Accessibility links

Чернобыль 20 жылдан кейін: Гринпис және басқа да ұйымдар МАГАТЭ агенттігінiң Чернобыль апаты туралы есебіне сын айтуда


Гринпис БҰҰ халықаралық атом агенттігінің 1986 жылғы Чернобыль апаты құрбандарының саны бүкіл әлемде 4 мыңнан ғана асады деген тұжырымын қатты сынға алды. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Гринпис сияқты ұйым агенттік баяндамасында апат зардабын шеккен адамдар саны тым азайтып көрсетілген деп мәлімдей келе, Ресей мен Украина және Беларус елдерінде осы апат салдарынан опат болғандардың саны 200 мыңнан асып кетті деп атап көрсетеді.

Чернобылдың шығысынан 20 шақырым қашықтықта жатқан Паришев ауылы апат кезінде ең көп зардап шеккен елді мекен. Мұнда бір кезде бірнеше жүз тұрғын болса, қазір олардың саны оншақтыдан аспайды. Бір жыл бұрын Азаттық радиосына берген сұхбатында осы ауылдың тұрғыны Халина Явченко ауыл адамдарының сиреп, бірінен соң бірі о дүниелік болып жатқанын айтқан-ды. Өзінің де үнемі басы ауырып, қан қысымы көтеріледі екен. Осылай деп шағымданса да, ол радиоактивті аймақтың ортасында жатқан бұл ауылда тұрудан өзінің қорықпайтынын айтқан. Тек жабайы аңдар бау-бақшадан түк қалдырмайды деген еді.

«Бұл біздің мекеніміз. Бірақ біз мұнда қасқырлар сияқтымыз. Өткен жылы жабайы қабандар бұл арадан не тапса, соның бәрін де жеп қойды», - деді Х.Явченко.

Кейіпкеріміз Халина Явченко 1986 жылғы Чернобыль апатының зардабын шеккен көп жанның бірі ғана. 2005 жылдың қыркүйек айында Чернобыль форумы Халықаралық атом қуаты агенттігімен, Дүниежүзілік денсаулық ұйымы және БҰҰ-ның Ұлттық даму бағдарламасымен бірлесіп жариялаған баяндамасында Чернобыль апатының әсерінен осы кезге дейін өліп кеткендер саны 50-дей ғана адам болады көрсеткен. Сөйтіп, апат зардабын шегетіндердің жалпы саны бүкіл жер бетінде 4 мыңнан сәл асуы мүмкін деп жазылған баяндамада. Сондай-ақ бұл аймақта тұратын адамдардың денсаулығына да бәлендей әсер бола қоймаған деп атап көрсетілген бұл құжатта.

Халықаралық атом қуаты агенттігі мұнымен қатар Чернобылдағы жарылыстың әсерінен уланған табиғат - қоршаған орта да өзінің қайта қалпына түсіп келеді дейді. Аталған баяндамада адамдар денсаулығының нашарлауына бұрынғы Совет одағы елдерін жайлаған кедейлік пен тапшылық түрлі денсаулық проблемалары радиациялық зеңнен де артығырақ әсер етеді деп жазылған. Міне баяндамада берілген осындай ой-тұжырымдар мен бағаларға Гринпис және Чернобыль апаты зардаптарын жоюшылар деп аталатын ұйымдар қатты наразылықтарын танытты.

Киевтегі баспасөз-мәслихатында сөйлеген сөзінде Халықаралық Гринпис ұйымының бағдарлама директоры Бруно Рибелл Чернобыль апатының әсерінен қаза болғандар саны әлдеқайда көп деді.

- Жақында жарық көрген деректерде, Беларус, Украина мен Ресейде 1994-2000 жылдар аралығында ғана Чернобыль апаты салдарынан қайтыс болғандар саны 200 мың болады деп бағаланады.

Гринпистің Ресей мен Беларус ғылымдар академиясының зерттеулері негізінде жариялаған есебінде 1990-2000 жылдар аралығында Беларуста қатерлі ісік ауруының деңгейі 40 процентке дейін артып кеткендігі айтылады. Осы құжатта сонымен қатар 1986 жылдан кейін туған балалардың 80 проценттен астамында қалқанша без ісігінің кең таралғаны туралы дерктер беріледі.

Осы айдың бас кезінде Мәскеуде Гринпистің баспасөз-мәслихатында Ресейдің Чернобыль апатынан ең көп зардап шеккен аймағы - Брянск облысының өкілі Людмила Комогорцева аймақта қатерлі ісікке шалдығу жағдайы ұлттық көрсеткіштен 10-15 процент жоғары екендігін айтқан болатын.

- Бүгінде Чернобыль апатының радиациясы, тіпті аздаған мөлшерде болса да, осы аймақта тұратын тұрғындар денсаулығына кері әсер ететіндігін баса айтпасқа болмайды, - деген Л.Комогорцева.

Ол Ресей үкіметінің Брянск облысының тұрғындарына өтемақы төлемей отырғанын да алға тартты. Сарапшылар мен жергілікті тұрғын халықтың кейбірі азық-түліктің құрамы зақымдалғандығын да айтады. Комогорцева Ресей мал дәрігерлерінің деректеріне сәйкес, Брянск аймағындағы азық-түлік өнімдерінің 50 проценті зақымдалғандығы анықталған деп мәлімдеді. Десек те, Халықаралық атом қуаты агенттігі Гринпис тарапынан айтылып жатқан мұндай ескертулерді әзірге назарына ала қойған жоқ.
XS
SM
MD
LG