Accessibility links

Иран әйелдері стадиондарда футбол ойындарын тамашалауға мүмкіндік алды


Иран президенті Махмуд Ахмадинежад елде әйелдерге стадиондарға кіріп, онда футбол ойындарын тамашалауына мүмкіндік беру жөнінде арнайы бұйрық шығарды. Консервативтік бағыттағы тұлғалар мұндай қадам Ислам шарттарына сәйкес келмейді. Себебі, әйелдер қауымы ерлер ойынын тамашаламауы тиіс, дейді. Сондықтан да 30 жылға жуық уақыт бойы әйелдер мұндай мүмкіндіктен шеттетіліп келген болатын. «Азаттық» радиосының тілшісі Голназ Есфандияри осы өзгеріске байланысты әйелдер хұқын қорғаушы белгілі белсенді Махбубе Аббас-Ғолизадемен сұхбаттасқан болатын.

- Сіз және Ирандағы басқа да әйелдер стадиондарға кіріп, футбол ойындарын тамашалау үшін күрестіңіздер ғой. Мысалы, өткен жылы Техран стадионына бір топ әйел белсенділермен бірге кірмек болған кездеріңізде сіздің аяғыңыз сынды... Президент Ахмадинежадтың осы бұйрығын сіздер қалай қарсы алдыңыздар?

- Біздің реакциямыз осы жеңіс жолында күрескен басқа да әйелдердің сезімі деп ойлаймын. Біз бұл жеңісті алғашқы кезекте талқыладық. Әйелдер қозғалысының тым болмаса осындай шамалы талаптарына қол жеткізе алғандығы үшін қуаныштымыз. Бұл - әйелдер қозғалысының жеңісі, деп бағалаймыз. Бұл - өткен жылдан бергі әйелдер мен қыздардың табанды әрекеттерінің жемісі. Аталған жеңіспен тоқтап қалмаймыз. Енді әйелдердің киім кию үлгісіне байланысты тиымдарға қарсы күресімізді жалғастырамыз.

Әйелдер барлық қоғамдық жерлерге еркін кіре алуы және олардың хұқы қорғалуы тиіс. Қазіргі тәртіп бойынша, әйелдер күйеулерінің рұқсатынсыз сапарға шыға алмайды. Сондай-ақ, университеттер мен ғылыми орындарға және кафе сияқты көңіл көтеретін қоғамдық жерлерге қыздар мен әйелдер оңайлықпен ене алмайды. Осы бөлінушіліктің өзі ерлер мен әйелдердің қоғамдық орындарды бірдей дәрежеде пайдалана алмайтындығын көрсетіп отыр. Иранда кейбір орындарға “Тек ерлер үшін” деген арнайы белгі жазып қояды. Өткен күндерде әйелдер киімі жөнінде ханымдар талабына орай жүргізілген саясат мысық пен тышқанның ойынын еске түсіргендей. Осылайша әйелдер киімі деген мәселеден бастап қоғамдық орындарға бара алу сауалдарына байланысты біздің бірнеше талаптарымыз болып отыр.

- Әйелдердің тең хұқықтығы жолында осы жеңістер сізді және басқа да белсенді әйелдерді қанаттандыра түскен болар?

- Бұл жетістіктер президенттің демократ болғандығынан емес, әйелдердің табандылығы арқасында мүмкін болып отыр. Басынан бастап біздің мақсатымыз тек стадиондарға ену ғана болған жоқ. Сондай-ақ көпшілік, қоғамдық жерлерге әйелдердің еркін кіруіне қол жеткізуге тырысудамыз. Ислам республикасы заңдарына сәйкес бұл орындар тек ерлер үшін ғана болып келді. Енді біз барлық Иран әйелдерінің тең хұқықты болуына қол жеткізбекшіміз.

- Алдағы алғашқы футбол ойынын стадионда тамашалайсыздар ма?

- Жеңісімізді паш ету үшін біз бәріміз де ол ойынға қатысуды жоспарлаудамыз. Президенттің бұл жарлығы жарияланбас бұрын шетелдерде тұрып жатқан Иран әйелдері арасында ынтымақтастық орнатуды ойластыраған болатынбыз. Әсіресе Германияда маусым-шілде айында болатын Әлем кубогына шетелдегі иран әйелдері қатысып, Иранның ішіндегі әйелдерге стадиондарға бару хұқы берілуін талап етіп ұрандататын болған еді. Одан бұрын міне президенттің осы бұйрығы жарияланып отыр ғой.
XS
SM
MD
LG