Accessibility links

Сәуірдің 27 күні Алматыда джаз фестивалі басталады


Осымен бесінші рет ұйымдастырылатын бұл фестивальға қазақстандық, қырғызстандық, американдық және африкандық музыканттар қатысады деп күтіліп отыр. Фестивальға келген музыканттар бар өнерін сахнада ғана көрсетпейді,сонымен қатар олар болашақ әріптестеріне дәріс береді.

Сәуірдің 27-30 аралығында алматылықтар мен қала қонақтары джаз жұлдыздарының өнерін тамашалай алады. Бұл жолы фестивальға алғаш рет Оңтүстік Африка музыканттары келмекші екен.

“Бізге де фестивальды ұйымдастыру қиынға соқты, бірақ біз барлығына үлгердік. Қатысамын деген азаматтар өздерінің келетіндіктерін жеткізді,”- деді сейсенбі күні Алматыдағы Жастар джаз орталығының директоры Тагир Зарипов.

Ал оңтүстік Африкадан келген музыкант Дон Лака фестиваль барысында қазақстандықтарға африкалық, американдық және еуропалық негізіндегі үйлесімділікті көрсеткісі келетінін айтты. Биылғы болатын джаз фестиваліне әрдайым қобыз тартып, музыкамен шұғылданып жүрген қазақстандық музыкант Ғазиза Ғабдрахимова да қатысқалы отыр.

«Себебі, маған ұнайды джаз. Жалпы, джазды орындау - оңай шаруа емес, өйткені ол орындаушыдан үлкен кәсіби дайындықты талап етеді. Мәселен, мектеп оқушысына джаз орындау өте қиын деп ойлаймын. Мысалы, мен мектепті аяқтадым, консерваторияны тәмамдадым, сахнада жүрдім, бірақ джазға келу үшін көп білу керек, көп естіп, түсіну қажет. Ол жаттап алған шығармадан келмейді, оны адам жанымен сезінуі керек, сонда ғана джазға еніп, қосылып орындауға болады. Сол себептен мен өзімді осы жағынан да байқап көргім келді», - дейді Ғазиза.

Соңғы бес жыл бойы ұйымдастырылып келе жатқан бұл фестивальдің арқасында, ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақстандықтар джаз музыкасын түсіне бастаған. Кейбір жағдайларда азаматтар джаз музыкасын мейрамханаларда тыңдағысы келеді екен.

“Бұл джаз музыкасына деген сұраныстың арта бастағандығының белгісі”, - дейді ұйымдастырушылар.

Ал музыкант маман Ғазиза Ғабдрахимованың ойынша, қазақстандық мамандар бұл салада өз жетістіктерін көрсетіп те үлгерген.

“Біз өткен жылдың желтоқсанында Германияның жеті қаласын араладық және осы бағытта біз арнайы бағдарлама әзірледік. Неміс халқы бізді өте жақсы қабылдады, себебі, қазақ өнері дегенде олар тек фольклор деп ойлайды. Ал біз бұл өнерді джазбен араластырып апарғанда, оларға бұл түсінікті әрі оларға жақын болды. Сондықтан бұл өнерге сұраныс бар деп ойлаймын. Сонымен қатар, менің пікірімше, бұл тек басы ғана. Егер осы өнерді одан әрі дамытсақ, онда әлемнің үлкен сахналарына шығуға болады”, - дейді музыкант маман Ғазиза Ғабдрахимова.

Джаз фестивалі аясында қонаққа келген музыканттар жас әріптестеріне дәріс береді. Сонымен қатар, ұйымдастырушылардың айтуынша, осы арқылы музыканттардың бір-бірімен пікір және тәжірибе алмасуға мүмкіндік пайда болады.
XS
SM
MD
LG