Accessibility links

«Қазақстан» мемлекеттік телеарнасында наразылық танытқан қызметкерлерге ақпарат министрі өз жауабын айтты

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

20-шы көкекте Қазақстанда мемлекеттік «Қазақстан-1» акционерлік қоғам телеарнасының бір топ қызметкерлері басқарма төрағасы Ғалым Доскеннің орнынан алынуының себебін Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев дәйекті түрде ұжым алдында түсіндірмейінше, жұмыс істеуден бас тартамыз деп мәлімдеді. Телеарнаның мәлімдеме таратқан қызметкерлері «шенеуіктердің бұл шешімі астарында ұлттық мүддеге жасалып отырған қастандық әрекет бар» деп бағалап отыр. 19-шы көкекте олар биліктің бұл шешіміне наразылығын тікелей эфирде де мәлімдеді. Ал ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев мырза «телеарна қызметкерлері өздерінің бұл әрекеті арқылы құқықтық білімсіздігін көрсетіп отыр» дейді.

«Қазақстан-1» мемлекеттік телеарна ұжымына жаңа басшы – Нұртілеу Иманғалиевты мәдениет және ақпарат вице-министрі міндетін уақытша атқарушы Ержан Бабақұмаров сейсенбі күні кешкісін таныстырған. Ал ертесіне өздерінің бұрынғы басшысы Ғалым Доскенді «мән-жайды түсіндірместен жұмыстан алып тастау туралы биліктің бұл шешіміне біз наразымыз» деген телеарна қызметкерлері кешкісін тікелей эфирде бұл жайлы мәлімдеме жасады. Ал, бейсенбі күні, яғни 20-сыншы көкекте, Қазақ радиосының бас директоры Нұрлан Өнербаев бастаған бір топ қызметкерлер телеарна басшысының ауыстырылуы себепті орын алып отырған ахуалға байланысты арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, мәлімдеме жасады.

«Бұл не? Бұның артында не тұр? Біз осыны білгіміз келеді. Және осыны анықтамайынша, министр Ертісбаев мырза өзі келіп ұжыммен кездесіп, барлық жағдайды түсіндіріп, басшы қандай мақсатпен ауыстырылып отыр, қандай жағдайда бұл шешім қабылданды, осыны өзі айтып, жаңадан тағайындайтын төрағасын ұжымға өзі таныстыруы тиіс. Біз министр мырзаның жауабын әзірге екі күннің ішінде күтеміз, егер жауап болмайтын болса, осы алдарыңызда отырған азаматтар - Қазақстан телеарнасы мен Қазақ радиосының басшылары, Қазақстан ұлттық арнасының негізгі жүргізушілері және ұжымның барлығына жуық мүшесі, жұмыс істеуден бас тартамыз. Біз жұмыстан кетпейміз, бірақ жұмыс істеуден бас тартамыз. Міне, осындай талап – тілек қоямыз», - деді Қазақ радиосының бас директоры Нұрлан Өнербаев.

Сондай-ақ олар биліктің бұл шешімі «Акционерлік қоғам туралы» заңға да қайшы келеді дейді.

«Акционерлік қоғам туралы» заңға сәйкес Ақпарат министрлігі жаңа тағайындаулар туралы шешім қабылдар алдында барлық акционерлердің жиналысын өткізіп, ұжым пікірімен келісіп шешім қабылдау керек еді. Бұл заң бұзылып отыр», - дейді тәуелсіз заңгер Нұржан Байымбетов.

Сонымен қатар олар жаңа басшы келгелі телеарнада сөз бостандығына қысым көрсетілу байқалды деп отыр.

«Бізде кеше кешкі жаңалықтарда дайындалып, эфирге әзір тұрған орыс тіліндегі сюжеттің, яғни телерадио қызметкерлерінің мәлімдемесінің өтпей қалуы және бүгінгі таңғы эфирде кесте бойынша газетке шығып, бағдарламаларда жарияланып кеткен «Оян қазақ» бағдарламасының себепсіз тоқтатылуы - бұл қысым болмаса да сөз бостандығына шектеу деп ойлаймын. Өйткені, кешегі мәлімдемені барлықтарыңыз тамашалаған боларсыздар, ол жерде біз мемлекеттің саясатына немесе басқа мәселелерге байланысты өз тұжырымдарымызды білдірген жоқпыз. Біз тек қана жеке адам ретінде, қызметкер ретінде өз пікірімізді айттық. Ал, ол пікірді эфирде бермей шектеп тастау – бұл цензура, яғни жалпы сөз бостандығына шектеу деп түсінеміз», - дейді «Алтын қақпа» бағдарламасының жүргізушісі Нәзира Бердалы.

Ал телеарнаның «Шыңның жүзі» бағдарламасының жүргізушісі Қасым Аманжол 19-шы көкектегі тікелей эфирдегі мәлімдемелері жайлы былай дейді:

«Біз барлығымыз кешкі жаңалықтарда дәл осы басшылықтың ауысуына байланысты өз наразылығымызды білдірдік. Наразылығымызды білдірудің белгісі ретінде біз студияны тастап шықтық. Сондықтан, бұл қарапайым ақпарат деп түсініңіздер. Бұл қарапайым журналист ретіндегі біздің құқығымыз».

Қасымның бұл ойын қорғағандай болып Нұрлан Өнербаев мырза «біз бұл оқиғаға арнайы хабар арнап, эфирді өз мақсаттарымызға пайдаланған жоқпыз, кейбір айтылған ойлар сюжет шеңберінде болды, сондықтан біз заңды бұзған жоқпыз» десе, Ақпарат және мәдениет министрі Ермұхамет Ертісбаев, көкектің 20-күні «Азаттық» радиосына берген қысқаша сұхбатында, «Қазақстан» телеарнасындағы басшылардың ауысуы жалпы кадр алмастыру мүддесінен туындап отырғанын және оны ешнәрсемен байланыстырмайтындығын айтты.

«Білесіз бе, біздің қоғамда жалпы құқықтық сана мешеулеу, ал «Қазақстан» телеарнасының кейбір қызметкерлерінің құқықтық санасы мүлдем жоқ. Олар бұл телеарнаны Ғалым Доскен жекеменшікке айналдырып алған, сондықтан оған зейнетке шыққанша тимеу керек деп ойласа керек. Бұл журналистер қарапайым заңды білмегендіктен ереуілдеп жатыр», - деді министр Ертісбаев.

Сарапшылар мемлекеттік «Қазақстан» телеарнасындағы басшылықтың ауысуы - Қазақстанның ақпарат кеңістігіндегі жаңа бастау алып келе жатқан талас-тартыстың басы болуы әбден мүмкін деген болжам айтады. Қазақстанда бұндай бүткілдей бір телеарна қызметкерлерінің наразылық акциясына шығуы бұрын-соңды болмаған оқиға. Кездейсоқтықтан ба, әлде әріден ойланып жасалған әрекеттен бе, бұл оқиға, Алматыда бейсенбі күні басталып отырған V–ші халықаралық Еуразия Медиа-Форумы қарсаңында, саяси өлімдердің орын алып отырғанына қарамай, саяси тұрақты деп аталып жүрген Қазақстанның атына көлеңке түсірердей әсер қалдырары сөзсіз дейді кейбір талдаушылар.
XS
SM
MD
LG