Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.25.2006 жыл


Сейсенбілік жарыққа шыққан “Экспресс К”, “Жас Алаш”, “Алтын орда” және өзге де басылымдар өткен аптада қазақ-өзбек шекарасында орын алған төтенше оқиғаға назар аударған екен.

“Экспресс К” басылымы өткен аптада қазақ-өзбек шекарасында өзбек шекарашыларының мал бағып жүрген Қазақстан азаматы Бауыржан Ахметовты күшпен Өзбекстан жағына алып кеткендігіне Қазақстан тарапы осы оқиғаға қатты алаңдаушылық білдіріп отырғандығын хабарлапты. “Экспресс К” басылымының жазуына қарағанда, Бауыржан Ахметов дәл қазіргі уақытта Тәшкенттегі ауруханалардың бірінде ауыр халде жатыр екен. Сондай-ақ, оның бас сүйегіне терепанация жасалғандығы хабарланыпты.

Ал сейсенбілік санында “Жас Алаш” басылымы бұл мәселеге “26 мәрте атылған оқтың астарында не жатыр?” атты мақала жариялапты. Мақала авторы Ғалым Елшібай бейресми дереке жүгініп қазақ-өзбек шекарасындағы келіспеушіліктің салдарынан 26 мәрте оқ атылғандығын тілге тиек етіпті. “Жас Алаш” басылымы: “Мұның бәрін тізбеліп, жиі-жиі сыздауықтай сыздап тұратын жараның аузын неліктен тырнап отырмыз? Өйткені, құқығымызды қорғайды, тыныштығымызды қамтамасыз етеді дейтін құзыры күшті азаматтар «баяғы жартас бір жартас...» күйден әлі арыла алмай отырғандығы қынжылтады. Бір ай бұрын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған делегация екі күндік ресми сапармен Өзбекстанға барғанда елдің тағдыры тағы да тасада қалды» деп жазады. Одан әрі автор Ғалым Елшібай: «Өзбекстанда наурыздың 20-сы күнгі кездесуде Қазақстан мен Өзбекстанның өзара ынтымақтастығын заңдастыратын 7 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде шегірткеге қарсы қорғаныс шараларын өткізу туралы келісім бар. Ал ол жақтағы 1 млн қазақтың тағдыры туралы сөз қозғалған жоқ» деп жазыпты.

“Алтын Орда” басылымы соңғы санында қазақ-қырғыз шекарасындағы мәселеге де назар аударған екен. “Қазақ-қырғыз қатынасы: шекара, жанжал, базар” атты мақалада екі ел арасындағы бүгінде ашық-шашық жатқан шекарада екі елді елеңдететін тынышсыз жайттардың жиі болып жататындығы тілге тиек етіліп, «аңғал-саңғал ауылдардың малдарын айдап әкету күнделікті кәсіпке айналды. Қазақ-қырғыз бір-біріне оқ атпаса да, сойылға жығып, бірін-бірі мүрдем кетіруге дейін барып отырғандығы» айтылыпты. Мақала авторы Дүйсенбек Айбеков: «Былтырғы наурыз төңкерісінен бергі арада өз беттерімен уақытша бір ғана Қырғызстаннан Қазақстанға қоныс аударғандар саны бір миллионға жетіпті. Өзінің де жұмыссыздары жеткілікті Қазақстан жоғарыдағыдай арзан жұмыс күшіне қалай төтеп беріп отырғаны түсініксіз? Өзбекстан мен өзге жұрттардан келетіндер тағы бар. Олар арзан іске арланбай жалданады. Оларға иек артып отыратын біздегі мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар да аз емес», дейді

«Айқын» басылымының соңғы санында “Жалақының қасақана төленбейтіндігін Қарағұсова жақсы біледі. Бірақ үнсіз” атты мақалада Қазақстанда ақшасы бола тұра жалақыны айлап кешіктіретін кәсіпорындардың әкімшілік жауапқа тартылмайтындығы айтылыпты. “Айқын” басылымының жазуына қарағанда, Қазақстанда тиісті заңнамалар бойынша жұмыс берушіге жауапкершілік тым аз жүктелген. Сондықтан еңбек инспекторлары да оларға қандай бір әкімшілік шара қолдана алмайды. Жұмыс берушіге салынатын айыппұл көлемі өте төмен. Тіпті кәсіпорын жұмысын уақытша тоқтатып тастауға да құқы жоқ екендігін айтқан “Айқын” басылымы «егер жағдай солай екен, министр біледі екен. Неге қол қусырып отыра береді? Міндетті түрде жағдайдың шегіне жеткендігін күту керек пе?» деген сауал қояды.
XS
SM
MD
LG