Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.21.2006 жыл

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Жұма күні жарыққа шыққан мерзімді басылымдар Алматыда бесінші рет ашылған Eуразиялық медиа форумды өздеріне басты тақырып етіп, медиафорум не береді, биылғы медиафорумның ерекшелігі неде болды деген сауалдарға жауап іздепті.

Күнделікті жарыққа шығатын «Айқын» басылымы Алматыда өтіп жатқан V Еуразиялық медиа форумды шығыс пен батысты байланыстырушы халықаралық диалог деп атапты. Мақалада аталмыш форумға әлемнің 40 елінен 300 жуық делегат келгендігі айтылып, ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева «форумды керек уақытта, қажетті жерде өтіп жатқандығын» атап өткені жазылыпты. «Соңғы бес жыл ішінде талқылаған мәселелер тақырыбына қарап, форум жыл өткен сайын саяси емес, саясатты тану сипатына ие болуда» деп жазады «Айқын» газеті.

Ал «Жас Алаш» басылымының соңғы санындағы «Жарнамасы жер жарған медиафорум» атты мақалада автор Мұхтар Жанұзақұлы «біріншіден – бұл медиафорумның Дариға Назарбаеваның халықаралық имиджі үшін, ел ішінде зор ұйымдастырушылық қабілетін таныту үшін жұмыс істеп жатқаны айдан анық», деп жазыпты. Автордың жазуына қарағанда, «өйткені жарты ай бойы жарнамаланғаны аздай енді телеарналардың көбі үш-төрт күн бойы осы тақырыпты сөз етеді. Бұл барды қанағат қылып, бар жоғы 3-4 телеарнаны айналдырып көріп отырған халықтың санасына, «әлемдік деңгейдегі саясаткер» Дариға Назарбаеваны қаласа да, қаламаса да сіңіру болып табылады. Екіншіден, бұл форум жылдан жылға Қазақстанның қоғамдық-саяси ахуалынан алшақтап, еуразиялық масштабқа ойысып барады. Үшіншіден, аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін деген принциппен қазақстандық журналистер мен саясаттанушылардың емес, шетелдік мамандардың пікірін маңызды санайды. Қалай айтсақ та, әлемнің әр түпкірінен келген сарапшылар халықаралық телеарналардың даму тенденцияларын саралап, соғыс болған аймақтардағы БАҚ-тардың ахуалына көз жүгіртеді. Ол қазақ жерінде емес, БҰҰ ғимаратында өтіп жатқан жиын сияқты. Мұндай форумнан бізге келіп-кетер пайда не?» деп ойын қорытады «Жас Алаш» басылымының тілшісі Мұхтар Жанұзақұлы.

Республикалық ресим басылым «Егемен Қазақстан» газеті медиафорумға бір бет арнап, V медиафорумды не ерекшелендірді деген сауалға назар аударады. Басылымның жазуына қарағанда, Алматыда өткен әр медиафорумның өз ерекшелігі бар. Өткен жылдарда бүкіл әлемді қандай оқиғалар орын алып, маңызды мәселелер көтерілсе сол оқиғалардың барлығы дерлік осы медиафорумға негіз болғандығын жазыпты. Одан әрі «Егемен Қазақстан» басылымы биылғы ерекшелік ретінде Дариға Назарбаеваның Қазақстанда тәжірибе ретінде қоғамдық телеарна пайда болуы мүмкін деген пікір білдіргендігін жаза келіп, қоғамдық телеарна болуға «Хабар» телеарнасының барынша дайын тұрғандығын айтыпты.

Қазақстандағы қоғамдық телеарна мәселесі одан әрі оппозициялық бағыттағы «Свобода слова» басылымында сөз болыпты. Басылым қоғамдық телеарнаның қажеттігін соңғы кезде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де айтып жүр. Осыған орай билік тарапынан қоғамдық телеарна құру жұмыстарына дайындық та бар сияқты деп жазады. Одан әрі «Свобода слова» газетінің тілшісі Алтай Барак: «Бір қорқынышты жері - президенттің бастамасымен құрылған қоғамдық телеарна одан әрі кімге қызмет етеді, ол биліктің мүддесіне жұмыс істемей ме?” деген сауал қояды. «Ел ішінде қоғамдық телеарна президенттің қызы Дариға Назарбаеваның басшылығымен құрылады деген де сөз бар. Ал Дариға Назарбаева осы уақытқа дейін қандай телеарна құруға дайын екендігін көрсетті. Ол қоғамдық телеарнаны құра қалған жағдайда қандай тәжірибеге сүйенбек? Егер бұл әңгіме шындыққа ұласатын болса, онда ол қоғамдық телеарнаның құрылмай-ақ қойғаны дұрыс», дей келіп, «Свобода слова» басылымы осы мәселеге бірқатар саясаттанушылар мен сарапшылардың пікірлерін беріпті.
XS
SM
MD
LG