Accessibility links

Қазақ кітаптарына сұраныс бар ма?


21 сәуір - Халықаралық кітап және авторлық құқық күні. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда кітапқа деген халықтың сұранысы күрт төмендеп кеткен. Сарапшылар мұның ең басты себебін заман сұранысына жауап бере алатын рухани туындылардың жазылмай жатқандығымен байланыстырып отыр. 21 сәуір күні Қазақстан Жазушылар Одағында өткен жыл қорытындысында да осы мәселе кеңінен сөз болды.

Ата-мекеніне қайтып оралғанына жиырма жылдан асқан ақын Жәркен Бөдештің осы уақыттың ішінде Қазақстандағы баспалардан бірнеше жыр жинақтары жарық көрді. Ақынның айтуынша, қазіргі уақытта қаламгер қауым өз еңбегінің игілігін көре алмайды екен. Сол себептен ол қазіргі уақытта қаламгерлерге үкімет тарапынан үлкен қолдау болуы тиіс деп санайды.

Баспагер-жазушы Асқар Алтай болса қазақ кітаптарының жақсы өтуі үшін оның ауылды жерлерге жетуіне жол ашып беруіміз қажет деген ойын білдірді. Өз сөзінде жазушы ауылды жерлерде қазақ оқырмандарының рухани дүниелерге сусап отырғандығын тілге тиек етті. Ақын Нәзікен Алпамыcқызы болса кезінде кітапқа сұраныс болмай қалуының өзіндік себебі бар деп пайымдайды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта жақсы кітапты жазатын қаламгерлерді ынталандыратын жағдай жасалуы тиіс. Сатирик-жазушы Көпен Әмірбектің айтуынша, қазіргі заманда басқалармен салыстырған сатиралық кітаптардың жолы өтімді. Оның себебін ол қарапайым жұрттың сатиралық шығармаларды оқуға құмар болатындығымен түсіндірді.

Жазушы Сейілғазы Әбдікәрімовтың пікірінше, қазақ кітаптарының таралуына ең алдымен Қазақстан Жазушылар Одағы ықпал етуі тиіс. Жас сыншы Әмірхан Балқыбек болса жақсы кітаптар шығуы үшін әдебиетке келген талантты жастарға қамқорлық жасалуы қажет деп есептейді. Ал, Фурманов даңғылында орын тепкен кітап дүкеніндегі Гүлмира есімді сатушының айтуынша, соңғы уақыттары қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларына деген сұраныс көбейгендігіне қарамастан, олардың іздеген кітаптары табыла бермейді екен.
XS
SM
MD
LG