Accessibility links

Иран Біріккен Ұлттар Ұйымына құлақ асатын емес


Иран президенті Махмұд Ақмединижат баспасөз-мәслихатын өткізіп, Иран ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсатқа арналған, халықаралық қауымдастықтың күдіктенуіне негіз жоқ деп мәлімдеді. Халықаралық Атом энергетика агенттігі 28 сәуірде Иран ядролық бағдарламасы жайында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тағы есеп беру керек. Міне осы мәжіліске санаулы күн қалғанда Иран Қауіпсіздік Кеңесінің талабына көнуге ниет танытпай отыр, Иран уран байыту жұмысын тоқтататын емес.

Махмұд Ақмединижат ядролық бағдарламамыз жалғаса береді, халықаралық қауымдастықтың шара қолдануға негізі жоқ деді. Осылайша ол елінің қарамақайшы ядролық бағдарламасы жайында айтқан сөздерін қайталады. Махмұд Ақмединижат Қауіпсіздік Кеңесінің Иран жайында шығарған қаулысы қате, Қауіпсіздік Кеңесі осы қатесін түзетсе жөн, біз сосын ғана келіссөзге барамыз деді:

- Ресми жариялағанымдай, Иран ядролық ел болып табылады. Уран байыту технологиясын білеміз. Біз оны энергетика, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында бейбіт мақсатта пайдаланатын боламыз. Кәсіпорындарымызда Халықаралық Атом энергетика агенттігінің бейнекамералары қойылған, олар барлық жұмысты түсіріп жатыр, инспекция жүргізе алады.

Махмұд Ақмединижат осылайша Иран ядролық бағдарламасын тоқтату бос шаруа, мұны талап еткен мемлекеттер нақты жағдайға көніп, Иранға қарсы шектеу шараларын орната қоймайды деді. Қауіпсіздік Кеңесі Иран уран байытуын тоқтатсын, Халықаралық Атом энергетика агенттігімен қарым-қатынасын жақсартсын деп үндеу айтқан болатын. Иран халықаралық қауымдастықтың үндеуіне қаншалықты құлақ асқаны Қауіпсіздік Кеңесінде 28 сәуірде қаралмақ. Дегенмен, Иран үндеуге құлақ аспақ түгіл, Иран тарапына сын айтудың өзі артық деп отыр.

Ал енді Иран басшыларының бұдан да тың мәлімдемелерін айтсам Иран ядролық бағдарламасы жайындағы бас елшісі Әли Лариджани елімізге қарсы санкциялар орнатылатын болса Халықаралық Атом энергетика агенттігімен қарым-қатынасымызды үземіз деп айтты бүгін. Әли Лариджани бүгін ел астанасы Тегеранда баспасөз-мәслихатын өткізді. Онда ол Иран әскери шабуылға тап болса – ядролық бағдарламамызды халықаралық бақылаудан шығарамыз деп ескертті.

АҚШ сыртқы істер министрі Кондолиза Райс Иранның жаңа мәлімдемесіне бүгін Грекия сапарында жүргенде пікір білдірді. Кондолиза Райс Афин қаласында баспасөз-мәслихатын өткізгенде Иран басшылығы өз елін одан ары оқшауландырып отыр деді:

- Иран үкіметі бейбіт мақсатта ядролық энергетиканы дамытқымыз келеді дейді. Иранның мұған құқы бар. Бірақ Иранның бұрыңғы кезеңдерде іс-қимылдарына қарасаңыз, Иран бейбіт ядролық энергетикасын дамытып отырмыз деген желеумен ядролық қару технологиясына қол жеткізіп алуы мүмкін.

АҚШ президенті Джордж Буш өткен аптада Қытай президенті Ху Дзинтаоны қонақ қылған. Тараптар Иран ядролық мәселесін де талқылаған. Джордж Буш Иран халықаралық қауіпсіздікке қауіп төндіріп тұр деп танылғанын қалаймыз деді. Екі ел басшылары 20 сәуірде Вашингтонда баспасөз-мәслихаттарын өткізген. Дегенмен, Қытай президенті АҚШ президентінің ұсынысын қолдамады. Ху Дзинтао Иран мәселесін дипломатиялық жолмен шешкен жөн, Америка Құрама Штаттарымен осы бағытта істеуге дайынбыз деп қысқа қайырды.

Қытай осы ұстанымын бүгін тағы қайталады. Қытай сыртқы істер министрлігі Иран ядролық бағдарлама мәселесін келіссөз арқылы шешкен жөн деп айтты. Қытай бүгінгі мәлімдемесінде барлық тарапты келісім табу ниетіне шақырды, халықаралық қауымдастық Иран мәселесін бейбіт жолмен шеше алатын мүмкіншіліктерін орта жолда тастамасын деп үндеу айтты. Мұндай бағытты Ресей де ұстанып отыр.
XS
SM
MD
LG