Accessibility links

Ресейдегі ұлттық аймақтар ассимилияцияға ұшырап, жойылып кетпес пе екен?

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Сәуірдің 16-сында, Ресейдегі Сібір аймағының Иркутск облысы мен Уст-Орда Бурят автономиялық округының қосылуы жөнінде халықтық референдум өтті. Міне, содан бері, Кремль Ресей Федерациясындағы ұлттық аймақтарды славян қауымымен өзара біріктіріп, әкімшілік басқару жүйесін өзгертуге кең жол ашып қойғандай.

Ресей Федерациясында 89 субьект бар. Ал Ресейдегі ұлттық округ, облыс, республикалардың өзінен үлкендеу көршілес әкімшілік аймаққа қосылу үдерісі 2004 жылдан басталған болатын. Міне сол жылғы референдум нәтижесінде Пермь облысы мен Коми-Пермяк автономиялық округы қосылып, 2005-жылдың 1-желтоқсанынан бастап, Пермь өлкесі дүниеге келді.

Ал 2007 жылдың қаңтарынан бастап, Эвенк және Таймыр автономиялық округтары Красноярск өлкесіне қосылып, жаңа субьект Красноярск өлкесі деп аталмақшы. Сондай-ақ, Қиыр Шығыстағы Коряк округы Камчатка облысына қосылады. Мұндай әкімшілік аумақтық ірілендіру экономикалық мақсат үшін қажет дейді мәскеулік ресмилер. Ал Кремльдің пікірінше, ондай үлкендеу өлкелерді федералдық орталықтан басқару жеңілдеу екен.

Бірақ талдаушы, сарапшылардың пікірінше, Кремльдің негізгі мақсаты – Солтүстік Қапқаз бен Волга аймағындағы ұлттық республикалардағыдай ұлт-ұлысаралық, ұлтшылдық, жікшілдік мәселелерінен құтылу көрінеді.

«Аргументы и факты» апталығының сәуірдің 15-індегі санында, ұлттық субьекттерді өзге аймақтарға қосу нәтижесінде қандай өлкелер пайда болатындығын географиялық картамен көрсетіпті. Мақала «Этникалық, ұлттық негіздегі аймақты қалай араластырып жоюға болады?» деп аталған.

Ол картаны 1916 жылы құрылған Өндіруші күштерді зерттеу кеңесі – СОПС жасапты. Айта кетсек, большевиктердің ГОЭЛРО және советтік 5 жылдық жоспарлар да осы Кеңестің жұмысы екен.

Сонымен, Ресей үкіметіне арналған ол карта бойынша, Ресейдегі 89 әкімшілік аумақтан алдағы кезде, өзара қосылу нәтижесінде, 28 федеральдық аймақ дүниеге келетін көрінеді. Бұл жоспарға қарағанда, Ресейдегі барлық ұлттық этникалық автономиялық республикалар көршілес славян әкімшілік аймағымен қосылып, ежелгі этникалық атауы жойылып, славян, дәлірегі орыс атауымен жаңа өлке пайда болуы көзделіп отыр екен. Енді, ол жоспардың ықтималды болашақ көрінісін атап өтсек.

Татарстан Республикасы Уляновск облысымен қосылып, Волга-Кама губерниясы пайда болады. Башқұртстан мен Оренбург облысы қосылып, Южно-Урал губерниясы, Удмуртия мен Пермь өлкесінен Западно-Урал, Мари Ел және Чувашия республикалары Киров облысымен қосылып, Волго-Вятька, Шешенстан, Ингушетия, Дағыстан, Қабардын-Балқар және Ставрополь өлкесі қосылып, Солтүстік Қапқаз деген және тағы да бірнеше жаңа губерния құруға болады екен.

«Аргументы и Факты» басылымы келтіргеніндей, Свердловск облысының губернаторы Эдуард Россман «мен аймақтарды өзара қосып, ірілендіру қажет екендігін көптен бері айтып келемін», дейді.

Думадағы атышулы, ұлтшыл депутат, ЛДПР жетекшісі Жириновский осыдан 15 жыл бұрын: «1-ші Петр кезінде Ресейде 8-ақ губерния болған, большевиктер төңкерісінен кейін ол 56-ға жетті, ал енді Ресейдегі барлық ұлттық аумақты жойып, 30, тіпті 15 губерния жасау керек» деген болатын.

Ал Жириновскийдің ол ойын қолдайтын оның партияласы Митрофанов ол үшін жаңа Конституция жасау керек дейді. Бұл арада Кремль Конституциясыз-ақ, референдум арқылы, Бурят автономиялы округын Иркутск облысына қосып, жаңа өлке жасап жіберді.

Бірақ Адыгей президенті Хазрет Совмен өз елінің Краснодар өлкесіне қосылуына бірден қарсы болды. Ал Ресей академиясының бас сарапшысы, географ Орешкин «Аргументы и факты» газетіне «5,5 млн халқы бар Татарстанды қалайша басқа көрші елмен араластырып жіберуге болады? Бұл татарлардың ұлттық ар-намысын қорлау емес пе?» дейді.

Сондай-ақ, Башқұртстан президентінің өкілі Мурзағұлов болса, «ұлттық құндылықты жоямыз деген ресми саясатшылардың қызу демін басып қою қажет болады», дейді.

Зерттеуші саясаткер Орешкиннің пікірінше, экономикалық әлеуеті көрші аймақтан 100 есе төмен Коми-Пермяк секілді округ, автономияларды дәулеттілеуге қосу болмаса, Татарстан, Башқұртстан сияқты республикаларға Мәскеудің тісі өте қоймас.
XS
SM
MD
LG