірісі бәсеңсіген.

- Бұл жауабы күрделі қиын сауал. Алдағы нарықтық талаптың өзінде мұнайдың қазіргі бағасы 15 доллар болуы керек, себебі, мұнайға деген үлкен мұқтаждық онша байқалмайды, - дейді лондондық мұнай маманы.

Дегенмен, сарапшының пікірінше, қорқуға, күдіктенуге себеп болатын кейбір аймақтық мәселелер де баршылық.

- Әрине, Иран, Нигерия және Венесуэладағы жағдайларға байланысты мұнай бойынша қорқыныш, үрей бар екендігі ақиқат, - дейді Дроллас.

Сондай-ақ, мұнай бағасының көтерілуіне тұрғындары жағынан әлемдегі ең көп санды мемлекет - Қытайдың мұнайға деген сұранысы да бір фактор болғандығын талдаушы жоққа шығармайды.

Ал енді мұнай бағасының өсуінің қай елдерге игі немесе кері әсері бар деген сұраққа Лео Дролласс, мұнай бағасының көтерілуінен, оны көптеп өндіретін Ресейдің экономикасы барынша өркендей түскенін айтады. Мұнайға қоса газдың бағасының өсуі Ресейге тағы да мол қаржылық табыс әкелгендігі де ақиқат.

Сондай-ақ әрине, бұрынғы советтік аймақтағы Орта Азия мен Қапқаздағы мұнайға бай республикалар да мұнайдың рекордтық деңгейге көтерілген ол нарқынан тиісті табыстарға қол жеткізгендігі шындық.

- Қазақстан, Түрікменстан, Әзербайжан мұнай, газ өндіруші елдер қатарында Ресей секілді ол өндірістен жетерліктей пайда таба алады. Бірақ, керісінше, мұнай импортына тәуелді өзге елдер үлкен зардап шегеді. Ал ондай мемлекеттер көпшілікті құрайды. Сондықтан, әлемдік экономиканың өсуіне өзінің кері әсерін тигізеді, - дейді сарапшы.

Лео Дролластың болжамына сенсек, алдағы 3-4 жылда мұнай-газ бағасы төмендей түспек. Оған себеп, алдымен сол жоғары бағаның өзі болса, сондай-ақ, жалғасып келе жатқан саяси тұрақсыздықтың да бірер әсері болуы мүмкін екен.
XS
SM
MD
LG