Accessibility links

Қазақстан билігі оппозиция қайраткерлерін елден шығармай отыр

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

25-ші көкекте Брюссельде болатын Еуропалық Одақ отырысына арнайы шақырылған Қазақстан оппозиционерлері Ғалымжан Жақиянов пен Болат Әбілов ол жиынға қатыса алмайтын болды. Себебі, 24-ші көкекте Алматы әуежайында шекара қызметкерлері «арнайы рұқсат болмаса сіздің шет елге шығуға құқығыңыз жоқ» деген себеппен Ғалымжан Жақияновтың Брюссельге ұшуына тосқауыл қойса, Болат Әбілов Қарағанды қаласында өзінің үстінен өткен аптада қылмыстық іс қозғалуына байланысты «ешқайда кетпейтіндігі» туралы қолхатпен босатылыпты.

Ғалымжан Жақиянов мырза биліктің бұл әрекеті Конституцияға қарсы деп, сотқа жүгінетінін айтып отыр. Десе де, Брюссельге Қазақстаннан Жармахан Тұяқбай бастаған бір топ оппозиция өкілдері кетіпті. Брюссельдегі Еуропалық одақ өкілдерінің 25-ші көкекке жоспарланған отырысына кейбір Қазақстан оппозиционерлері жіберілмейтін болыпты деген ақпаратты алысымен Болат Әбілов мырзамен байланысқан едік.

«Ертең Брюссельде Еуроодақтың Қазақстанның ішкі саяси жағдайын талқылайтын үлкен жиналысы болады. Соған Қазақстаннан оппозицияның бірқатар мүшелері шақырылған едік, бірақ өткен аптада менің адресім, телефоным, жұмыс орным белгілі болса да заң орындары тарапынан маған «іздеу» жарияланыпты», - деді Б.Әбілов.

Әбілов мырза өзінің үстінен кенет қозғалып отырған істің мән-жайын былай деп түсіндірді:

«Өткен жылы маусым айында оппозицияның өкілдері – Жармахан Тұяқбай, Серікболсын Әбділдин және мен Қарағанды облысындағы Ақтау поселкесінің тұрғындарымен кездесу барысында сондағы милиция өкілдерімен кішкентай кикілжіңге барып қалып едік. Енді одан бері тоғыз ай өткен соң, сол оқиға бойынша менің үстімнен кеше екі қылмыстық іс ашып, мені сотқа тартпақ болып жатыр. Сондықтан мен Қарағанды сотында кеше он екі сағат тергеуде болған соң, олар менен ешқайда кетпейтінім туралы қолхат алып босатты. Ал тағылып отырған айыптар – «қызмет бабындағы тұлғаға күш көрсету, ар-ожданына нұқсан келтіру» деп аталып, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген». Қазақстан оппозиция қайраткерлерінің тағы бірі, жақында ғана түрмеден босатылған Ғалымжан Жақиянов мырза да Брюссельге бара алмайтын болды.

«Мені алатын болсақ , түрмеден шыққалы бері 4-5 рет шетелге шыққанда да, ел ішінде жүргенде де, бірде бір рет мені тоқтатып, әуежайдан не басқа жерден қайтарған жоқ болатын. Ал бүгінгі әуежайдағы оқиғада сол жердегі офицерлер мені «арнайы рұқсат қағаз керек» деген сылтаумен мені жібермеді», - дейді Жақиянов.

Сондай-ақ ол шекарашылардың әрекетін заңсыз деп бағалап отыр.

«Павлодар сотының шешімі бойынша менің еркін ары-бері жүріп тұруыма құқығым бар екені көрсетілген. Ал бүгінгі жағдайда ешбір адам дұрыс түсініктеме бере алмады. Шекарашылар «бізге жоғары жақтан сондай нұсқау келді, сондықтан біз сізді шығара алмаймыз» дегеннен басқа ештеме айта алмады. Бұл жерде заң бұзылып отыр, сондықтан біз заңды түрде мына қызметкерлердің әрекеттерін сотқа беріп, басқа да жерлерде осы әңгімені көтермекпіз», - деді Жақиянов мырза.

Біз осы мәселеге байланысты Алматы әуежайының шекара қызметіне хабарласқанмызбен, олар сөз бұйдамен, бір-біріне сілтеп, еш мардымды түсініктеме бермеді. Жақиянов мырза болса «билік біздің Еуропалық одақ отырысында айтпақ ойларымыздан қорықты» деп отыр.

«Біз Брюссельде елдегі азаматтарымыздың құқығы, еркіндігі, азаттығы, жалпы саяси жүйе туралы, өткенде ғана әділетсіз өткен сайлау жөнінде, сөз бостандығы туралы мәселелер көтермекші едік. Оның ішінде ең бастысы – Алтынбек Сәрсенбайұлының қылмыстық ісі әлі жөнді зерттелмей, баяу жүргізіліп жатқанына өзіміздің наразылығымызды айтайық деген болатынбыз. Осы мәселелерді көтере ме деп күдіктенген билік бізді шетелге шығармады», - дейді Ғалымжан Жақиянов.

Қазақстан шекарашылардың елдегі кейбір оппозиция мүшелерін шетелге шығармай қоюы бұл бірінші рет емес. Бұдан бірнеше жыл бұрын Қазақстандағы саяси жағдайға қатысты жиынға шетелдік ұйымдардың шақыруымен бармақшы болған оппозиция мүшелері Әміржан Қосанов пен Ермұрат Бапи мырзалар да Алматы әуежайында әртүрлі себептермен ұсталып, шетелге шығарылмай қойған болатын.
XS
SM
MD
LG